Мереке

«Сүйікті газетіммен 20 жыл біргемін»

Өңірдегі бір ғасырлық тарихы бар «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Айжан Шаукулованың осы басылымда еңбек етіп келе жатқанынан 20 жыл толыпты.

Ең алғаш 25 жасында редакцияға келіп, түрлі тақырыптарда, әсіресе әлеуметтік салада көбірек қалам тербеп, талай мұқтаж жанның мұңын жеткізуге тырысты.

Айжанның өз ұжымына деген ықыласы бөлек.

Мамандығым бойынша филологпын. Оқу бітірген соң мұғалім болсам деген мақсат болса да, қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистикаға қадам бастым. Осы редакцияда өстім десе де болады. Әрине, жас маманға жұмысқа үйренісіп кету оңай емес. Әріптестеріміздің мақалаларын оқып, жан-жақты ізденіп, олардың қолдауының арқасында жазуға дағдыландық.

Жалпы мелекеттік бағдарламалар, мүгедектер, тұрғын үй мәселелері бойынша көп іздендім. Бірде аяқ-қолы жоқ мүмкіндігі шектеулі жан туралы жазған мақалам арқылы оған протез алып беруге мүмкіндік туды. Аз қамтылған отбасылардың үйлерін де араладық. Олардың тұрмысы мен қорғансыз қалған балаларды да көзбен көрдік. Мұның барлығын сезіне отырып, жазу керек. Журналистің қаламынан туындаған сөз күрделі мәселелерді шешуге ықпал ететінін түсіндім, — дейді ол.

Журналистің бір күні бір күніне ұқсамайтыны анық. Әр күні жаңа адамдармен танысасың, мүлде бейтаныс, ойламаған жағдайларды зерттеуге тура келеді, бірде анда, бірде мында жүгіріп бара жатасың, бірде кезекшіліктен кейін үйіңе түн ортасында бір-ақ ораласың. Көп адамға мұндай жұмыс ұнамауы мүмкін. Ал Айжан өз кәсібін осындай қарбалас тірлігі үшін де ұнататынын айтады. Әрі отбасы да жұмысына ерекше қолдау білдіріп келеді.

— Журналистика — жан-жақтылықты талап ететін, жүгі ауыр, жауапкершілігі мол сала. Дәл осынысымен де ерекше. 

Өзім қаланың қызы болғандықтан, ауылдарға барып көрмеген адаммын. Ең алғаш іссапарға шығуға да жүрексінгенім рас. Жұмыс барысында ауылдағы фермерлерден, шаруалардан сұхбат алдық, көптеген кейіпкерлер таптық. Осылайша кез келген тақырыпты жазуға шыңдалдық.

Газет журналисі үлкен мақалаға да, жай хабарға да бірдей жауапкершілікпен қарайды. Бір тақырыпты жазу үшін жан-жақты ізденеді, — дейді Айжан.

Бүгінде оның журналистикада жеткен жетістіктері де аз емес. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарына ие болды. Журналистер арасындағы республикалық «Нұр Сұңқар — 2018» байқауының «Сөз шебері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Басқа да республикалық байқаулардың жүлдегері атанып жүр.

Әрдайым ізденіс үстінде жүретін әріптесімізге қаламыңыз ұштала берсін! дейміз.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button