Денсаулық

Кішкентайларды емдейтін үлкен жүректі дәрігерлер

Маусым айының үшінші жексенбісі — Медицина қызметкерлері күні. Біз осы атаулы күн қарсаңында Ақтөбе қаласындағы Ана мен баланы қорғау орталығының бас дәрігері Ербол Жапақовпен сұхбаттасып, соңғы уақытта балалар арасында кең таралған аурулар, осы саладағы өзекті мәселелер, сондай-ақ елу жылдық тарихы бар мекеменің қазіргі тынысы жөнінде білген едік…

— Былтыр жарты ғасырлық тойын атап өткен мекемеміз әу баста облыстық балалар ауруханасы деп аталды. Талай ғимаратты паналап келдік. 2011 жылы  «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. 280 орындық ғимараттың аумағы — 26 мың шаршы метр.

Материалдық-техникалық базамыз талапқа сай: аурухана 64 кесінді мультиспиральды компьютер томографы, 1,5 теслды МРТ құрылғысы, тыныс алу және наркозды-тыныс алу аппаратурасы, басқа да керек-жарақтармен толық қамтылды.

Ал мамандарға келер болсақ, бүгінге дейін аурухана әкімшілігі облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп бірқатар кадрды даярлады. Атап айтсақ, невролог, кардиолог, кардиохирург, гематолог, онколог, нейрохирург, травматолог, уролог, неонаталды хирург, эндокринолог, нефрологтар. Жалпы қазіргі уақытта орталықта 25 мамандық бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Бізде барлығы 692 адам қызмет етеді. Оның 170-і — дәрігер, 244-і — медбике, қалғандары — техникалық қызметкерлер, — дейді ол.

Бас дәрігердің айтуынша, мамандар жетіспеушілігі әлі де бар — Ана мен баланы қорғау орталығына гастроэнтеролог, рентгенолог, пульмонолог қажет.

Әңгіме арасында ақтөбелік балалар арасында кең таралған аурулар туралы  сұрағанымызда, қазіргі кезде тыныс алу аурулары мен аллергияның көктей қаулағанын білдік. Аталған аурулар әсіресе көктем-жаз мезгілдерінде күшейеді екен. Бұған, бір жағынан, аймақтағы экологияның да әсері бары сөзсіз…

— Жыл сайын стационарда орташа есеппен алғанда 5 мың операция болады екен, оның 150-ден астамы жүрекке жасалады. Қабылдау бөлімшесінің травматологиялық пунктіне жылына 15 мыңға жуық бала түседі… Балалар арасында жарақаттанатындар, ит қауып алатындар, түрлі оқыс оқиғаға тап болатындар азаймай тұр.

Балалар жылына орай аурухана қызметкерлері мамандандырылған көмекті жақындату үшін облыстың 6 ауданына барып, 3 мыңнан астам баланы қарады. Сондай-ақ апта сайын кеңес беру-диагностикалық бөлімшеде «Ашық есік күні» өткізіліп жүр, — деген Ербол Жапақов әріптестерінің 30-дан астам патент пен өнертабыстардың авторы екенін, бүгінге дейін аурухананың 4 қызметкері балалар денсаулығын қорғау ісіне сіңірген еңбегі үшін облыстың «Жыл адамы» атағына ие болғанын атап өтті.

Байырғы медицина мекемесінің өңірдегі балалар денсаулығына жауапты басты аурухана атануы тегін емес. Бас дәрігер Ербол Жапақовтың айтуынша, мұнда 1992 жылыТМД елдері бойынша алғаш рет хирургиялық бөлім негізінде эндоскопиялық хирургия бөлімі ашылса, он жылдан бері облысаралық неонаталды хирургия орталығы жұмыс істеп келе жатыр. Соңғы аталған орталық қызметінің арқасында құрсақ қуысы және өкпе органдарының туабітті ақауы бар нәрестелерге, дәрігерлер Ақтөбеде, сонымен бірге көршілес Орал, Ақтау қалаларына барып 500-ден астам операция жасаған. Соның нәтижесінде әсерінен өңеш атрезиясы, гастрошизис сияқты күрделі кеселдермен өмір сүру мүмкіндігі пайда болған. Мұнымен бірге 2015 жылдан бері бұл жерде балаларға жүрекке ашық операция жасалып жүр. Санайғақтарға сүйенсек, 2015-2020 жылдар аралығында жасанды қанайналым аппаратын және жабық эндоваскулярлық аппаратты пайдалана отырып, жүрекке 700-ден астам операция жасалыпты. Ақтөбеден бөлек аталған дерттерге шалдыққан БҚО, Маңғыстау, Атырау облыстарының балалары да осындағы мамандарға жүгінетін көрінеді.

— Алға қойған жоспар көп. Жыл соңына дейін 100 орындық онкогематологиялық жапсаржай, нейрохирургиялық бөлімше, кардиохирургиялық көмек көрсетудің өңірлік орталығы және жұқпалы аурулар стационарын ашуды мақсат етіп отырмыз. Бұлардың барлығы біздің болашағымыз — балаларға арналған, — деп сөзін түйіндеді бас дәрігер Ербол Жапақов.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button