Мереке

Елорда күні тойланды

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта астана күніне орай «Қазағымның жерұйығы — елорда» атты мерекелік шара өтті.

Қаланың шығармашылық ұжымдары жұртшылыққа екі бөлімнен тұратын тамаша концерттік бағдарлама ұсынды.

Бірінші бөлімде Гүлім Серік, Дильнара Мусина, Жанерке Абдрахманова, Аяулым Сабыр секілді қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары елордамыз жайлы лирикалық әндер шырқаса, келесі бөлімде жастар жағы заманауи бағытта би биледі.

Сондай-ақ қазақ эстрадасының жас өнерпаздары Еркеш Хасен мен Айбек Жағыппар Отан, туған жер туралы әндер орындап, жиналғандардың көңілін көтерді.

Көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында Қазақстанның тарихы және Нұр-Сұлтан қаласы туралы викториналық сұрақтар қойылды.

Концертке келгендер жүрекжарды тілектерін де жеткізді.

Аз уақыттың ішінде елордамыз өсіп, өркен жайып келеді. Оған Нұр-Сұлтан қаласындағы балаларымызға қыдырып барған сайын куә болып отырмыз. Ерекше нысандары мен зәулім ғимараттарына тамсана қараймыз.

Бүгінгі мерекеге отбасымызбен шығып, қызықты шараларды тамашаладық. Қаламыздың гүлденіп, дамып келе жатқаны қуантады. Елорда күні мерекесі құтты болсын!, — дейді қала тұрғыны Алмас Сағындық.

 А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button