Жаңалықтар

Құттығай батырға арнап ас берілді

Сенбі күні Қобда ауылында дүбірлеген той өтті. Батырлар мекенінің ержүрек ұлдары Қобда өзенінің алабын мекен еткен үлкен бір елдің атасы — Құттығай батырдың рухына арнап ас берді.

Бұл күні қазаққа талай батыр ұл мен қызды сыйлап, басқа да салада перзенттерінің аты озған өлкенің аспаны әнге бөленді. Күй де тартылды, мың бұралған қызғалдақтай қыздар би де биледі.

Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген Құттығай батырдың ұрпақтары алдымен Алтай батыр скверiнде бас қосып, батырдың рухына арнап құран бағыштады. Содан соң аудандық Мәдениет үйiнде «Ебескінің үш бөрісі» атты ғылыми-танымдық конференция өтіп, тарихы үш ғасырға тараған батырдың ерлік істері дәріптеліп, ол туралы деректер кеңінен насихатталды.

Конференция барысында батырға ескерткіш орнату, оның атына көше, мектеп аттарын беру, насихаттау төңірегінде пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынды.

Қобдадағы этноауылда 14 киіз үй тігілді. Далада сахна құрылып, арнайы безендірілді. Жиналған жұртшылық театрландырылған көрініс тамашалап, түрлі спорттық сайыстарға қатысты. Астың көркiн қыздырған тай жарыс, топ бәйге, құнан бәйге, аламан бәйгеге 50-ден астам сәйгүлік қатысып, шабандоздар мен арғымақтардың бабы мен бағы бәйге алаңында сыналды.Аламан бәйгеде топ жарып, оза шапқан сәйгүліктің иесі бір миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты қанжығалады.

Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,

Қобда ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button