Ауыл

Ойыншықтауға саяхат

Аудандық жастар ресурстық орталығы мен Тоғыз ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Өскен өңір» жобасы аясында Тоғыз ауылы маңындағы Ойыншықтауға танымдық саяхат жасалды. Оған жастар ресурстық орталығының мүшелері мен белсенді жастар қатысты.

Аталуы аңызбен астасатын таудың тарихы жөнінде қызықты деректер көп. Соның бірі мынадай: Ертеректе бір кемпірдің жалғыз қызы болыпты. Әлгі қыз жалғыз өскендіктен бе, әйтеуір, жасы біразға келгенше қуыршақпен ойнап отыра берсе керек. Қызының өзімен жасты құрбылары құдықтан су әкеліп, ас-су әзірлеп, бойын түзеп, ағаларына қолғабыс ететінін көріп жүрген анасы қатты налыпты. Күндердің бір күнінде қызының бұл қылығына күйінген анасы бар ниетімен: «О, Құдай бар болса, қолыңдағы қуыршақтай бол» деп қарғаса керек. Сол ананың қарғысы қабыл болып, әлгі ерке қыз Ойыншықтауға айналыпты-мыс.

Осы аңызды естіп, Ойыншықтаудың бейнелі тастарын қызықтаған жастарға Тоғыз ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Рая Алыпбаева қолға ұстасаң едәуір салмағы бар, жан-жануарлардың  пішініне ұқсас ұсақ мүсін тастар туралы деректерімен бөлісті.

Осы саяхат барысында жастар волейбол ойнап, қызықты эстафеталық жарыстар ұйымдастырды.

Спорттық шараға қатысқан барша белсенділер аталған округ әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button