Мәдениет

Ақтөбенің Лидиясы

Өнер

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, жерлесіміз Лидия Кәденованы ақтөбеліктерге таныстырып жатудың өзі артық. Театр мен кинодағы, «Тамаша» ойын-сауық отауындағы рольдері арқылы көпшілікке белгілі актриса биыл мерейлі жасқа толды.

Осыған орай өнер иесінің Ақтөбеге келген сапарларында бізге берген сұхбаттарынан үзік ой-пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.

Өзге әлем…

1974 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп келемін. Басқа өнер ұжымдарынан талай рет шақырту түсті, бірақ мен тұрақтылықты жақсы көретін адаммын. Әрі «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демей ме, жастайымнан өнер көрсеткен театрымды, осындағы әріптестерімді қимадым.

Шүкір, сол ниетіме сай талай басты рольдерді сомдадым. Өзіме арнап жазылған спектакльдер, ондағы ерекше кейіпкерлер де болды. Мысалы, «Өзімді іздеп жүрмін», «Ең әдемі келіншек», «Чайка» сынды қойылымдар жүрегіме ыстық.

Сол кездегі атмосфераны, сахнада серіктес болған достарымды әрдайым айрықша жылылықпен еске аламын. Уақыт деген өте тез екен, бәрі кеше ғана сияқты еді…

Қазақстанның халық артистері Ыдырыс Ноғайбаев, Рабиға Қаныбаева, Асқар Тоқпанов, Галина Рудковская, басқа да мықты мамандардан білім алғанымды мақтаныш тұтамын. Солардың арқасында бәрін үйрендік, үлкен өнерге бағыт алдық. Ұстаздарымды жүрген жерімде осылай айтып жүремін.

Көзі қарақты көрерменге жақсы таныс Әмина Өмірзақова, Байділда Қалтаев, Роза Әшірбекова сынды сахнагерлермен қызметтес болдым, бір сахнада ойнадым. Аға-апалардың батасын алдым. Алдыңғы буыннан үйренгенім көп. Ал Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдінәбиева, Гүлжамал Қазақбаева, Қадірбек Демесіновтермен театрға бірге келіп, замандас болғанымды қалай айтпауға болады? Бәріміз қызық-қуанышты да, қиындықты да бірге көрдік.

45 жылдан астам уақыттан бері осы театрмен бірге жасасып келемін.

Түсіне білген адамға театр — өзгеше әлем. Өзіндік аурасы бөлек, басқа өнер мекемелеріне ұқсамайды. Сахнасының өзі киелі. Сондықтан әр спектакльде ойнаған сайын іштей дұға-тілектерімді оқып, өткен-кеткен әріптестерімді еске алып, сөзбен айтып жеткізсіз сезімді бастан кешіремін. Әр рольді алдын ала «сіңіруің», ой елегінен өткізуің тағы бар…  Жалпы, сахнаға шыққан сайын қобалжимын. Өйткені жауапкершілік жүгі ауыр. Бұған дейінгі атақ-марапат, көрерменнің көңілі, барлығы кейіпкеріңді өз деңгейінде ойнап шығуыңды талап етеді. Жылдар өткен сайын бұл «міндет» артпаса, кемімейтіні тағы анық.

Шүкір, осы театрдың арқасында талай бақытты сәттерді өткердім. Қаншама жақсы адамдармен таныстым. Әлі күнге дейін осы өнерге деген іңкәрлік мені алға жетелеп келеді. Сондықтан театр туралы ұзақ айта беруге бармын.

БІЗДІҢ ДЕРЕК  

Лидия Тәжединқызы Кәденова 1952 жылдың 17 ақпанында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген.

1967 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін, 1974 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын актер мамандығы бойынша тәмамдаған.

1974 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы болып еңбек етеді. Көпшілік көрерменге «Тамаша» әзіл-оспақ театрының актрисасы ретінде танылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Ырғыз ауданының құрметті азаматы.

Театр сахнасында В.Шекспирдің «Гамлетінде» Офеная, И.Саввин мен Ж.Тәшеновтің «Қаладан келген қалжыңбас» комедиясында — Жамал, «Дуалы күнгі думанда» — Ипполита, А.Чеховтың «Шағаласында» — Маша, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында» — Ләззат, Қ.Қайсеновтың «Жау тылындағы баласында» — Анна Ивановна, М.Әуезовтің «Алуасында» — Нина Ивановна, Ш.Аймановтың «Сократты еске алу түнінде» — Ғалия, т.б. көптеген әйел образдарын шеберлікпен сомдаған.

Сондай-ақ «Зять из провинции», «Балкон», «Конфликт», «Восхождение на Фудзияму», «Арман қала», «Очень дальняя родственница», т.б. фильмдерде ойнаған.

«Тамаша» мен телевизия

Жасыратыны жоқ, көпшілікке «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы танылдым. Белгілі өнертанушы Лұқпан Есенов ағамыздың арқасында бірталай артистер үлкен сахнаға жолдама алды, көгілдір экран арқылы әзілмен-ақ талай мәселелер

көтерілді. Телевизияның құдіреті де сол ғой, айналдырған 5-10 минутта сені көрерменге белгілі етеді. Әр интермедия — шағын спектакль.

Мейірман Нұрекеев, Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Тұңғышбай Жаманқұловтармен сахнаға түрлі образдарды алып шықтық. Ең бастысы, сол кездегі қоғамның ащы шындығын күлдіре отырып жеткіздік. Аталған ұжымдық еңбегіміз өз деңгейінде бағасын алды деп ойлаймын, көрермен қауым әлі күнге дейін «Тамашаны» іздейді. Айтқан әзілдерімізді ұмытпайды. Одан артық не керек?

Бір қынжылтатыны, сол комедиялық образдарым кейіннен драма актриса ретінде қанатымды кеңінен жаюыма белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізді. Яғни соның салдарынан мені тек бір бағыттағы актриса ретінде қабылдаған режиссерлер де болды… Дей тұрғанмен, театрдағы оң жамбасыма келген, көңілімнен шықққан рольдерім де аз емес, шүкір.

МІНЕ, ҚЫЗЫҚ!

Ақтөбенің Ырғызында туған, қазақы тәрбие көрген Лидия Кәденованың есімінің өзі қызық. Оның сыры — балалары бірінен кейін бірі шетіней берген соң әке-шешесі — Тәжедин мен Мәкикүл қыздарына елден ерекше, өзге ұлттың Лидия есімін беруді ұйғарады. Көптен күткен Лидиядан кейін Кәденовтер отбасына Бораш, Мағжан атты ұл балалар қосылады.

«Туған жер өзің дегенде…»

Жиі болмаса да, сәті түскенде Ақтөбеге келіп тұруға тырысамын. Әдетте театрыммен гастрольдік сапарларда жолым түседі. Мысалы, 2019 жылы облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театр басшылығымен осындағы әріптестеріммен бірге «Келіндер көтерілісі» спектаклінде басты рөлді ойнау үшін шақыртылдым.

Бір қызығы, 18 жасқа толғанымды осы Ақтөбеде тойлаған мен арада 49 жыл өткенде жеке мерекемді осында өткіздім. Яғни жаңа жасымды туған жерімнің театр сахнасында қарсы алдым. Ерекше әсерде болдым, әрине.

Бәрінен бұрын, осындағы театр жастарының жұмысқа деген ынтасы мені тәнті етті. Бәлкім, араларына басқа адам келгендіктен шығар, барлығы жұмыла іске кірісті, олардың көздерінен жақсы дүние шығаруға құлшынып тұрған ұшқынды аңғардым. Бір жағынан, керек кезінде олардың ұстазы ретінде ой-тілегімді айтып, «осылай істегенің дұрыс…» деген сияқты бағыт-бағдарымды беріп отырдым. Соның нәтижесінде өзіме әдемі спектакль шыққан сияқты. Көрермен жақсы қабылдады. Осының өзі кейінгі буынға шеберлік сабағы есебінде ғой. «Ананы бүйт, мынаны сөйт» деп айтқаннан гөрі, өзіңнің ойнап көрсеткенің әлдеқайда жақсы. Оның пайдасы да көп. Сол сияқты бір затты «қақсай» бергенше, өз әрекетіңмен үлгі болғаның дұрысырақ деген ойдамын.

Жалпы, Ақтөбе дегенде елең ете қаламын. Алыста жүрсем де, осы өңірдің өсіп-өркендей беруіне дәйім тілекшімін. Тек жақсы жаңалықтарын естісем деймін.

Өмірімнің жалғасы, өнердегі ізбасарым

Көпшілікке белгілі шығар, Дидар деген жалғыз балам бар. Ол да әке-шешесі сияқты осы өнер жолын таңдады. Біздің жолымызды қуды. Ана ретінде, әрине, күні-түні соның тілеуін тілеймін. Кішкентай немерем бар, бос уақытымды соған арнаймын. Жалпы, қолым қалт еткенде ағайын-туысты аралап, сол үй тіршілігіне көңіл бөлемін. Сосын спектакльдеріме дайындаламын дегендей. Елден ерекше, ешкімге ұқсамайтын сүйікті ісім бар деп айта алмаймын.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР…

«…Өнерге ертерек, бала кезімнен талпындым ғой. Ақтөбеде, мектеп оқушысы кезімде би үйірмесіне қатысып, Алматыға келіп, өнер көрсеткенбіз. Осылайша, Алматының үлкен сахнасына алғаш рет актерлік өнеріммен емес, биіммен шықтым. Әлі есімде, 1966 жыл еді. Оқушымыз. Қазір ой елегінен өткізсем, Офицерлер үйінің сахнасы ма екен деп топшылаймын. Бала көңілімде үлкен, еңселі сахна болып жатталып қалыпты. Бізді, үпір-шүпір балаларды жатақханаға орналастырғаны да есімде. Шат-шадыман болып терезеден сыртқа көз тастаймыз. Биік-биік тауларды көреміз. Не деген асқаралы биік деп таңғаламыз. Тағы да сыртқа үңілеміз. Айнала жасыл желекке малынып тұр. Не деген сұлулық деп сүйсінеміз. Арықтардан мөп-мөлдір су ағып жатады. Тазалығына таңдай қағамыз. Ол кездегі Алматы да, сахнаға алғаш шыққан қаршадай қыздың да сезімі сұп-сұлу, өте көркем еді.

Міне, алғашқы сахнаның да, сол сәттегі тұнық сезімнің де жайы осындай.

1967 жылы Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне түстім. 1970 жылы практикаға Түркістан қаласындағы халық театрына жіберді. Актриса ретінде ең алғаш Түркістанның киелі сахнасында өнер көрсеттім. Ол уақыт да Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінің есігі көпшілікке айқара ашық. Сол қасиетті мекенде көп қыдырыстадық. Өнер әлеміне талпынғанда айтқан аппақ тілегіміз қасиет қонған сол жерде Жаратқанның құлағына шалынған болар. Өзім алғаш өнер көрсеткен сахнаның тамаша жайы мен кие қонған Түркістандай жердің тазалығын сезіндім. Тағдыр дегенді қойсаңшы! Өнерге алғаш қадам басқан жерім кейінгі ғұмырымда да бауырына тартып тұрды. Баламның әкесінің ата-бабалары сол Түркістан топырағынан болып шықты. Осы күнге дейін сахнадан түспесем, өнерге адалдығымды сақтай алсам – жолымды ашып берген киелі топырақтың қасиеті ғой деп сенем…

Міне, Түркістанда тәжірибеден өткен соң, Ақтөбедегі училищем маңдайымнан сипап, қолыма дипломымды ұстатты. Алматыға оқуға аттандым. Ол кезде жеке оқу орны жоқ, консерваторияның құрамындамыз. Сол жерге оқуға түстім. Дипломдық жұмысым Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласындағы» Жәмила образы. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы театр сахнасындағы алғашқы рөлім И.Саввин мен Ж.Тәшеновтың «Қаладан келген қылжақпасындағы» Жамал деген қыздың бейнесі болатын».

 (БАҚқа берген сұхбатынан)

Басқа жаңалықтар

Back to top button