Әлеумет

«Арай» бағдарламасы үш ауданда

Елбасымыз күн тәртібінде жиі қозғап жүрген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісі біздің өңірімізде өткен жылдан бастап «Арай» әлеуметтік серіктестігі бағдарламасы арқылы өмірге енді.

2010 жыл басталысымен-ақ көп ұзамай, яғни ақпан айында  ресейлік «Лукойл» компаниясының атсалысуымен «Арай» әлеуметтік бағдарламасы бірінші болып Мұғалжар ауданында бастау алды. Расын айту керек, алғашында оған күмәнмен қараушылар аз болған жоқ. Өйткені осы кезге дейін талай несиелерден аузы күйіп, әртүрлі анықтамалар алу үшін сансыз мекемелердің табалдырығын қырық қайтара тоздырған, құжат дайындаумен күн өткізген тұрғындар көктен түскендей болған оңай олжаға қалай сенсін?!

— Бұл бағдарлама бұрын Маңғыстау облысында жүзеге асырылғандықтан, біз оның нәтижелерін, берер пайдасын алдын ала пайымдап біліп алдық, оның үстіне облыс әкімі Елеусін Сағындықов жобаның енгізілуіне қолдау білдірді, — дейді Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов, — ол ең алдымен ауыл тұрғындарының өз бизнесін ашуын көздейді. 850 мың теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар береді екен. Содан кейін жұртшылық арасында кеңінен түсінік жұмыстарын жүргіздік, құжат дайындауға, басқа да шаруаларға байланысты көмегімізді олардан аяған жоқпыз.

Міне, арада өткен бір жыл алғашқы нәтижелерді шығаруға мүмкіндік берді.

«Капитал Плаза» бизнес орталығының конференц-залында осы аптада өткізілген баспасөз конференциясында сол алғашқы қадамдар сарапталып, алда атқарылар шаруалар реттері белгіленді.

Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова ауылдарды көтеру, тұрғындардың кәсіпкерлікпен шұғылдануына қолдау көрсету бағытында жүргізіліп жатқан шараларға қысқаша тоқтала келіп, биыл екінші жылға қадам басқан «Арай» бағдарламасының игі жетістіктерге із ашып отырғанын айтты.

«ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Б.В.» филиалы бас директорының орынбасары Владислав Михайлов жалпы кәсіпорынның жұмысы туралы баяндап, өздерінің аталған бағдарламаға қатысты ұстанып отырған бағыттарынан хабардар етті.

Осы жиын барысында былтырғы алғашқы қадам қорытындылары  көпшілікке кеңінен таныстырылды. Мәселен,  Мұғалжар ауданының 420 тұрғыны бастапқы хабарламадан соң жалпы  өз жобаларын тапсырыпты.  Комиссия өтініштерді таразылап қарап, олардың ішінен жалпы сомасы 45 млн. теңге болатын 57 жобаны жеңімпаз деп тапқан.

Соның нәтижесінде, қазіргі уақытта аудан бойынша 8 тігін шеберханасы, 6 шаштараз, 4 аяқ киім шеберханасы, 6 шағын наубайхана, 4 мал шаруашылығы орны, 3 спорт, 3 би, домбыра үйірмелері, 3 жылыжай, 2 дөңгелек жөндеу орталығы, 2 техникалық қызмет көрсету орны, 2 дәнекерлеу бригадасы, 2 тауық өсіретін ферма, 2 ағаш шеберханасы, 2 фотосалон және бір-бірден сәндік, денсаулық салондары, шөп дайындайтын бригада, шошқа өсірушілер, жиһаз жасаушылар, компьютерлік орталық пайда болды. Егер әлеуметтік топтарына қарай жіктейтін болсақ, осы елу жеті жеңімпаздың ішінде 8-і жастар, 5-і мүмкіндігі шектеулі жандар.

Атаулы бағдарламаның жүзеге асуында өзіндік орны бар «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Андрей Решетнев өзі басқаратын ұжымның тыныс-тіршілігі жөнінде де қысқаша айтып өтті.

«Қазақойл Ақтөбе» — біздің облысындағы Әлібекмола мен Қожасай мұнай-газ конденсатты кен орындарын игеруші жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып табылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы мен Caspian Investments Resources Ltd («ЛУКОЙЛ Оверсиз» біріккен кәсіпорны және Mittal Investments) ЖШС-ға қатысушылар болып табылады.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС осы өңірдегі мұнай-газ өндіру секторының ірі компанияларының бірінен саналады, ол мұнай өндіру саласындағы көшбасшылардың қатарында жоғары әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілігімен біраз беделге ие болуда.

Жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісім-шартқа сәйкес біздің облысымыздың әлеуметтік қорына 1999-2008 жылдар аралығындағы кезеңде ғана 500 миллион теңгеге жуық қаражат аударылған.

Қайырымдылық пен демеушілік бұл серіктестіктің әлеуметтік бағдарламасы аясындағы басым бағыттар болып есептеледі. Компания денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мекемелеріне үнемі демеушілік көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ жетім балаларды, дарынды жастарды, спорт саңлақтары мен ардагер ақсақалдарды да назардан тыс қалдырмауы — өзі тектес компанияларға үлгі болар жайт.

Тұрғындардың тіршілігі үшін қолайлы ортаны қалыптастыруды компания өз қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі деп түсінеді. Өндірістің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту және өңір тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мақсатында 2006 жылы әзірленіп, бекітілген ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жоспарланған жаңа нысандар іске қосылғанда «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС ілеспе газды кәдеге жарату проблемасын толықтай шешіп, өңірді сұйытылған газбен және отын газымен қамтамасыз ете алады.

Аталған бағдарламаның аясында «ЛУКОЙЛ» компаниясы өзіне ерікті түрде ЛУКОЙЛ тобы қызмет ететін өңірлердің жергілікті тұрғындарының өміріне ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғам өміріне әлеуметтік-жауапкершілікті қатысу міндеттемелерін қабылдап отыр. Бағдарламаны компания жер қойнауын пайдалану туралы келісім-шарттар бойынша орындалуы міндетті әлеуметтік міндеттемелерден тыс қаржыландырады.

Сонымен, бір жыл не берді? Бұл сұраққа байланысты біз жергілікті билік өкілдерін әңгімеге тартқанбыз.

Жазықбай Алданиязов, Батпақкөл селолық округінің әкімі:

— Біздер мұнай өндіретін мекенмен іргелес тұрамыз. Сондықтан да табиғат байлығын игерушілерден елдің күтері көп. Аталған бағдарлама бойынша гранттардың берілуі бір игі қадам болды.

Бір ғана мысал келтірейін. Арыстанбек Жумин деген азаматымыз осы грант қаржысына он бес баспақ сатып алып өсіруде. Алынған малды қыстан күйлі шығарды, жем-шөбі жеткілікті болды. Алдағы мақсаты мал санын көбейте беру. Ол осы істі бастағаннан кейін шаруаны атқара алатындығына сенімі оянды, қазір қажырлылықпен еңбек етуде.

Күләнді Шолтаева, Құмжарған селолық округінің әкімі:

— Біздің ауылымыздан шыққан алты жеңімпаз да қазір жеке шаруаларын жүргізіп жатыр. Олардың қай-қайсысының қызметіне де сұраныс табылып тұр. Мәселен, Едіге Сұлтанов доңғалақ жөндеу цехын ашып алды. Ауылда жүретін көліктер саны біраз екенін ескерсек, осы бағытта атқаратын жұмыстар жеткілікті. Үсен Жабаев аяқ киім жөндеумен шұғылданады. Оның қызметті сапалы әрі тез атқаратындығына көпшілік ризалық білдіруде. Ал Жасұлан Қалиев дәнекерлеу жұмыстарымен шұғылданады. Ақтоты Болтаева, домбыра үйірмесін ашты.

Биыл да грант алуға талаптанып жатқандар бар. Бірақ олар бұрыннан бар салаларды қайталамай, жаңа кәсіптер түрін ашпақшы.

Әлібек Қалмырзаев, Ақкемер селолық округінің әкімі:

— Біздің ауылдан бұл бағдарламаға байланысты біраз адам өтініш тапсырған еді. Содан алты азамат жеңімпаз атанды. Әрине, қаржы тегін берілді дегенмен, оның да сұрауы бар. Мәселен, тоқсан сайын қаржының жұмсалуы бизнес-жоспардың жүзеге асырылуы қадағаланып отырылады.

Бір қуаныштысы, бізде грантты жеңіп алғандардың бәрі де халыққа қажетті, сұранысқа ие шаруаларды іске асыруда. Мәселен, енді алдағы уақытта ақкемерліктер алыстан жиһаз іздемейді. Өйткені бізде қазіргі заман талабына сай үй жиһаздары жасалатын болды. Өзіміздің шеберлердің өнімдерін қазір жергілікті тұрғындар арнайы тапсырыстар беріп жасата бастады. Әлібек Тәжімбетов деген мүгедек бала өзінің ұсталық талантының қызығын көруде. Берілген грант арқылы жеке шаруасын бастап кеткен ол өз кәсібі арқылы жеке тіршілігін көтеріп келе жатыр.

Гүлмира Алтыбаева инкубатор ісін қолға алды. Сондай-ақ Мирлан Алтыбаев алма бағын өсіруді жоспарлауда. Алдағы уақытта ауылдағы 10 га аймақта алма ағаштары жайқалып тұратындығына, одан мол өнім алынатындығына сенімдіміз.

… Сонымен биылғы жылы «Арай» бағдарламасы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың шешімімен Мұғалжар ауданымен қатар, Байғанин, Темір аудандарында да жүзеге асырылатын болды. Конкурсқа өтінімдер сәуір айы бойы қабылданады.

Баспасөз конференциясында сөз алған аудан әкімдері Бердіхан Кемешов, Бауыржан Қаниевтер бұл шараның ел игілігі үшін қызмет ететіндігін айтып, мұнай компаниялары басшыларына жұртшылық атынан алғыс сезімдерін білдірді.

— «Арай» әлеуметтік серіктестік бағдарламасы 2008 жылы ең үздік қадам ретінде Елбасының «Парыз» сыйлығымен атап өтілді, ал 2009 жылы Қазақстанның Азаматтық форумында бизнес тарапынан жүзеге асырылған ең үздік әлеуметтік жобаретінде «Таным» сыйлығымен марапатталды, — дейді «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Гаухар Борашева.

… Сонымен, биыл үш аудандағы ауыл тұрғындары «Арайдың» шапағатына бөленбекші. Кәсіп етуге ұмтылыңыз, ағайын!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге,еңбек етуге,талпынуға, шығармашылық қабілетін дамытуға жақсы бастама деп ойлаймын. Өзім Байғанин ауданында тұрамын.  Осы бағдарламаға қатысамын және жерлестерімді осы жобаға атсалысуға  шақырамын.
    бұл бағдарлама жұмыс жасай білетін адамдарға  сонымен қатар халықтың әл-әхуалын жақсартуға  беріліп отырған бірден бір мүмкіндік.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button