Басты жаңалықтар

Ауылдықтармен жүздесу, тарихқа тағзым

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Әйтеке би ауданында болып, жұртшылықпен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігімен, шаруалардың жайымен танысты.

Өңір басшысы алдымен егіс алқаптарын аралап, аудандағы ірі ауылшаруашылық құрылымдары – «Комсомол» ЖШС басшысы Виталий Волынецпен және «Еңбек-Агро» ЖШС басшысы Валерий Степочкинмен тілдесті. 170-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отырған шаруалар істің қазіргі жағдайы, егіс науқанының қалай өткені туралы айтты.

Құмкұдық және Толыбай ауылдарында тұрғындармен кездескен облыс әкімі өңірдің негізгі әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштері, оны одан әрі дамыту, оның ішінде ауылдық елді мекендерді дамыту келешегі туралы баяндап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ өңір басшысы Әбілқайыр ханның қабірі орналасқан «Хан моласы» қорымын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Өткен жылы мұнда аумақты абаттандыру және қорымның айналасына қоршау орнату жұмыстары жүргізілген болатын, кешен «Киелі Қазақстан» жобасы шеңберінде республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енді.

Мұнда Әбілқайыр хан мен оның адал серігі Бопай ханымның құрметіне еске алу шаралары өтті. Оған мемлекет және қоғам, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, меценаттар, сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Атырау, Маңғыстау, Қостанай облыстарынан келген ғалымдар қатысты. Қатысушылар мұндай іс-шаралардың ұлттық рухты көтерудегі маңызы зор екенін айтты.

Әбілқайыр ханның қазақ тарихындағы рөлі өте жоғары. Ұлы қолбасшы қиын кезеңдерде үш жүзді біріктіріп, жауға тойтарыс беріп, жерді сақтап қалды. Ел болашағы үшін жастарымызды Әбілқайыр хан сияқты қазақтың ұлы қайраткерлерінің үлгісінде патриотизм рухында тәрбиелеу маңызды. Біздің міндетіміз — ата-бабаларымыздың ерліктерін есте сақтау және насихаттау, — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button