Жаңалықтар

Ойылда жүйріктер жарысты

Ұлттық спорт

Ойылда Көкжар жәрмеңкесінің 155 жылдығына орай ат жарыс ұйымдастырылды. Бұл жарысқа атбегілікпен айналысып жүрген ойылдық кәсіпкер Арайбек Жұмағалиев ұйытқы болды. Сондай-ақ оған 1979 жылы туған құрдастары қолдау білдірді.

Айтулы шарадан ауыл азаматтары да тыс қалған жоқ. «Ерұлан» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Арыстанов бәйгенің жүлде қорына бір жылқы тіксе, Ерлан Абдуов 100 мың теңге ұсынды. Ауданның намысын талай дүбірлі додада қорғап жүрген қаракемерлік көкпаршылар 150 мың теңгеден беріп, демеушілік жасады. Алаңға киіз үй тігілді. Бәйге десе делебесі қозатын көрермен таңғы сағат сегізден бастап алаңға қарай ағылды. Қатысушыларға аудан әкімі Асқар Қазыбаев сәттілік тілесе, ауыл ақсақалы Өтеген Сағатов батасын берді.

Алдымен көмбеге құнандар жіберілді. Бәйге алаңының бір айналымы — үш шақырым. Тоғыз шақырымдық бәйгеге 13 атбегі құнандарын әкелді. Әрине, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, ауыздығымен алысып, шабандозға бас бермегенімен, бабы төмен құнандар алғашқы айналымнан кейін-ақ жарыс жолынан шығып қалды.

Нәтижесінде қобдалық Ғалымжан Сулиханов оқ бойы озық келсе, ақшатаулық (Ойыл ауданы) Мұхит Рахатов мәреге екінші болып жетті. Темір ауданының Алтықарасу ауылынан келген Алтынбек Серғазин үшінші жүлдеге ілікті.

24 шақырымға белгіленген аламан бәйгеде Атырау облысы Сағыз ауылынан келген Азамат Құраловтың Тасқыны мәреден бәрінен бұрын өтті. Күмісбек Базаровтың Бақторысы екінші жетсе, Саян Сағындықовтың Әденторысы үшінші болып келді.

Жеңімпаздарға арнаулы тігілген жүлделер табысталды.

Ат спортынан бөлек, кез келген тойдың көркі болған сайыстар — қол күрес пен арқан тартудан да ауыл жігіттері күш сынасса, Ойылдың көкпаршылары жаппай көкпар ұйымдастырды. Шақырылған қонақтар мен бәйгеге жүйрігін қосқан атбегілерге киіз үйде ас берілді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button