Рухани жаңғыру

Ұлы дала жолдарында…

Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық музейде ақмолалық өлкетанушы Мұрат Ыдырысұлының жетекшілігімен ұйымдастырылған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы мүшелерімен кездесу өтті.

Кездесуге тарихшы ғалымдар, жергілікті өлкетанушылар, ескерткіш қорғау саласының мамандары және музей қызметкерлері қатысты.

«Абылай ханның қара жолы» тарихи-танымдық экспедициясы, Ақмола облысы әкімдігі мен «Бабалар рухына тағзым» қоғамдық қорының қолдауымен, биылғы сапарын еліміздің батысын аралауға арнап отыр. Бұған дейін 2018, 2020, 2021 жылдары еліміздің оңтүстігіне, шығысына экспедициялар ұйымдастырылған.

Айта кетейік, бұрын даладағы арба, сауда керуендері жүретін жолдарды «қара жол» деп атаған. Абылай хан өз тұсында (1771-1871 жж.) орыс өкіметінің сұрауымен сауда орындарын ашып, бұрынғы сауда жолдарын жандандырған. Бір сөзбен айтқанда, қара жол дегеніміз — даладағы даңғыл жолдар.

— Биылғы сапар маусым айының 12-інде басталды. Экспедицияны Мемлекет тарихы институтымен бірлесе отырып, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына — 150 жыл, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орайластырып ұйымдастырдық. Көкшетаудан шыққаннан кейін, алдымен Қостанай өңіріне соғып, одан әрі Батыс облыстарды аралап келеміз. Батыс аймақтағы тарихи орындарды аралап, аруақты батыр бабалар мен хандардың, билердің басына тағзым етуді, көне қалалардың, азаттық жолындағы шайқастар болған жерлерді көріп қайтуды, олар туралы деректер жинастыруды мақсат еттік, —  деді Мұрат қажы Ыдырысұлы.

Экспедиция мүшелері жалпы ұзындығы 8500 шақырым жолды жүріп өтіп, қайтадан Көкшетауға оралады. Жиында олар осы сапарда алған әсерлерімен бөлісті, сондай-ақ қазақ тарихының отарлаушыларға қарсы күреске толы тұстарына қатысты әңгіме өрбіді.

Құралай БАБАЖАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button