Ауыл

Айымкүлдің боталары

Қысы-жазы жол талғамайтын автокөлігімен өрістен мал қайтарып, далалық жолдың ара-тұра азабын да арқалайтын Айымкүл Әуезханованың еңбегін қалай бағаласақ та лайықты.

«Нива» көлігін тізгіндеп, күнде шаруа қожалығының қамымен шапқылап жүретін ана үй мен түздің ісін тең тындырып жүр. Күйеуі өмірден өткеннен кейін иеліктеріндегі «Асхат» шаруа қожалығының бар жұмысын ол өз мойнына алған. Шалқар мен шаруашылық арасын темір тұлпарымен жол қылған оның үйінен малдың ағарғаны үзілмейді.

— Төрт баламыз бар, үлкен екі ұлым аяқтанды, Ақтөбе қаласында тұрады. 2018 жылы отағасым өмірден өтті, мал шаруашылығы екеуміздің бас қосқаннан бергі негізгі кәсібіміз еді. «Тірі адам тіршілігін істейді» дегендей, бала-шағамызды жеткізу үшін кәсібімізді тастамауға бекіндім. Қожалықты құлдыратпай, бұрынғы ізімен барынша алып келемін. Негізінен, біз түйе мен жылқы ұстаймыз. Қыста қасыма жәрдемші аламын, жазда мал сауып, суаруды өзім атқарамын, — дейді Айымкүл Сүттейқызы.

Ақ «Нива» алыстан көрінгеннен бұл шаруашылықтағы түйелер де тік тұрады екен. Су дәметкен боталар машинадан түскен үй иесін қоршап алады.

Шалқар қаласынан 20 шақырым болатын Қорайлы жері — осы қожалыққа тиесілі жайлау. Қазір Айымкүл осындағы 15 боталы інгенін сауып, қалаға күніне 50 литрдей сүт тасып, одан шұбат дайындап сатады.

 — Шұбатқа көбі алдын ала тапсырыс беріп қояды. Жазда тойлар көбейген тұста ағарған өнімді іздеушілер де көбейеді. Облыс орталығынан да сұрататындар бар, үй маңындағы дүкендерің тағы бар. Әйтеуір, шұбат өткізе алмаған кезіміз сирек. Осы кәсіпке үйреніп қалдым, өзге жұмыс іздеп, біреуге бағынышты болғым келмейді. Көлік жүргізуді марқұм күйеуімнен үйрендім. Ұлдарыма салсам, олар қалада тұрғанымды қалайды, маған осы ауылдың тірлігі ұнайды. Өзім де ауылда туып есейдім.

Жанымда Еркеназ есімді 9 жастағы кенже қызым бар. Сабақ басталса, қаладағы үйімде соны оқытып, мындағы шаруашылыққа да қатынап жүрген жайым бар. Балаларымды қатарынан қалдырғым келмейді. Оларды жеткізу — менің міндетім, — дейді ол.

Ұлықұм іргесіндегі Мехбаз қыстағы мен Қорайлыны жайлаған малдарын темір тұлпармен түгендеген келіншектің келешекке құрған жоспары көп. Барлығын ерінбей жүріп-ақ өзі еңсеретініне сенімді. Ол алдындағы малының көптігі емес, өнімі мол аналықтарының тұрақты болғанын қалайды. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button