Денсаулық

Маусым айында екі науқас тіркелді

Брифинг

Коронавирус індетінің таралу жағдайы бойынша облысымыз 12 ақпаннан бері «жасыл» аймақта тұр.

Бұл жөнінде кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Әсия Тіржанованың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Жалпы 2022 жылдың басында өңірімізде осы індетті жұқтырған мыңдаған науқас тіркелген еді, дегенмен наурыз айынан бастап жағдайдың беті бері қарады. Сәуір айында облыста 4 адамның коронавирус індетін жұқтырғаны анықталған, ал мамырда — 3, маусым айында 2 науқас тіркелген.

​​​​Жалпы пандемия басталғалы бергі уақытта облыста осы дертпен ауырғандар саны — 43 911 адам болса, оның ішінде 43 473 адам, яғни науқастардың 99 пайызы жазылып шықты.

30 маусымда COVID-19 инфекциясы бойынша жаңа жағдай тіркелген жоқ.

Дегенмен қазір 3 адам үй карантиніне алынған.

Сондай-ақ облыста 439 715 ​​адам КВИ-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен, ал 430 753 адам толықтай егілген. Ревакцинация жасатқандар саны — 209 435 адам.

15 173 жасөспірім, 6851 жүкті және емізулі баласы бар әйел Pfizer препаратымен толық вакцинация алды.

Мамандардың айтуынша, вакцинация коронавирустық инфекцияның алдын алудың ең тиімді әдісі болып табылады, ал ревакцинация иммунитетті көтереді.

30 маусымда елімізде коронавирус індеті бойынша 189 жаңа жағдай анықталды. Бұл жағдайлар 8 аймақтан анықталып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың арасында біздің облыс жоқ. Алматы қаласынан — 98, Нұр-Сұлтан қаласынан 55 жағдай анықталған. Батыс облыстардан Атырауда 5 жағдай тіркеліп отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button