Мәдениет

Ақтөбеде республикалық вокалистер байқауы өтіп жатыр

Өнер бәйгесі

Ақтөбеде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі, көпшілікке Димаш Құдайбергеннің ұстазы ретінде таныс Марат Әйтімовтің  республикалық «Дауыс» вокалистер байқауы өтіп жатыр. Биыл алғаш рет облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан шараға республиканың түкпір-түкпірінен 17 өнерпаз қатысуда.

Жас әншілер Өнер орталығында өтіп жатқан кең ауқымды бәсекенің жүлделі орындары үшін бақ сынасуда. Жүлде қоры — 1 миллион 500 мың теңге.

Кеше Өнер орталығында арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылып оған байқаудағы қазылар алқасының төрағасы Марат Әйтімов, әнші Алдаберген Жақсыбаев, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиев, облыстық филармония әншісі Жұлдыз Нұрқасымова қатысып, конкурс қатысушыларына сәттілік тіледі. Қазылар алқасының құрамында аталған азаматтардан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Светлана Айтбаева мен танымал джаз, эстрада әншісі, педагог, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Майра Дәулетбақ бар.

— Алдымен бүгінгі ән байқауын ұйымдастырып, жас таланттардың басын қосып жатқан облыс әкімдігіне, облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының ұжымына рақмет айтамын. Сондай-ақ  осы бәсекеге қатысуға ниет білдірген іні-қарындастарыма да алғысым шексіз.

Сахна кез келген шыға беретін орын емес. Соны байқаудың әрбір қатысушысы түсінуі керек, — деген Марат Әйтімов қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл байқаудың нағыз ән мен күйдің мерекесіне айналатынын айтты.

Ережеге сәйкес, сайыс 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өнерпаздар Марат Әйтімовтің репертуарындағы әндердің бірін орындаса, екінші кезеңде олардың алдында Ақтөбе өңірінің жергілікті сазгерлерінің шығармаларынан қалаған бір әнді айту міндеті тұр. Жеңімпаз екі кезеңнің қорытындысы бойынша анықталып, қазылар алқасының шешімі Гала концертте жарияланады. Гала концерт 2 шілде күні, яғни бүгін сағат 21:00-де «Өнер орталығы» ғимараты алаңында өтеді. Кіру тегін.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button