Жаңалықтар

Биыл 30-ға жуық көше мен 98 аулаға асфальт төселеді

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Кіші Әлия көшесіндегі жолды жөндеу және Шанхай ауданындағы көп қабатты үйлердің аулаларына асфальт төсеу жұмыстарын қарап шықты.

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Кіші Әлия көшесінің ұзындығы — 1,5 шақырым. Қазіргі таңда бұл жерге асфальт жабындысын төсеп бітуге аз қалды. Мердігер ұйым — «КазСтройМагнум» ЖШС. Жоба құны — 121 млн теңге.

Бұл жерге екі қабатты асфальт-бетонды жабынды төсеп жатырмыз. Жалпы жөндеу жұмыстарына 15 адам, 5 техника жұмылдырылды. Жол жөндеу жұмыстары демалыс күндеріне дейін аяқталады. Жолдың сапасына үш жыл кепілдік беріледі, — дейді серіктестік директоры Руслан Нысанбаев.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Дамир Көбеновтің айтуынша, биыл қаламызда 30-ға жуық көшенің жолы жөнделеді. Олардың жалпы ұзындығы — 47,4 шақырым. Бұл мақсатқа бюджеттен 8,1 млрд теңге бөлінген. Қазір қалада бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті.

Бұдан кейін облыс әкімі Шанхай ауданындағы көп қабатты үйлердің аулаларына асфальт төсеп жатқан мердігер ұйымның жұмысымен танысты.

Облыс басшысына биылғы жобалар туралы баяндаған Дамир Көбенов Ақтөбе қаласында 98 ауланың жолына асфальт төселетінін, қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүріп жатқанын жеткізді.

«Taspar Group» ЖШС директоры Қайрат Күзембаевтың айтуынша, серіктестік Шанхай ауданындағы 13 аулаға асфальт төсейді. Олардың жалпы ауданы — 8 532 шаршы метр.

Қазіргі таңда мердігер ұйым барлық жұмысшыларын осы жобаға жұмылдырып жатыр.

Облыс әкімі мердігер ұйым өкіліне аулаларға асфальт төсеу жұмыстарын 6 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды.

Қарқындарыңыз жаман емес. Дегенмен елорда күніне дейін аяқтаңыздар. Жұмыс уақытында әрі сапалы орындалуға тиіс, — деді О.Оразалин.

Сондай-ақ облыс әкімі Тұрғын үй қалашығы ауданындағы Жеңіс аллеясын қалпына келтіру жұмыстарын да қарап шықты.

Аллеяны қалыпқа келтіру жобасы — облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы әлеуметтік жауапкершілік аясындағы меморандум шеңберінде қолға алынған жоба.

Бұл жобада көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, автоматты суару жүйесін қондыру, 1400 түп ағаш егу, сондай-ақ демалыс үшін алаңқайлар, балалар мен үстел ойындарына арналған алаңдар, жүрекке арналған жаттығу құралдарын орнату қарастырылған.

Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында аллеяда тәулік бойы жұмыс жасайтын бейнебақылау жүйесі орнатылмақ.

                                                                   Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button