Тарих

Алаштың ардақтысы —  Ораз би Тәтеұлы

Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері Ораз Тәтеұлы өз заманының ірі тұлғасы болған. Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы Эрмитаждың төрінде оның үлкен портреті ілулі тұр. Ораз Тәтеұлымен достық қарым-қатынаста болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар оның ойшылдығын, тапқырлығын, төгілме тілді шешендігін құрметтеп, бағалаған.

Халқымыздың азаттық жолындағы күресінде Алаш қозғалысы мен Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің алатын орны ерекше. Алаш қайраткерлерінің өнегелі өмірі мен туған елі, туған жері, халқы үшін жасаған қызметтері  қашанда ұрпаққа үлгі. Алаш қайраткерлері халықтың сенімді өкілдері болды. Алайда Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімі ғана келеді.  Біз Алаш арыстарының барлығын біле бермейміз. Есімін көпшілік жұрт біле бермейтін Алаш арысының бірі  — Ораз Тәтеұлы.

Тәтеұлы Ораз (кейбір құжаттарда Тәтиев Ораз деп жазылған) Торғай облысы Ырғыз уезі Қабырға болысында, қазіргі Қызылорда облысы Арал ауданы Ақеспе-Сарыбастат ауылында 1856 жылы дүниеге келген.  Жасынан өте зерек болып, мұсылманша оқу оқыған. Орыс, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгерген.  Шеңгелді болысы Мырзағұл Шыманұлының шақыруымен 100 шақты үймен Шалқар ауылына келіп, Қиынбай би екеуі Қабырға болысын құрған. Алаш қозғалысының қайраткері, ел-халқына сыйлы биі және ХІХ ғасырдың 1880-1990 жылдары екі мәрте Ырғыз уезі, Қабырға еліне болыс болып сайланған. Ел арасындағы алауыздықты жою үшін  және Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы күресті күшейту үшін, қазақтың құнарлы жерін, суын, келімсек қара шекпенділерінен қорғау үшінжұмыстар жүргізуде көп қайрат-жігерін жұмсаған.

Ораз би — Алаштың ардагері атанған тұлға. Алғашқы қызмет жолын туған жері — Сыр елінен бастаған. Өзі көшіп келіп қоныстанған жері «Біршоғыр-Ақтоғай» елді мекенінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтармен достық қатынаста болған. Ахметтің ақыл-кеңесімен ол Шалқар, Арал қалаларында, Сырлыбай, Бершүгір ауылдарында,  Ырғыз уезінің Қабырға, Ақтоғай ауылдарында мектептер ашып, мешіт салдырған.Осы уақытқа дейін ескі бір жұрт сол Ақтоғайда «Школа база» деп аталады.

Ораз би тек мектептер, мешіттер салдырып қана қоймай, оқытушылықпен де шұғылданған.  Екі кластық орыс-қазақ мектебінде інісі Аятолла, Қазақ КСР ет-сүт, тамақ өнеркәсібі министрі болып тұрғанда екінші дүниежүзілік соғысына алынып, жау оғынан қаза тапқан Жармұханбет Мейірманов, ақын, өзі де Нұрпейіс Байғанинге хатшы болған Мәселе Жаңабаев, халық ағарту саласы ардагерлерінің бірі Сапа Ещанов, ел ауызында ұшқыр әңгімелері сақталған Қойлан Тайлақов, Даба Үмбеткерей, Жиеналы Қожамқұлов, Жүсіпқали Тәтиев, т.б.білім алған.

Ораз Тәтеұлы сол заманда елге танымал, айтулы, игі жақсылары Алмат Тобабергенұлы, Мырзағұл Шыманұлы, Байғабыл Байұзақұлы, Дербісәлі Беркінбайұлы, Былшық би Сейітұлы, Тағыберген Жанысұлы,т.б. қазақтың беткеұстар азаматтарымен ортақ пікірлес болған. Халықтың мұң-мұқтажына,  ел ішіндегі дау-шарларда  әділдігін айтып, турашылдығымен ел көзіне түсіп, «Ораз би» атанған. Ел ішінде «Ораз би айтқан екен», «Ораз бидің достық туралы айтқаны», «Ағайын туралы Ораз би Тәтеұлының айтқаны»  деген оқиғалы әңгімелер көп сақталған. Мұның өзі Ораз бидің әділ би, көмекейі бүлкілдеген жорға шешен болғандығын көрсетеді.

Ораз бидің көзін көрген, дастарқанынан дәм татқан ақын Құрманәлі Дәуітұлы оның мінезіне мынадай сипаттама береді:

«Артық деп кім айтады,

Тәтенің ұлы Ораздан.

Әлім, Шөмен ішінде,

Бәйгеден келген торы азбан.

Қызыл тілге келгенде,

Сол сықылды жорғадан,

Айтар сөзден кім озған?!»

Белгілі өлкетанушы Сейілхан Оразымбетовтің «Ырғыз» кітабында мынадай дерек бар: «Облыстың белгілі азаматтарының бірі ретінде ел жадында жүрген, білім беру ісінің ардагері Әділхан Қалиұлы Алғиев «Жақау Қаракесек Шой ұрпағының шежіресі» деген кітабында өзінің 60-шы жылдары қызмет бабымен Қарғалы бойында Петропавловка деген жерге барып, оқытушы Айтқалиев Мути деген оқытушының үйінде екі аптадай тұрғанын айта келіп, оның жасы 80-ге таяп қалған әкесі Мырзағұлмен танысқанын айтады.  Кітабында Мырзағұл қарттың Ораз биге берген сипаттамасында «Ораз би еңсесін биік ұстайтын, отырысында да жоғарылық бар, аз да ұтымды сөйлейтін, жұртты өз ауызына қарата алатын адам» дейді.

«Ораз би еңсесін биік ұстайтын, жаратылысында тектілік бар, ұтымды сөзімен жұртты өз аузына қаратып, әңгіме мәйегін зердеге жеткізе білетін жан екен», —   дейді бізге жеткізген көнекөз ақсақал, Ұлы Отан соғысының ардагері, құқықтанушы, Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Төралқасының награда бөлімінің меңгерушісі Әліби Жангелдин мен Әбілхан Қастеевтің кеңесшісі болған 99 жастағы ақсақал заңгер Ізгілік Дабаев.

Аса байлық иесі болмаса да, еліне қамқор-қайырымды, сыйлы, сол патшалық Ресей заманында Ырғыз уезінің «Қабырға елді мекеніне» болыс болып екі рет сайланады. Сол заманның қоғамдық атқарушы қызметін атқарған уақытында еліне сыйлы болыс, әділ би атанады»

Ол қазақ елінің тұңғыш басылымдары «Айқап» журналына, «Қазақ» газетіне демеушілік жасаған. 1916 жылдан бастап Алаш қозғалысына белсене араласқан. Жергілікті уездік Ырғыз-Ақтөбе-Торғай облыстық Алаш қозғалысының барлық съездерін ұйымдастыру және өткізу шарасына тікелей араласып отырған тұлға.

Ақ патшаның 1916 жылғы қазақтан қара жұмысқа «солдат» алу «Июнь жарлығына» қарсы ой-пікірін ашық айтқан осы Ораз би.

Ораз Тәтеұлы 1916 жылы Орынбор қаласында өткен Алаш партиясының бірінші съезіне қатысқан. Биік мінберден қазақ мемлекетін құру туралы сөз сөйлеп, шаршы топта алға шығады. Келесі жылы болатын екінші съезіне шақырылады. Мәскеуге Бүкілресейлік құрылтайға Қазақстан атынан қатысатын делегаттар құрамына енеді.

Осы съезде Орынбор губернаторы Эверсманға құлатылған патша үкіметі өкілі және патша үкіметінің қазаққа отарлау саясатын жүргізгені үшін, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын басып, жаншуда аса қатыгездікке барғаны үшін Эверсманды айыптап, съезд залынан кетуге мәжбүрлеген осы Ораз би Тәтиев. («Тар жол, тайғақ кешу» С.Сейфуллин. Алаш қозғалысы, 2 том).

Патша үкіметі құлатылып, уақытша үкімет орнаған ақпан төңкерісін қуана қарсы алған Ораз Тәтеұлы 1917 сәуір-мамыр айларында облыстық, уездік съездерде болып, Ақтөбе, Орынбор қалаларында сәуірдің 2-8 аралығында съезд жұмысына белсене қатысады. Алаш Үкіметі құрамына «Сот жүйесі» комитетіне сайланады.

1917 жылы 1-8 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне Ораз Тәтеұлымен бірге Алаш қайраткерлері: қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанова, Қадырбаев Сейдәзім, Хасан (Хұсайын) хазірет Нұрмұхамедұлы қатысқан.

Бірақ 1917 жылы  желтоқсан айында ІІ Жалпықазақ съезіне қатыса алмай дүние салады.

1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз съезі өтті. Орынборда өткен үлкен жиында мәжіліс ашылар алдында Әлихан Бөкейханов: «Былтырдан бері шаршы топта сөйлеп, бәйге алған, атақты шешен Ораз ақсақал Тәтеұлы дүниеден өтті. Жиылысты марқұм Оразға дұға қылып басталық»,—  деп ол кісіні еске алған екен.(Сәкен Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу», үшінші басылымы, Алматы, 1960 жыл, 90-бет, «Алаш қозғалысы» «Движение алаш» том 2, Алматы, 2005 жыл, 21-бет).

Алаш қайраткерлерінің съездің ашылуы барысында Ораз Тәтеұлының рухына қасиетті Құран сүресін оқып бағыштауы замандастары мойындаған тұлға екендігін көрсетеді.

Профессор Б.Кәрібаев «Ораз би атты мақаласында «Ораз Тәтеұлы – 1854 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге дүниеге келіп, 1917 жылы Орынборға бара жатқан жолда дүниеден озған белгілі би, шешен және Торғай облысы Ырғыз уезіндегі Алаш идеясын жоқтаушылардың бірі. Уезд, облыс көлеміндегі Алаш қозғалысының белсендісі, Алаш жетекшілері — Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың және т.б. сенім артып, сыйлаған, құрмет тұтып, ардақтаған, уезд, облыс көлеміндегі алаш қозғалысының қайраткері болған», —  деп жазады.

Ораз бидің денесі Шалқар ауданындағы Ақтоғай селолық округіне қарасты Шуылдақ аумағындағы биік төбеге қойылған. Қазіргі уақытта басында құлпытасы бар, әдемі қалың ақтаспен қаланған. Өткен күннің деректері бойынша ол дүниеден қайтқанда ақтық сапарға шығарып салуға Ақтөбе, Қызылорда, Торғай облыстарынан көп адам жиналғанын айтады. Арабиядан діни білім алған Қазалы мешітінің имамы Қожаназар ишан намазын оқыпты.

Ақын Әкімәлі Қаржауұлы Ораз бидің қазасында мына өлеңді арнаған:

«Қайырлы болсын қазаң Қаракесек,

Жуадай солды бүгін бір бәйшешек.

Алдыңнан осындай күн болды душар,

Қайтқанын Ораз бидің жара десек.

Сөнді ме жанып тұрған шамшырағың,

Жарығың көпке бірдей фонар едің.

Шалқымай желді күнде жанар едің.

Кім ұстар мынау мешіт, құралыңды,

Жиналған қанша кітап, Құраныңды.

Мұсылман, момындардың дұғагөйі,

Сөз айттым шыдай алмай сабазыма».

Ораз би Тәтеұлы жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетінде (№13, 10.04.2009), «Ел қадірін ел баққан ерлер білер», «Ана тілі» газетінде (№23, 11.05.2009) «Бақыты асқан би еді» дегенкөлемді мақалалар жарық көрді. Көзі ашық, шежірені біршама білетін Төлебай Күштаев, Бөкетай Жоланов сияқты азаматтар мерзімді баспасөз беттерінде мерзімдік баспасөз беттерінде Ораз Тәтеұлы өмірі туралы материалдар жариялаған.

2010 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құмтоғай ауылдық округіндегіүлкен, орталық көшесіне Ораз би Тәтеұлы есімі беріліп, кеңсе алдына биіктігі екі жарым метр болатын фото-суреті салынған қызыл кірпіштен қаланып, ескерткіш-белгі орнатылды. Шалқар ауданының Ақтоғай елді мекенінде кесене салынып, салтанатты түрде ашылған-ды.

Ақтөбе – Мұғалжар – Біршоғыр елінен, Шалқар-Ырғыз және Алматы облысынан Ораз бидің тума-туыстары басын қосып, үлкен ас берді, рухына дұға-аяттары оқылды.

2011 жылы Ораз бидің Шалқар ауданының Біршоғыр бекетінен 25 шақырым жердегі мәңгі тыныс тауып жатқан Шуылдақ өзені бойындағы зираты қайта қоршалып, жаңадан ескерткіш-белгі қойылып, ел-жұрты жиылып ас берді. Осы игілікті, қайырымды шараны ұйымдастырып, барлық іс-шараға қаржылай демеушілік жасаған Ораз бидің шәкірті, екі кластық орыс-қазақ мектебінде білім алған Даба Үмбеткерейдің баласы Алматыдағы «ФАЗА-СКАТ» фирмасының бас директоры ЖақсыбергенДабаевқа ел-жұрты риза болды.

2019 жылы Шалқар қаласындағы «Тәжірибе» көшесі Ораз Тәтеұлы есімімен аталды.

Тарихи-танымдық шараның қонағы, өлкетанушы Серік Түрекешов былай дейді: «Ораз би Тәтеұлы ұрпақтары кешегі қызылдың Кеңес Үкіметі кезінде өгейлікпен теперішті көп көріп, қуғын, жазалау, атылу жазасына ұшыраған екен. Ораздың Жұмағали, Наурызғали деген екі ұлы болған. Жұмағали өз ажалынан 1922 жылы қайтыс болса, екінші ұлы Наурызғали 1938 жылы би-болыстың, Алаш Орда Үкіметі мүшесінің баласы деген айыппен ұсталып, атылып кеткен. Бұл ұлынан ұрпақ жоқ. Жұмағалидың бірінші әйелінен Райхан, одан Сәлима туады. Екінші әйелінен Салтанат, Дәуіт. Салтанаттан Бекетай (марқұм), Нұрия. Дәуіттен туған сегіз баланың үшеуі қазір көзі тірі. Олар — Галина (Ғафура), Анар, Кеңес. Ғафура Дәуітқызы Жұмағалиева Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетінің доценті, аға оқытушы болған. Қазір зейнеткер. Аллаға шүкір, осылар табылды.Ал Ораз бимен бірге туғандары кешегі аласапыран, қуғын-сүргін уақыттарында тарыдай шашырап кеткен-ақ екен».

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Ораз Тәтеұлы көшесінде орналасқан. Музейге келіп:  «Ораз Тәтеұлы деген кім?» —  деп сұрақ қоятындар да бар. Мұның өзі сол жастардың ата-бабасынан алшақтамай, тарихымызды білуге деген құштарлығы деп білемін.

Музейдегі өлке тарихы залының экспозициясында Ораз Тәтеұлының Санкт-Петербор Эрмитажындағы фотосуреті тұр. Музейде Алаш Ордадағы еңбегі туралы дерек бар. Ораз би ұрпағы Галина Жұмағалиева сыйға тартқан Ораз би Тәтеұлына тиесілі көне шағын сандық та музейге келушілердің назарына ұсынылған.

Алаш арыстарының бірі Ораз би Тәтеұлы туралы деректер жинақталып, толығымен зерттеліп болған жоқ. Алдағы уақытта әйгілі шешен туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ғалымдар, тарихшылар, әдебиетшілер тарапынан зерттеледі деген ойдамын.

Бар өмірін халқына арнап еңбек еткен, тумысынан дарынды кемеңгер, дуалы ауызды Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, халықтың біртуар ұлы  Ораз Тәтеұлының есімін ұрпақ ұмытпауға тиіс.

P.S.2020 жылдан бері Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Өз жеріңді танып біл!» жобасы бойынша жұмыс жасап келе жатырмын. Жоба аясында қазақтың атақты тұлғаларын жас ұрпаққа таныту, жастарды ұлттық патриотизмге тәрбиелеу мақсатында тарихи-танымдық шаралар ұйымдастырылды. Сондай іс-шаралардың бірі атақты би, шешен Ораз Тәтеұлының өмірі мен еңбегі туралы болды.  Музейде өткен «Алаштың ардақтысы — Ораз би Тәтеұлы» тақырыбындағы тарихи-танымдық шараға Ораз бидің ұрпақтары өлкетанушы, еңбек ардагері Серік Түрекешов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тасқан Аяпов, зейнеткер Қуанышбай Князбаев, самбо күресінің құрметті ардагері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Аманғали Төлебаев, өлкетанушы, зейнеткер ұстаз Оңдасын Үсенов, белгілі жыршы-термеші, республикалық жыршы-термешілер байқауының бірнеше  мәрте жеңімпазы Демеубай Жолымбетов шақырылды.

Алмагүл САРЫБАЙ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінде құрылған

«Өз жеріңді танып, біл!» жобасының авторы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button