Мәдениет

ЕЛОРДА БЕЛЕСТЕРІ — ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ЖАРҚЫН БЕТТЕРІ

Фотокөрме

4 шілдеде облыстық тарихи-өлкетану музейінде Астана күніне арналған «Елорданың жарқын белестері» атты фотокөрме ашылды.

Көрме музей қорындағы суреттерден жасақталған. Мұнда Қазақстан астанасының бүгінгі ғажап келбетін паш ететін фотосуреттер топтастырылыпты.

— 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды. Ал 1998 жылы 10 маусымда жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Сол тарихи сәттен бастап бұрын облыс орталығы болған қаланың келбеті адам танымастай өзгерді. Бүгінде астанамыз миллионнан астам тұрғыны бар ғажап қалаға айналды. Көрме елорданың соңғы 20 жылдан астам уақыт ішіндегі жаңалықтарын, өзгерістерін паш етеді. Фотосуреттерден басқа, астана тарихы баяндалатын 7 кітап та келушілер назарына ұсынылды, — дейді музейдің жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Сағымбек Ұлықпанов.

Кітаптар да музей қорынан алынған. Олардың кейбірінен қаланың ертеректегі суреттерін де көруге болады.

Бүгінде жаңа кейіпке енген астанамыз еліміздің мақтанышына, әлемге танылған қалаға айналды. Астана құрылысы барысында бір жыл ішінде 60-100 шамасында орта және ірі нысанның пайдалануға берілген кездері де болған екен.

Музейдегі көрме бір аптаға жалғасады.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button