Мәдениет

Көрмеде — қасиетті қара домбыра

Ұлттық домбыра күні

Ұлттық домбыра күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Үкілі домбыра» атты көрме ұйымдастырылды.

Музей қорында жалпы саны 20-дан астам домбыра болса, солардың 13-і осы көрмеге қойылып отыр. Тағы екеуін — ойылдық шебер К. Жилибаевтың қолынан шыққан сүйектелген домбыра мен белгілі шебер Бақытжан Ділмановқа арнайы тапсырыс беріп жасатылған Қазанғап домбырасының көшірмесін — этнография залының экспозициясынан тамашалауға болады.   

Музейдің қорларды ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі Жаңылған Данабаеваның айтуынша, көрмеге Айса Шәріпов, Балтұрсын Сарыбаева, Бақыт Басығараев, Момын Байғанин сынды халқымыздың күйшілік дәстүрін жалғастырушы шеберлердің домбыралары, домбыра жасаушы белгілі шеберлер — Қарамұқан Басшин, Құтым Қасенов, Ерқосай Әбіловтердің қолынан шыққан домбыралар, сонымен бірге жазушы Үмбетбай Уайдин, генерал Жансен Кереев секілді халқымыздың ардақты перзенттерінің ұстаған домбыралары қойылған.

— Көрмеде облыстық халық шығармашылығы орталығында әр жылдардағы түрлі өнер ұжымдарының мүшелері тартқан төрт домбыра тұр. Олардың бірі — бас домбыра; екіншісі — шіңкілдек домбыра, ал қалған екеуі — үш ішекті домбыра. Осы үш ішекті домбыралардың бірінің беті, біз көріп жүргендей, ағаштан емес, басқа материалдан жасалған, сірә, өңделген тері болса керек. Мұның өзі болашақ зерттеушілер үшін қажет мәлімет деп ойламыз, — деді Жаңылған Данабаева.

Сонымен бірге шағын ғана, сопақша келген шіңкілдек домбыраның бетіне төрт тесік жасалыпты. Бұл да домбыраның үніне әсері бар, әдейі ойластырылып істелген дүние ме — ол жағын зерттеушілер анықтайтын болса керек. Жалпы, бұрынғы шеберлердің қазіргідей көбіне біртекті емес, дыбыс шығаруы, әдемілігі, т.б. жайттарды ескере отырып, сан қилы материалдарды қолданып, алуан түрлі домбыралар жасағанын көреміз.

Көрменің киіз үй экспозициясына қойылуы да келушілерге ерекше әсер етеді. «Үкілі домбыра» көрмесі бір апта жұмыс істейді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button