Ауыл

Ауыл спортшылары бақ сынасты

Спартакиада

Ойыл ауданындағы Сарыбие ауылдық округінде Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай дәстүрлі түрде өтетін ауыл спортшыларының жазғы аудандық спартакиадасы өтті.

Аудандық спартакиаданың биылғы ерекшелігі — ұлттық спорт түрлері, яғни теңге ілу, асық ату және бестас ойындарымен толықты. Ауыл жастарының жазғы спартакиадасын аудан әкімі Асқар Қазыбаев салтанатты түрде ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Ауыл спортшыларының басын біріктірген бәсекеге 400-ге жуық спортшы спорттың 11 түрінен сынға түсті. Екі күн бойы тартысқа толы болған дүбірлі додаға спортшылар жоғары дайындықпен келген.

Жарыс нәтижесі бойынша волейболдан Саралжыннан келген ерлер мен Ш.Берсиев ауылдық округінің қыздары үздік атанды. Шағын футбол бойынша «Қайыңды» командасы І орынды жеңіп алды. Ал үстел теннисінен қыздар арасында қайыңдылық спортшы басым түссе, ерлер арасында көптоғайлық спортшы жеңіске жетті. Білекті жігіттер күшін сынға салатын қол күрес және гір тасын көтеру сайысынан көптоғайлық спортшылар өз салмақтарында шеберліктерін көрсетті. Аса шапшаңдықты қажет ететін 100 метрге жүгіру сайысынан, ұлттық спорт түрлері тоғызқұмалық, асық ату ойындарынан қараойлықтар бірінші орынға табан тіреді. Қазақ күресінің керемет айла-әдістерін көрсете білген Сарыбие ауылының балуандары қарсыластарын шақ келтірмеді.

Ауыл шетінде өткен ат үстіндегі спорт түрлері де өте тартысты өтті. Спартакиаданың сәнін келтірген сайыс ат спорты болды. Аламанға ат қосқан шабандоздар бірінен-бірі оза шапты. Теңге ілуден атақты диқан Ш.Берсиев ауылынан келген спортшы үздік шықса, аударыспақтан  60,70,80 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша Сарыбие, Ш.Берсиев, Ойыл спортшылары биік межеден көрінді.

Аудандық спартакиадада жалпы саны 196 ұпай жинап, өзгелерден басым түскен Қараой ауылдық округінің спортшылары жеңімпаз атанды. Екінші орынды 191 ұпай жинаған қайыңдылықтар еншіледі. Үздік үштікті 188 ұпай жинаған Сарыбие ауылдық округінің спортшылары қорытындылады. Барлық жүлдегерлерге арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button