Ауыл

Ескерткіш тақта орнатылды

Ақтоғай ауылдық округінің орталығындағы Қотыртас теміржол станциясының қабырғасына саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған әкелі-балалы Нұрмұхамбет, Садық Мурзалиновтерге арналған ескерткіш тақта орнатылды. Мурзалиновтер әулеті қара жұмыстан жырақтамаған, нағыз еңбек адамдары ретінде ауылдастарына қадірлі. 1903 жылы дүниеге келген үлкен аталары Нұрмұхамбеттің бар ғұмыры Қотыртас теміржол станциясының күнделікті тірлігімен біте қайнасқан. 45 жыл осы жерде табан аудармастан еңбек етіп, оның 19 жылында аталған станцияның басшысы болған. Әке жолын қуған Садық Мурзалинов те осы салада 47 жыл абыройлы еңбек етіп, оның 21 жылында станция басшылығы қызметін абыройлы атқарған.

— Атамыз бен әкеміздің теміржолда еңбек еткен кезеңдерінде станция жұмыстарында қиындықтар көп болды. Осы ауылда локомотив депосының жүктерін тиеп-түсіру алаңы, жүк вагондарының дөңгелек қауіпсіздігін бақылау пункті, сигнализация беру орындары, жол жөндеу околоткасы т.б. болған. Осындай жұмыс ауқымдылығына байланысты станция 2-классты иеленген. Аталарымыздың осы шойынжолда шыңдалып, уақытпен санаспай еңбек еткеніне ауылдастарымыз куә. Қазақстан теміржолына — 100 жыл» толуына арналған мерекеде теміржолдағы жұмыс өтілі үлкен династиялық әулет ретінде «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының президенті атынан отбасымызға арнайы Алғыс хат табысталды. Сол тұста біздің әулеттің болат жолдағы жалпы жұмыс өтілі 350 жыл еді, — дейді ұрпақтары атынан сөз сөйлеген Ілияс Мырзалы.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында ауыл әкімі Ерік Құрмаш сөз сөйлеп, теміржолшы әулеттің еңбекте еншілеген жетістіктерін көпшілікке үлгі етті.

Шарадан соң Мурзалиновтер әулеті аталарына ас беріп, үлкендердің батасын алды.

  Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button