Әлеумет

Ертеңгі егін. Бүгінгі болжам

Үш жылдан бері еңбектері далаға кеткен диқандар биыл тағы да бақтарын сынап көрмек. Қар ери бастасымен, егіншілер техникасын майлап, тұқымын сайлап жатыр. Биыл егін бітік шығады деген болжамдар да жоқ емес. Мәліметтерге сенер болсақ, кешіккен көктемнің жауын-шашыны мол болатын түрі бар. Оның үстіне былтырғымен салыстырғанда қар да тығыз болды. Мұның бәрі жерге сіңген ылғалдың көп екендігін аңғартады.

Биылғы егіннің өнімді болатыны  жайында жоғарғы жақтағылар да өз болжамдарын айтуда. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың сөзі  қоян жылында егіннің бітік болатынына сендіріп отыр. «Қазгидрометтің» мәліметіне сүйенген министр егіс науқаны қарсаңында топырақтың ылғалы қанағат­танарлық деңгейде болатынын алға тартады. «Топырақтың жоғары қабатындағы күзгі ылғал қоры мен қыста түскен қар деңгейі көптеген егін егетін өңірлерде қанағаттанарлық  деп болжауға мүмкіндік береді», — дейді А. Күрішбаев.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев те министрдің сөзін қостап отыр. «Көрсеткішке көз салсақ, қыс бойғы қордаланған су қоры жеткілікті, ол орташа көпжылдық деңгейде. Шығыста, тіпті қар күйіндегі су қоры 200 миллиметрге жетеді. Сондықтан топырақтың ылғалдану жағдайы жақсы дәрежеде деп ойлаймыз», — деді вице-премьер жақында өткен жиында.

Болжамшылар да биылғы көктемнің шаруаға ыңғайлы болатынын айтып отыр. Мәселен, белгілі болжамшы  Назарбек Қожамсейіт баспасөзге берген сұхбаттарында наурыз айында салқын, боранды күндердің жиі кездесетіндігін мәлімдеген. «Наурыз мерекесін жаурап қарсы алуымыз мүмкін. Ал 27-31 наурыз күндері қара суық болады. Осы күндері оңтүстікте қар жауып, боран соғуы ықтимал. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биыл сәуір мен мамырда да күн салқын болады. Бұл айларда жаңбыр көп жауады.  Жерге ылғал мол түскендіктен, шөп жақсы өседі, мал тойынады. Жалпы айтқанда, көктем елімізге береке мен молшылық әкеледі», — дейді ол. Ал шымкенттік жорамалшы Нұрғабыл Қозыбай биыл елімізде жаңбырдың көп жауатындығын айтады. «Жауын тіпті біз күткендегіден көп болуы мүмкін. Жаз мезгілінде де, тіпті шілде айында да жаңбыр мол жауады. Шаруаларға айтарым, биыл егінді ойланбай егу керек. Бидай мен мақсарының бітік шығатын жылы», — дейді жорамалшы.

Көкөніске көңіл бөлек

Биыл республика бойынша егіс алқабының көлемі 21,3 млн. гектарды құрамақ. Оның 16,5 млн. гектары дәнді және 1,7 млн. гектары майлы дақылдар. Бұл ретте дәнді жемдік және дәнді бұршақты дақылдардың егіс алқабы 94 млн. гектарға ұлғайтылады. Ал жем-шөп дақылдары себілетін жердің көлемі — 95 мың гектарға, көкөністер егілетін алқап — 2,5 мың гектарға, қант қызылшасы отырғызылатын алқап 1,7 мың гектарға артпақ.

Ал біздің облыс диқандарының «аузы күйген үрлеп ішердің» кебін киіп отырған жайы бар.  Биылғы егін алқабы өткен жылғымен салыстырғанда  226,6 мың гектарға аз. Былтыр 732 мың гектар жерге дән сепкен болсақ, осы жылы  505,0 мың гектар жерге ғана дәнді дақылдар егу жоспарланып отыр. Есесіне,  майлы дақылдар мен бау-бақша өнімдерінің үлесі артқан.

Егін салуға бел буып отырған облыс егіншілеріне бас-аяғы 53,8 мың тонна  тұқым керек. Бүгінде оның тек 24,9 мың тоннасы ғана қолда бар. Ал қалғанын тауып беру тиісті мекемелердің  еншісіндегі шаруа. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 1000,0 млн. теңге бөлінген. Ол «Ақтөбе-Агросервис» ЖШС арқылы берілетін болады. Сондай-ақ ерекше тұқым дайындаумен айналысатын шаруаларды қолдау мақсатында, субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен 28,1 млн. теңге қарастырылған.

Өткен жылдардағы көкөніс тапшылығын ескере отырып, биыл картоп пен басқа да көкөніс өнімдерін молырақ егу көзделіп отыр.  Бұл бірінші кезекте  облыс халқын арзан өніммен қамтамасыз етуге көмегін тигізуі тиіс. Осы мәселені қатаң бақылауға алған облыс әкімдігі аудандарға көкөніс көлемін 10,0 пайызға арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, өнімдерді қысқа сақтау механизмін  ойластыру керек. Ақтөбе қаласы мен аудандардағы көкөніс өндірушілерге қысқа кем  дегенде 15,0-20,0 мың тонна картоп пен көкөніс азығын сақтау тапсырылды.

Техника мен жағармай

Өткен жылы облыста ауылшаруашылық техникасы базасын жаңалауға 787,4 млн. теңге жұмсалған. Оған 4  егіс кешені, 21 трактор, және басқа да 31 техника сатып алынған. Бүгінде техника көктемгі егінге сақадай сай деуге болады.

Диқандарды жанармаймен қамту мәселесі де қарастырылып жатыр. Көктемгі егіске  10,0 мың тонна жанар-жағармай қажет. Қазірде оны арзан бағамен алу көздері қарастырылып жатыр.  Мұнай және газ министрлігінің белгілеген бағасы бойынша,  жағармайдың бір тоннасы — 70000 теңге. Ал оның бізге  әкеліп сатылғандағы құны литріне 68,11 теңгеден келеді екен.

Шаруаларға қолдау бар

Биыл Елбасы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға аса мән бергені белгілі. Соған сәйкес, егін шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге несие алудың түрлі жолдары қарастырылған. Соның бірнешеуі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, «Егінжай»  бағдарламасы бойынша,  3 миллион теңге 2 жылға несиеге беріледі. Бұл қаржы егін егуге қажетті тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш секілді  тауарларды алуға жұмсалады.

Ал шағын несие беретін ұйымдар ауылдықтарға басында 130 мың, кейін 400 мың теңгеден несие бере бастады. Ал қазір 9,5 пайызбен 3 жыл мерзімге 1 миллион теңгеге дейін несие бере алады. Бұл қаржы  негізінен мал шаруашылығы мен бау-бақшамен айналысатындарға  беріледі. Несиені тікелей «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы да алуға болады.

Жалпы алғанда, көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы өткізу үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар барлық жағдайды жасамақ. Атап айтар болсақ, өсімдік шаруашылығын субсидиялау ережелері бекітілген. Мәселен, «ҚазАгро» холдингі арқылы шамамен 78 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Былтыр пайыздық мөлшерлеме 12 пайыз болса, биыл 8 пайызды құрайды.

Айта кетерлігі, жыл сайын науқан барысында құбылып шыға келетін баға мәселесі де орынды шешімін табатын тәрізді. Мәселен, егіс жұмыстары үшін мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынының 1 литрі 58-59 теңгемен жіберілетін болады. Арадағы жеткізуші оператордың үстемесін қосқанда, жағармайдың 1 литрін диқандар 68-69 теңгеден алады. Бұл ретте шекті баға ішкі нарықтағы бағаның ауытқу деңгейіне қарамастан, көктемгі дала жұмыстарының барлық кезеңінде, яғни наурыз айынан мамыр айына дейін сақталатын болады.

Сөйтіп, көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізуге әзірлік жан-жақты қамтылып отыр. Ендігі мақсат — қабылданған шешімдерді дер кезінде орындап, егіс науқанын оңтайлы өткізу.

Айта кетерлік тағы бір мәселе, биыл ұсақ шаруашылықтарды несиелендіру үшін егіс науқанын микрокредиттік ұйымдар арқылы қаржыландырудың қосымша тетігі енгізілетін болады. Бұл мақсатқа 2 млрд. теңге бағыттау көзделіпті. Жалпы, мемлекет бюджетінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге берілетін жеңілдетілген несиелердің қайтарымы болуы тиіс. Бұл, ең алдымен, елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне септігін тигізіп, осы саладағы тауарлардың арзандауына жол ашуы шарт.

«Биыл да егін егемін»

Нәпақасын жерден тауып отырған диқандар қауымы биыл да егін салудан бас тартпайды.  Әйтеке би ауданына қарасты «Мақсат» шаруа қожалығы 2002 жылдан бері егін егумен айналысып келеді. Қожалық иесі Мұрат Тілесов  биыл да жерге дән себуді жоспарлап отыр.  290 гектар жерге  бидай, 100 гектар жерге арпа сеппек.

— Былтыр егін шықпай қалды. Ендеше шықпағанның өзінде, кем дегенде гектарына 2 центнерден өнім алатын едік. Былтырғы жылы шықпай қалған егініміз үшін үкіметтен субсидия және сақтандыру қорынан өтемақы алдық. Биыл ылғал  молдау деп естідім. Көктемгі егіске дайындалып жатырмыз. Дала жұмыстары кезінде жанар-жағармайды аудан әкімдігінен  арзандатылған бағамен береді. Болмаса, өзіміз сатып аламыз. Жер жыртып, дән себетін 2 тракторым бар. Тұқымды көбіне Қостанайдан әкелемін. Бірақ биыл өзімдегі бар тұқымды пайдаланбақпын. Одан өзге  шөп шабумен, мал өсірумен айналысамын. Шаруашылықты алғаш бастаған кезде несие алып жүрдім.

Егін шықсын, шықпасын, жылда егемін. Бірде ұтамыз, бірде ұтыламыз. Ең құрығанда, малға азық жинауымыз керек, — дейді Мұрат Мақсатұлы.

Р.S. Диқандарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Биыл табиғат та оң қабақ таныта қояр деп күтеміз. Онсыз да шаршап жүрген шаруалардың айы оңынан туатын күн алыс емес. Нан болса, ән болады…

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button