Мәдениет

Музейдегі түн

Өлкетану

Облыстық Өнер музейінде Музей түні өтті.

Ашылуында атап көрсетілгендей, бұл — облыстық Өнер музейінің туған күніне орай ұйымдастырылған іс-шара. Ақтөбедегі көркемсурет көрме залы 1981 жылдың 2 шілдесінде Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігі көркемсурет көрмелері дирекциясының филиалы ретінде ашылған еді. Облыстық көрме залы, 2006 жылы облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейіне айналды, ал тағы да 6 жылдан соң жаңа ғимаратқа көшіп, атауы да ықшамдалып, облыстық Өнер музейі деген ат алды.

Музей түні шарасының ашылуына облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының қызметкерлері, қолөнер және қылқалам шеберлері, Ақтөбедегі музейлер қызметкерлері, өнерсүйер көпшілік қатысты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Мақсұтова:

— Ақтөбе топырағы таланттарға өте бай. Соның ішінде Қазақстан Суретшілер одағының 30-дан астам мүшесі бар. Олардан бөлек, қолөнер шеберлеріміз де халқымыздың жүздеген жылдан бергі өнерін үзбей, жалғастырып жүр. Облыстық Өнер музейі ақтөбелік суретшілердің, қолөнершілердің басын қосып, олардың жұмыстарын жарыққа шығарып, өнерді бағалай білетін жандармен арадағы алтынкөпір болып келеді. Музей ұжымына алғыс айтамын, — деді.

Сонымен бірге Орынғали Хайруллин, Ерқосай Әбілов, Болат Атыраубаев бастаған бір топ шеберлерге облыстық Өнер музейі атынан Алғыс хаттар табысталды.

Музей түніне орай үлкен залда «Киіз үй» инсталляциясы орнатылып, оның қабырғаларына халқымыздың, өңіріміздің тарихындағы қымбат даталар жазылған. Киіз үйдің ортасындағы шам жарығы арқылы бұл даталар жарқырап көрініп, келушілер назарын аударып тұр. Музей қызметкері Жансая Есенжанқызының айтуынша, мұнда еліміздің Тәуелсіздік алған жылы, Ақтөбе бекінісінің іргетасы қаланған жыл, облыстың 90 жылдығы, облыстық Өнер музейінің құрылған жылы, А.Байтұрсынұлы, Ғ.Мүсірепов, Х.Доспанова, Ә.Өтеген-Тана, басқа да белгілі адамдардың туған жылдары секілді даталар көрсетілген. Киіз үйден әрі кіші залға өткенде, Ақтөбе өңірінің киелі жерлерінің сурет көрмесі алдыңыздан шығады. Бұлар — Қ.Ноғаев, М.Қожағұлов, В.Русановский, А.Еспаев, т.б. суретшілердің қолынан шыққан туындылар.

Музей ғимаратының 2-қабатынан өнерсүйер қауым жазушы Рауль Мир-Хайдаровтың жеке топтамасынан алынған картиналар көрмесі мен фотосуретші Екатерина Узингердің «Балалар — өмірдің гүлі» атты көрмесін тамашалады. Екатеринаның көрмесі күнәсіз періштелер әлемі — титтей сәбилердің фотосуреттерінен тұрады. Бұл көрме еліміздегі биылғы Балалар жылына орайластырылып ұйымдастырылған.

Музей түнінде өткен көрмелердің арасында, әсіресе қолөнершілердің жұмыстары қойылған көрмеге жұрттыңықыласы көбірек ауды. Бұл көрме музей ғимаратының алдына, көшеге қойылғандықтан, сол маңдағы балаларға дейін жиылып, түрлі қолөнер туындыларын ерекше қызықтаумен болды. Балаларда, ересектер де көп аялдаған тұстың бірі — Ләйлә Байғанованың қолынан шыққан кәдесыйлар қойылған үстел. Мұнда қазақы көйлекті қуыршақтар, жұқа жүннен тігілген жылқы, киік, түйе бейнелері, қазақ руларының таңбалары жинақталыпты. Шебердің айтуынша, қуыршақтарды өзі балшықтан илеп жасайды екен. Ал балшықты арнайы тапсырыспен алыс қалалардан алдырады.

— Кейде екі бірдей қуыршақ жасап беріңізші деген тапсырыс түседі. Бірақ ол маған қиынға соғады. Бұл қол жұмысы ғой, сондықтан әр қуыршақ бір-біріне ұқсай бермейді және сонысымен де құнды, — дейді Ләйлә.

Наталья Гуньконың газет түтікшелері, т.б. материалдардан тоқыған бұйымдары да келушілерге қатты ұнады.

— Әр жұмысымды үлкен махаббатпен жасаймын. Қолөнермен айналысу өте ұнайды, оның үстіне көрмелерде көпшілікпен кездесу, оларға өз бұйымдарың туралы әңгімелеу де бір ғанибет. Біз секілді қолөнершілерге осындай мүмкіндік ұсынып отырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Ақтөбеде соңғы уақытта мұндай көрмелер жиі өтеді, соған қуанамыз, — деді Наталья.

Сондай-ақ Музей түнін тамашалаушыларға суретші Энди Уорхол туралы деректі фильм де ұсынылды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button