Басты бет » Мереке » Подполковник келін

Подполковник келін

Оларды ішкі істер саласы табыстырды

Марал Ғалымжанованы ойылдықтар жақсы таниды. Отыз жылға жуық ішкі істер саласында қызмет етіп келе жатқан полиция подполковнигі талай қылмыстың бетін ашып, түрлі тәртіпсіздіктің алдын алуға үлесін қосқан жан. Ол алдымен мұғалім болуды қалап, кейін темірдей тәртіпті талап ететін құқық қорғау саласын таңдаған.

Кәсіби мерекесі қарсаңында Ойыл аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысы Марал Ғалымжанқызын әңгімеге тартқанбыз.

Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп келген Марал аудандағы ішкі істер бөліміне паспорт дайындаушы болып жұмысқа орналасады. «Ол — тоқсаныншы жылдардың бастапқы кезеңі, ел азаматтарының барлығы жаңа куәлік алып жатқан кез болатын», —  деп еске алды ол. 1995 жылдың маусымында офицерлік дәреже алып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекцияға инспектор болып жұмысқа орналасады. Бұл — қарапайым ауыл қызының құқық қорғау саласына басқан үлкен жолдағы алғашқы қадамы еді. Қызмет барысында қатардағы сержант Жәнібекпен танысып, 2001 жылы отбасын құрады. Жәнібек бүгінгі таңда полиция майоры, аудандық ішкі істер бөлімінде криминалист болып қызмет жасайды.

Жәнібек пен Маралдың отбасы — ойылдық жас отбасыларға үлгі. Жауапкершілігі мол қызметтерін абыроймен атқарып жүрген олар бала тәрбиесін де назардан тыс қалдырған емес. Уақытының көбін жұмысқа арнаған полицейлер балаларының қалай ержеткенін де байқамай қалғанын айтады.

— Біздің жұмыс уақытпен санаспайды. Жолдасым — криминалист, мен — аға анықтаушы болғандықтан қылмысты анықтау жұмыстарының басы-қасында бірге жүреміз. Балаларымызды кішкентай кезінде ата-енем қарады. Қазір үлкен ұлымыз Қарағандыдағы полиция академиясында оқып жатыр. Ал қызымыз биыл мектеп бітірді. Үшінші ұлым — оқушы.Отбасымыздың шаңырағының берік болуына ата-енемнің қосқан үлесі зор. Ең алдымен алғысты сол кісілерге айтар едім. Алғаш отбасын құрған жылдары ата-енеммен бірге тұрдық, сол уақытта олардың бізге үлкен көмегі тиді. Қазір кіші қайын інімнің қолында тұрады. Мейрам сайын сол қара шаңырақта бас қосып, үлкендеріміздің батасын алуға жиналамыз, — дейді Марал.

Сырт көзге қатал көрінетін полиция подполковнигі үйде мейірімді ана, ағайын-туыс жиналған жерде сәлем салып, табақ алатын қарапайым келін.

Әңгіме барысында Маралдың сөзінен өзінің мамандығына деген құрметі ерекше екенін байқадық. Тоқсаныншы жылдардың басында ішкі істер бөліміне келген қаршадай қыз бүгінде антына адал, қайсар мінез бен өр рухты нағыз полицейге айналыпты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.