Мереке

Құрбан айтты мерекеледі

Күллі мұсылман әлемі ғасырлар бойы тойлап келе жатқан қасиетті Құрбан айт мерекесінің бірінші күні биыл 9 шілдеге дөп келді.

Бұл мереке айт намазымен басталатыны белгілі. Ертеңгілік облыстардағы мешіттерде айт намазына 30 мыңнан астам адам қатысты.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі айт намазынан кейін, жиналғандар  облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының уағызы мен құттықтауын тыңдады.

— Бұл мереке — мейірім мен шапағаттың, ізгілік пен жомарттықтың қазығы, қоғамның рухани-адамгершілік негізін нығайтуға ықпал етеді. Құрбан айт ұлттар мен ұлыстарды игілікке, бірлікке, мейірім мен кешірімге үндейді. Айт — ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын мейрам. Осынау айтулы күндерде жүрегіне иман ұялаған әрбір адам жақсы істер жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады. Дұға-тілектеріміз бенізгі амалдарымыз және шалған құрбандықтарымыз қабыл болсын!— деді бас имам.

Бұл күндері облыстағы барлық мешітте ұлттық нақыштағы іс-шаралар ұйымдастырылып, ақсақалдарға, ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді. Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тай жарыс, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, аударыспақ, өгіз тартыс, қой көтеру, арқан тартыс, жебе тарту, асық ату секілді ұлттық ойындар түрлерінен жарыстар өтіп, үздіктер түрлі марапатқа ие болды. Мысалы, тай жарысына 170 мың теңге қаржы бөлініп, жарысқа он тай қосылыпты. Ал арнайы тігілген киіз үйлерде айттық дастарқан жайылды. Балаларға да арнайы ойын ұйымдастырылып, айттық үлестірілді.

Сондай-ақ облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен «Ихсан» орталығының ұйымдастыруымен жамағат арасында «Адамзаттың асыл тәжі» атты зияткерлік жарыс өтті. Оның қорытындысында І орынды Берік Шаяхметов жеңіп алса, ІІ орынды — Ермек Сыймағамбетов, ІІІ орынды Жаңабай Аманбай иеленді. Оларға бағалы сыйлықтар табысталды. Одан өзге екінше кезеңге өткен 7 қатысушыға 10 мың теңге көлемінде қаржылай ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Мерекелік шаралар үш күнге созылды.

Сонымен бірге мерекенің алғашқы екі күнінде облыста шалынған құрбан малының есебінен 2964 отбасыға 20 тоннаға жуық ет үлестірілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған «QURBAN-2022» акциясы аясындағы бұл қайырымдылық шараларына мешіт қызметкерлерімен қатар, жергілікті билік, жомарт жандар және еріктілер тобы атсалысты.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button