Тарих

Азаттық жолындағы күрес

Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліске — 200 жыл

Әр заманның өзінің рухы биік, қара басының қамы үшін емес, байтақ жұртының бағы үшін барын сала күрескен, осы жолға бар ғұмырын арнаған ұлы тұлғалары болады. Байтағына жарық жұлдыздай бағыт беріп, халқын азаттық пен теңдіктің соқпағы көп қия жолына бастаған ондай қаһарман, күрескертұлғалар қазақ елінде аз болған жоқ. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысына көз жүгіртсек, аталарынан бері даңқты, жауынгер әулеттен тараған айбынды Жоламан батыр мен жұртын қайтсе де жақсы заманға жеткізуді ойлап, арманда кеткен қасіреттіАрынғазы сұлтанды солардың қатарына қоямыз.

Олардың екеуі де қазақ елінің біртұтастығы үшін күрес жүргізді және бағыттары түрлі болғанына қарамастан,түпкі мүдделері бір-бірімен тығыз тоғысқан жандар еді. Қазақстанның батысында 1822 жылы басталған Жоламан Тіленшіұлы көтерілісі— қазақ даласында отарлауға қарсы ұйымдастырылған ірі қарсылықтың бірі. Таралу ауқымының кеңдігіжәне ұзақ жылдарға созылғанына қарамастан, басталғанына биыл 200 жыл толғалы отырған бұл күрес әлі де Отан тарихының көлеңкесінде қалып келеді. Қазақстанда болған көтерілістердіңбір бөлігі кеңес дәуірінің өзінде қарастырылып, тәуелсіздік жылдарында тағы бірқатары қолға алынған болса, ал жоғарыда айтылған азаттық күрес күні бүгінге дейін толықтай зерттелмей, тиісінше оның жетекшісі Жоламан мен жанындағы серіктері де тарихтағы өз лайықты бағаларын алмай келеді.

Жоламанның есімі патшалық дәуірде, ХІХ ғасырдың екінші жартысында кейбір зерттеушілердің еңбектерінде қысқаша аталып өтті, ал күресі кеңінен қарастырылмады. Рас, кеңес дәуірінің алғашқы онжылдықтарында (1920-1940 жж.) А.Ф.Рязанов, М.П. Вяткин, Е.Б.Бекмаханов сияқты бірқатар тарихшылар өз еңбектерінде аталған көтеріліске аздаған орын арнады, кейбір құжаттары да жарық көрді, бірақ тікелей тақырыпқа арналмағандықтан, ол мәліметтер мұндай ірі азаттық күреске өте аздық ететін. Бұл еңбектер күреске жалпы шолу жасаумен ғана шектеліп отырды.Кеңестік дәуірдің одан кейінгі кезеңдерінде бұл тақырыптың зерттелмеуіне Жоламанның дәулетті-билеуші таптан шығуы,сонымен қатар қаралуына тыйым салынған Кенесары күресіне қосылуы негіз болуы мүмкін, алайда бұл көтеріліс тәуелсіздік жылдарында да арнайы зерттеулерден тыс қалып отыр.Егемендік жылдарында даЖоламан көтерілісі әзірге жеке зерттеу тақырыбы ретінде қарастырылған жоқ. 1996-2010 жылдары шығарылған бестомдық тәуелсіз «Қазақстан тарихына» да белгісіз бір себептермен енгізілмеді. Соңғы онжылдықтарда бұл тақырып бойынша жекелеген авторлардың жалпы сипаттағы бірнеше мақалалары ғана жарық көрді. Бұл тақырып кейінгі жылдары мектеп бағдарламасына енгізіле бастады, бірақ бұл жайт оның толық зерттелгенін білдірмейді.

XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, әсіресе ХІХ ғасырда қазақтардың сыртқы ықпалдарға күресі түбегейлі өзгерген еді. Бұл кезеңдерде көптеген «түземдік» халықтарды отарлау ісін жеделдеткен Ресей патшалығының әскери-саяси және экономикалық мүддесі тікелей қазақ даласына келіп тоғысты. Көптеген онжылдықтарға, тіпті ғасырларға деп жоспарланған қуатты Ресей империясының далалық халықтарды бірте-бірте басып алу, отарлау және өздеріне сіңіру саясаты әрқилы формада жүзеге асырылды. Бастапқы әскери колонизация мен кейінгі шаруалар арқылы отарлау аралығында «жабайы әрі асау» далалықтарды өздеріне қаратып икемдеудің сан түрлі әдіс-тәсілдері қолданылды. Алғашқы шептердің құрылуынан бастап, хандық биліктің жойылуы мен кейіннен халықтың тұтастай патша әкімшіліктеріне қаратылуының өзі бірнеше кезеңнен тұрып, аса күрделі тарихи үдерістердің бірінен саналды.

Қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістер отаршылдыққа қарсы бағытталды. Ресейлік ықпалға қарсы наразылықтар өз кезегінде азаттық күрестер тарихындағы жеке бір маңызды кезеңді құрады. Тарихи дәуірлерге созылған ұлы күрестер тізбегі халық ішінен небір қаһарман тұлғаларды, батыр-көсемдерді туғызды. Мұндай сын кезеңдер жауынгер тұлғаларды ғана емес, батырлығы мен билігі үзілмеген тұтас бір әулеттерді де дүниеге әкелді.

Өз заманының дара тұлғасы, айбынды батыры әрі дана биі Жоламан Тіленшіұлы сондай билеуші әулеттен шыққан. Арғы атасы Бисембі батыр (Қарабатыр лақабы не лауазымы болған) қалмақ-жоңғарға қарсысоғыстың қаһармандарының бірі болса, атасы атақты Бөкенбай батыр еді. Сыртқы жауларға қарсы ғасырдан астам уақыт соғысқан бұл әулет — қазақ тарихындағы ең бір қастерлі де жауынгер әулеттердің бірі.Өкінішке қарай, олардың есімдері, елге сіңірген қызметі мен жасаған ерліктері ұмытылуға айналды. Бүкіл саналы ғұмырын ел қорғауға арнап, 75 жасында қол бастап, шайқаста қаза тапқан Бөкенбай, Пугачев пен Сырым батырдың тұсында орыс шептерін дүбірлеткен Тіленші тархан, Ресей империясына ашық соғыс жариялап, 18 жыл (үзілістерімен) азаттық күрес жүргізгенЖоламан да біздің тарихтан лайықты бағасын алған жоқ.

Жоламанның күресі қазақ даласының отарлануына, жерлерінің тартып алынуына қарсы тұтанды. ХІХ ғасырдың алғашқы жылдарында Кіші жүз аумағында аса күрделі әлеуметтік-саяси дағдарыс орын алып, аласапыран заман орнаған болатын. Ел ішінде өзара алауыздықтар, барымталар мен қақтығыстар өршіп тұрды. Мұндай жағдайдың қалыптасуына Ресей патшалығы да тікелей ықпал етті — олар Кіші жүздегі хандық басқаруға белсенді араласып, мықты билеушілерді билікке жібермеді, осы арқылы жоспарлы түрде даладағы биліктіәлсіретуді көздеді. Аталған уақыттағы күйзелістердің қаншалықты тереңдегенін рулардың өзара қырқысып, бір-бірін қонысынан ығыстыруынан, жұтаған қазақ отбасыларының башқұрт жеріне, казактар сапына, басқа дінге өтуі мысалдарынан байқауға болады.Әсіресе Қаратай сұлтанның билік үшін күресі кезінде өзара қақтығыстар өршіді.

Осындай жаппай қиын-қыстау кезеңде тарих сахнасынан Арынғазы сұлтан шықты. Қазақтың игі жақсыларының кейіннен өз хаттарында бұл сұлтанды «күн нұрына» теңегенінен-ақ оның ел ішіндегі беделін аңғаруға болады. Арынғазы дала төсіндегіқаптаған алауыздық, барымта-шапқын, іріткі салушылармен жанын сала күресіп, көптеген реформалар енгізді, аз жыл ішінде темірдей тәртіп орнатты. Өзінің дінге беріктігімен, әділдігімен, жомарттығымен елді тәнті етті. Соған сай оның атақ-даңқы бүкіл Кіші жүз бен оған шектес Орта жүзге де тарайды. Сұлтанның ел басқаруына риза болған халық оның хан болуын бірауыздан тіледі. Бұрын жапа шеккен қазақтар Орынбор Шекара комиссиясына жүгінетін болса, Арынғазы өз тұсында бірде-бір адамды үкіметсотына тапсыртпады. Өзі сөз жүзінде патша билігіне қарсы шықпаса да, іс жүзінде Ресейдің қазақтарға ықпалын барыншаазайтуға тырысты. Қазақ қауымы үкімет бекіткен Шерғазының орнына Арынғазыны хан қоюды сұраған өтініштерін қарша боратты. Мұндай жағдай империя назарынан әсте тыс қалмайтын. Оларға өздеріне тәуелді бола түсетін жұрт керек еді, сондықтан қазақ арасында алауыздық отын қоздыру міндеті алдыңғы кезекте тұратын. 1821 жылы Арынғазы орыс астанасы Петербургке шақырылып,содан кері қайтарылмайды… Бұл Жоламан бастаған күрестің тұтануына үлкен бір себеп болды.

Көтерілістің басты себебі — патша өкіметінің Елек өзенінің бойындағы қазақ жерлерін күшпен тартып алып, тұз тасымалдау желеуімен Жаңа Елек шебін құруы еді.Бірнеше ай тыңғылықты даярлықтан соң, 1822 жылдың жазынан бастап Жоламан мен оның қарулас серіктері бастаған қазақ жасақтары өз жерлеріне салынған шепке шабуыл бастады. Жоламанмен бірге бұл күреске тең дәрежеде Табын руынан — Асау Барақұлы, Жаналы Игібайұлы, Құттыбас Төлепұлы батырлар, Адай руынан — Сүйінқара Үргенішбайұлы, Кете руынан Дербісәлі Қиғылықұлы батырлар жетекшілік етті. Бұлар — күрестің басшылары. Олардан бөлек жеке жасақтарды басқарған батырлар мен сардарлар да өте көп болды. Көптеген шайқасты тікелей басқарғандар арасында Түктібай Байлыұлы, Түркебай Байқонысұлы інілерімен, Қаракете Бүркітбайбатыр, Қитар Барақұлы, Байғана Көнейұлы, Арал Жәнібекұлы інісі Ермекпен, Дәуіт Асауұлы батырлар, Құлмағамбет молда Жәнібекұлы інілерімен (Кіші жүздегі атақты Жәнібек бидің ұлы), Дауыл би Төлебайұлы мен бауырлары Айдос, Байдос Сағырұлдары, Бабыш Дауылұлы, Елшібек Көтібоқұлы мен Тоқпан Былшықұлы билер (алтауы да Әбілқайыр заманындағы атақты Төлебай батырдың ұрпақтары), Жарылғас молда (атақты би әрі шешен Шернияздың әкесі), ағайынды Отыншы би, Сушы, Тушы Татанұлдары (Сырым тұсындағы белгілі шабандоз Татанның ұлдары), Төребек Бекетұлы, Тұрым Қыстаубайұлы, Мұқан Қалдыбайұлы, Әтенбек Маралұлы, Құрым Кенжеғараұлы, Сопақ Айжанұлы, Саттық Тайұлы, Жанқұтты Сандықұлы, Бекен Жайықбайұлыбилер, Жоламанның бауырларыЕдіге, Әжібай Тіленшіұлдары, Рабай (Арабай), Әбіті Едігеұлдары, Домалақ Мәмбетұлы,Шыңдауыл Қитарұлы, Қадырқұл мен Жанбура Асауұлдары (Қитар, Дәуіт батырлар— барлығыБарақ батыр ұрпақтары), Бәсібек Байғотанұлы, Ақыл және Мұрат Қабылұлдары, ағайынды Жидебай мен Таңқай Маралұлдары (Әтенбек би үшеуі Сырым тұсындағы Марал батыр ұлдары), ағайынды Сейтен Жанетұлы, Қона мен Базарбай Құлетұлдары (Жездібай батыр ұрпақтары),Есіркеп Жұбатұлы, ағайынды Төлепберген, Аманжол Көнейұлдары, Бүркітәлі Сүйінқараұлы (Сүйінқара батырдың ұлы), Байсеркеш Атамбозұлы (Сырым көтерілісі кезіндегі Атамбоз батырдың ұлы), ағайынды Жанбарақ, Бұйра және Қалды Боздақұлдары, Иса Қабанұлы, Өтеу Өрнекұлы ұлы Шаншармен, Елшібек Құдайбергенұлы, Сонабай Сандықұлы, Жантай бай, Едіге, Артығали,Дендербай, Дүрдікбай есімді адамдар болды.Көтеріліске Табын, Кете, Адай руының жекелеген бөлімдері басынан бастап белсене қатысса, сондай-ақ шабуылдар мен жазалаушыларға қарсы әрекеттерге Тама, Кердері, Шекті, Ысық, Шеркеш, т.б. рулар өкілдері де қызу атсалысты.

Көтеріліске даярланғантұста, 1822 жылы қаңтарда Табын руының ауылдары Ұлы Қобданың жоғарғы жағында, Қалдығайты, Бұлдырты, Ойыл мен Қиыл өзендерінің салаларында отырған. Олар өз жоспарын жасырмаған.Сол қаңтардың басында осы ауылдарға Орынбордың нұсқауымен Кіші жүз ханы келіссөздерге бірнеше сұлтан мен билерді жібергенде, олар өкімет адамдарын асқан наразылықпен, ашу-ызамен қарсы алады. Жергілікті ру өкілдері келгендерді тыңдаудан бас тартты. Ресейдің өздерінен Електі алып қойғаны мен шепке жақындауға тыйым салғаны үшін кек ретінде жаз шыға салысымен өздерінің бүкіл орыс шептерінің бойын шабуылдауға, бекіністерді өртеуге, тұтқындар алуға кірісетінін ашық айтады. Бұл жағдай Кіші жүз приставы Карсаковтың Орынбор жеке корпусының штаб бастығы генерал-майор Веселицкийге сол жылдың 4 ақпанында жолданған рапортында көрсетілген: «…не только не повиновались посланным от высокостепенного хана султанам и биям, но готовы были отражать их силою, и на убеждения публично отвечали им ругательствами, с презрением называя их предателями свободы, подкупленными от русских. Между тем объявляли свое намерение, что в наступающее лето будут повсюду наносить возможный вред России, опустошив границы пожарами, грабежами и увлечением в неволю наших подданных, в отмщение за отнятие у них Илека и не дозволение приближаться к  линии на 15 ти верстное разстояние…». Алайда алғашында бұл ақпарға сене қоймаған Орынбор Шекара комиссиясы оны растау үшін қазақ даласына ақпанда құпия түрде аудармашы Карповты жібергенде, ол Табын руының Қадырбек, Әшібек, Бөрге, Жиембет, Майасар, Сармантақ, Абыз, Кедейғұл, Ебес, Малғара және Туатай бөлімдерінің расымен орыс шептерін шабуға тастүйін бекініп отырғанын айтып келеді. Осы мәліметтің барлығын Орынбор губернаторы Эссен Ресей Сыртқы істер министрі граф Нессельродеге тікелей мәлімдейді. Бұл мәлімдеме наурыз айында Петербургте арнайы мәжілісте қаралып, осы жағдайларға және Арынғазыға байланысты бірнеше баптан тұратын шешім шығарылады. Шешімге граф В.Кочубей, граф Д.Гурьев, князь Г.Волконский, М.Сперанский және Нессельроденің өзі қол қойған.

Көтеріліске даярланған ауылдар сол тұста 2000-ға жуық шаңырақтан тұрған. Қаңтарда жоғарыда көрсетілген жерлерді қыстаса, күрес қарсаңында, 1822 жылы сәуірдеаталған ру бөлімдері Илецкая Защита (Тұзтөбе) бекінісіне қарсы, Ұлы Қобда салалары —Ешкіқырған, Үшқатты, Батпақты, Шолаққайың, Тұманшы, Сауқайың, Қуағаш, Терісаққан, Қарағанды өзендерінің бойында және Қиыл, Бабатай, Қараоба өңірлерінде көшіп-қонған. Көтеріліс жетекшілері болған Жаналы мен Құттыбас батырлар, олардың жақын серігі, күреске белсене қатысқан Бәсібек, 1825-1826 жж. айрықша көзге түскен Әтенбек, Саттық, Жанқұтты билер мен басқа да көптеген жандар осы Ұлы Қобда өңірінде туып-өскен болатын. Жаналы мен Құттыбас батырлар, Әтенбек, Төлепберген, т.б. әйгілі Байтақ қорымында жерленген. Шабуылды бастаған кезде көтерілісшілер өз ауылдарын шептен алысырақ Сағыз, Ойыл өзендерінің бойына орналастырған.Осы Сағыз, Ойыл бойлары олардың ту тіккен ордаларына, көтеріліс орталығына айналады. Осы өңірлерде әсіресе жаз айларында оларға басқа рулардан ауыл-аймақтар көптеп қосылып отырды, Кіші жүздің ең атақты билері мен батырларының қатысуымен ірі-ірі кеңестер өткізілді.

Көтерілістің алғашқы кезеңінде (1822-1826 жж.) орыс шептеріне жүздеген шабуыл ұйымдастырылды. 1822 жылы Ново-Илецкая шебінде құрылған алты форпосттың барлығы бірдей Жоламан бастаған қазақ сарбаздарының шабуылына ұшырады. Қазақ жасақтары үлкен топтарға бірігіп, әскери күштер шоғырланған бекіністерге тікелей шабуылға шықты. 1822 ж. 31 шілдеде сарбаздар Изобильный мен Линевский форпосттарына қатар лап берді. Бұл шабуылдарды Жаналы мен Құттыбас батырлар ұйымдастырды. Тамыздың басында Жоламанның өзі мен сардарлары бастаған жасақ казактардың бірнешеуін тұтқынға түсіріп, Буранный форпостын шабуды жоспарлады. 29 тамыз күні 500 сарбаз қарауыл бекеттерінен өтіп, Ветлянский форпостын шапты. Архив деректері бойынша, сарбаздар бес бірдей ту ұстаған, түгел қаруланған және форпостты қатты айқаймен, ұрандатып, оқ жаудыра шабуылдаған. Казактар көрші Мертвецкий және Изобильный форпосттарынан шұғыл көмек шақыруға мәжбүр болған. Шабуыл кезінде сарбаздар Ветлянский командирі хорунжий Печенкинге орыстарды «өз Елегінен кетіретінін, ал форпостты өртейтінін» айтқан. Бұл жөнінде Жаңа Елек шебінің командирі есаул Аржанухиннің Орынбор Шекара комиссиясына жолдаған рапортында баяндалды. 4 қыркүйекте қазақ сарбаздары өз жерлеріне салынған Ново-Илецкая шебінің келесі форпосты Сухореченскийге шабуыл жасап, тағы бірнеше казакты тұтқындады. 1822 жылы 9 қазанда 250 адамдық жасақ Буранный форпостына шабуыл жасап, казактар жүздігінің тойтарысына тап болды. Көтерілісшілерге Елек бойынан қосымша тағы 250 сарбаз қосылып,ұрыстар қайта жалғасты. Шайқас кезінде сарбаздар бес казакты өлтіріп, бірнешеуін жаралады, көп мөлшердегі астық пен шөп қорларын өртеп кетті. Осы шабуыл туралы форпост командирі сотник Свиридов император Александрдың өзіне өтініш жазып, шабуылды ұйымдастырушыларды қолға түсіру жөнінде жарлық беруін сұрады. 1823-1826 жылдары көтерілісшілерөкімет тарапынан аяусыз жазаланды. Жазалаушы жасақтарды полковниктер Берг, Циолковский, Милорадович, атаман Назаров, Қаратай, Шыңғали сұлтандар, әскери старшина Меркульев және т.б. басқарды. Дегенмен патша әскері де сарбаздардың жанқиярлық қарсылығына ұшырады. Әйтсе де дүркін-дүркін жазалау салдарынан көтеріліс уақытша тоқырауға ұшырап, оның көсемдері Үстірт жағына, Хиуаға жақын аумақтарға кетуге мәжбүр болды. 1825 жылы ауылдары аяусыз талқандалып, жақын туыстары ұсталып, Иркутскіге жер аударылған Жоламан көтерілісті уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Осы тұста Жылқышы тармағы одан бөлініп,қарулы күресті жалғастыра берді. 1826-1827 жылдарыолардың ауылдарыдааяусыз жазалауға ұшырады.

1830-1833 жылдары Жоламан өзінің сенімді қаруластары Сүйінқара мен Асау батырлардың ауылдарымен бірге, Үстіртөңірінде көшіп-қонды. 1833 жылыАсау батыр екеуі сарбаз жинап, патша отаршылдығына қарсы тұрады. Жоламанның қайраткерлігінің келесі кезеңі әсіресе 1835 жылдан бастап айқын көрінді. Ол сол жылы Орск мен Троицк арасынан Новая линия (Жаңа шеп) шебінің салынуына үзілді-кесілді қарсы шығып, Ресейге қарсы тағы бір қарулы күрес бастайды. Сөйтіп, оның ұзақ жылдарға созылған азаттық күресінің келесі кезеңі басталады. Алдыңғы күресі, негізінен, Елек бойындағы өз төл қонысының тартып алынуына байланысты қарсылық ретінде басталса, салынатын жаңа шеп бойы Жоламанның атақонысы саналмайтын, басым түрде іргелес Орта жүз рулары мекен ететін жерлер еді. Бірақ өз ауыл-аймағының ғана емес, өз халқының да беткеұстар көсемі болған Жоламан мұндай әділетсіздікке шыдап тұра алмады, жасы келіп қартайғанына қарамастан,елді қарулы күреске бастайды. Бұл мысал Жоламан Тіленшіұлы күресінің бүкіл ел мүддесі үшін болғанын тағы да бір дәлелдейді.

Аталған кезеңде қазақ даласы әлі десаяси дүрбелеңге толы еді. Кіші жүздің ауыл-аймақтары арасындажұртты Ресейдің қол астынан кетіп, Хиуаға қоныс аударуға үгіттеу жұмыстары үздіксіз жүрді. 1837 жылы жаз айларында осындай үгіттермен әсіресе Табын және Тама руларының жаушылары қызу айналысты. Аталған жылы көктем-жаз айларында аса маңызды оқиға орын алады —Ырғыз-Торғай далаларының бірінде Жоламан Абылайдың ұрпақтары — Қасым және Кенесары сұлтандармен кездеседі. Алдағы уақытта Ресейге қарсы бірігіп күресуге, шамамен, осы тұста келісім жасалса керек. Бұл жолы жанында ең жақын серіктеріғана болған Жоламан 1838 жылдың маусымында Орынбор шебіне Табын, Тама және Қыпшақ руларынан тұратын 2 мың әскермен қайта оралып, осы жерде қалған Табын, Тама ауылдарын, Елек, Ор бойында жайлауда отырғанШекті, Жағалбайлы, Төртқараруларын, барлығы 500-ге жуық ауылды бастап Кенесары ордасына қосады.Ол тек Кіші жүз ғана емес, Арқа өңіріндегі Орта жүздің билеушілерімен де бірігіп, қазақ халқының азаттығы жолындағы күресті одан әрі жалғастыра беруді жөн деп шешті. Осылайша екі көтеріліс ошағынемесе екі азаттық күрес майданы бір жерге жұмылды. Торғай мен Сыр аралығы патша өкіметіне қарсы күштердің шоғырланған, күш біріктірген мекендеріне, қозғалыстың негізгі ордасына айналды. Кенесары қосынында көптеген жорықтар мен оқиғаларға қатысқан Жоламан өмірінің соңғы жылдарында бірге көшіп-қонып, бір жүрген қарт жолдасы Қасым 1840 жылы Ташкенттекөз жұмған соң, Бұқара өңіріне біржолакетіп, сол жақта тұрақтады. Азаттық жолында ұзақ жылдар күрескен қарт батыр Ресей билігін мойындамай, қалған ғұмырын оның ықпалынан тыс жерде өткізуді ойлағанға ұқсайды…

Жоламан Тіленшіұлы — тарихымыздағы ең бір қастерлі есімдердің бірі, артында үлкен із қалдырған күрескер тұлға әрі қайраткер. Текті әулеттен тараған ержүрек батыр әрі ел басқарған парасатты би. Әкесі мен аталары сияқты ол да бүкіл саналы ғұмырын азаттық жолындағыкүреске арнады.

Жоламан Тіленшіұлы бастаған азаттық көтеріліске биыл 200 жыл толғалы отыр. Күресінің басым дені қазіргі Ақтөбе облысының аумағында болып өткенін ескеріп, осы айтулы мерзімге орай жергілікті жерде мүмкіндігінше Жоламан мен оның серіктерінің еңбектерін, жалпы күресті насихаттайтын іс-шаралар өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Аталған тұлғалардың есімдерін көшелерге беруге болады. Бұл көтерілісті Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырушысы болып табылатын жаңа жеті томдық «Қазақстан тарихына» енгізу жоспарда.

Нұржан ЖЕТПІСБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының ғылыми қызметкері, PhD докторы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button