Тарих

Ұзын жолдың ұзағы

(эссе)

…Қай жыл екені есімде жоқ, күз қарсаңы әйтеуір. Әкем Ердіғали кесінді шеттақтай (горбыль) әкеліп, қора-қопсыны қысқа  дайындау қамында еді. Мен қасында көмектесіп жүргем. Алыстау жерден өтіп бара жатқан Нұржігіт ақсақал бізді көріп, бері бұрылып, қасымызға келіп, сәлемімізді алып, әкеммен амандық-саулық сұрасып тұрды…

Осы аппақ сақалы төсіне төгілген, бойшаңдау, жұқалтаң сары шалды жұрт «халық жауы болып отырып келген» дейтін. Ол кезде баламыз, «халық жауы» дегеннен мүлде хабарсыз кез. Мұндай нәрсе мектепте айтылмайтын, баспасөзде жазылмайтын заман. Бірақ көп сөйлемейтін, маңғаз,  паңдау да көрінетін осы қарияның тегін адам емес екені сезілетін (1891 жылы Шалқар ауданының 13-ауылында туған, «Айшуақ» серіктестігінің мүшесі Қауысов Нұржігіттің 1937 жылғы 25 қарашада НКВД үштігінің шешімімен «контрреволюциялық ұйымға қатысқаны үшін» 10 жылға  айдалғанын, қылмысы болмауына байланысы ақталғанын кейіннен ашылған дереккөздері арқылы білдім).

Сонымен… әрлі-берлі әңгімеден кейін Нұржігіт қария қолындағы таяғымен жерде жатқан шеттақтайды бір түртіп қойды да: «Мұның нырқы қанша екен?» — деді. Мен елең ете қалдым, басқа адам болса, «мұның бағасы қанша екен,  қанша тұрады екен, қанша сомнан алдың» деп әдеттегі сұрақтарды қоюшы еді ғой. Ал мына ақсақалың бұрын естімеген және сол кезде әдебиетте де, баспасөзде де жиі қолданылмайтын сирек сөзбен сұрап тұр! Маған осы жағы қызық көрінді. Әрине әкем қанша сомға (ол кезде рубль ғой) алғанын айтып жатты.

«Нырық» (нарық) сөзін оқушы кезімде алғаш осылай естідім, сол себепті есімде қалып қойыпты. Бұл кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін бірен-саран ауызекі әңгімеде болмаса, жаппай қолданыс таппаған ескі сөз еді. Кейін «рыночная экономика» пайда болып, оның баламасын басым көпшілік «базарлы экономикадан» іздеп жүргенде, сөз білетін қазақтар «нарықтық экономика» деп орнықтырып алғаны мәлім.

Осы есімде қалған «нырық» (нарық) жайын кейін өзара әңгімеде Ұзақбай Қауыс ағама айттым. «Рыноктың» нырық пен нарықтың төңірегінен тууы керектігін Нұржігіт атаңыз әлдеқашан айтып қойған» — деймін ғой баяғы. Екеуміз де күлеміз: «ақсақалдар білген ғой!» — деп мәз болады Ұзекең.

Жұртшылық жақсы білетін танымал журналист Ұзақбай Қауыс –  сол Нұржігіт ақсақалдың ең үлкен немересі еді. Атасы Шалқардың түбіндегі Жылтыр деген қанатын кең жайған, құм құшағындағы ауылда тұратын. Ұзақбай қанып ішкен ауыз әдебиетінің қайнар көзі де осы ауылдың қойнауында жатар-ды. Оның емен-жарқын жүзі, сөз саптауы, жүріс-тұрысы атасының кішірейтілген келбетін елестететін. Асып-таспайтын, салиқалы да салмақты күллі жаратылысы  ерте есейген мінез-құлықтың үлгісіндей көрінетін.

Орайы келген  соң оралып жатқаны да: біздің әке-шешеміздің дәстүрге айналдырған, ауызекі тілде «Шал шақыру» деп аталатын бір үзілмейтін үрдісі бар-ды. Жыл сайын әкем бір жандығын сойып, ауыл ақсақалдарын дастарханға шақырып, аруақтарға құран оқытып, бала-шағасына бата алатын. Осы аталарды шақыру, қолдарына су құю бала кездегі менің міндетім еді (Сол бір кездері төбедей болып төрде отыратын Нұржігіт ақсақалдың, басқа да со замандағы батагөй аталарымыздың қолдарына су құйып, ет асап, баталарын алған баланың бірі екенімді ілтифатпен еске аламын).

Ұзақбай жайындағы әңгіменің әлібі кезінде халық «Сармолда» атаған Нұржігіт атасынан басталып тұрғаны сірә да тегін емес. Мәселен, атасының тағдыры мен Ұзақбайдың отбасын құру тарихын әлдебір заңдылық байланыстырып тұруы мүмкін бе? Болмаса іштей жіптескен осынау адами-тарихи желіні кездейсоқтық дей аламыз бе?! Міне, Ұзақбайдың «Қарыз пен парыз немесе айтылмай кеткен ақиқаттар туралы» деген деректі хикаятынан осы сұрақтарға жауап табасыз. Бұл туындыны бастап оқығанда, көркемдік үшін шығармашылық қиял қосылған дүние сияқты көрінеді. Бірте-бірте қоспасы жоқ, өмірдің өз ақиқаты  хатталғанын сезе бастайсыз.

Мына жағдаятты (ситуацияны) қараңыз: Ұзақбайдың болашақ жары —  бүгінгі Балкенже жеңгеміз  Нұржігіт ақсақалдың «тар жол, тайғақ кешуде  бірге болған қанды көйлек жолдасы» Демесіннің кенже қызы болып шығады!

Атасының айтуынша, 1937 жылғы 25 қарашада Шалқарда 80 жігітті бір түнде ұстап, «халық жауы» ретінде 10 жылға үкім кесіп, абақтыға айдайды. Сол кеткеннен 80 жігіттің төртеуі ғана елге аман-сау оралады.  Аман қайтқан төртеудің бірі —  Нұржігіт Қауысов болса, екіншісі — Демесін Сатаев екен.  Жазықсыз жапа шеккен, айдауда жүрген қиын-қыстау күндерде Нұржігіт пен Демесін ағалы-інілі болып,бірін-бірі демеп, көмектесіп, қолдап күн кешеді…

Бір кезде тар қапаста табысқан Нұржігіт пен Демесінді  кейінгі бостан өмір құда-жегжат қылып қайта табыстырғаны, ұрпақтарының басын бір шаңыраққа қосқаны– ойдан шығарылмаған анық тарих, өмірдің өз суреті. Бұл туралы  Ұзақбайдың өзі былай жазады:

«- Ой, дүние-ай!- деді атам тағы да қайталап. —  Жасағанның берері көп болады екен-ау, кенжесі деймісің? Ана бір жылы мен іздеп барғанымда  бесікте бір нәресте жатыр еді, сол болғаны ма, не де болса оң болсын, айналайын, қолыңды жай, балам, батамды берейін…».

Осы штрихтардың өзінен Ұзақбай Қауыстың көптеген шығармасында орныққан қолтаңбасы—  өмір шындығын көркем шындыққа бейімдей білетін шеберлігі көрінеді.

Ұзақбайдың  өмір-ғұмыры, өткерген еңбек жолы, қауырсын қаламынан туған шығармалары, тасқа басылған еңбектері жұртшылыққа жақсы мәлім. Ол қай жерде еңбек етсе де, өз қызметінің қыры мен сырын терең меңгеріп, кез келген лауазымды кәсіби биікке шығара білді.Әсіресе газет жасау ісінің күрделі үдерістерін басынан кешіре жүріп игерген өмірлік тәжірибесі оны шын мәнінде бірегей деңгейге көтерді. Бұған көсем сөйлейтін кәнігі журналистік қаламы қанат берді;  көркем сөз көшіне де өз  керуенін қосақтап қоса алды: мақала-очерктер өлең-жырға («Айтарым бар, адамдар»), сахналық туындыларға («Ел қорғаған Көтібар», т.б), тарихи-деректі хикаятқа («Жалғыз оқ», «Ұлағат», т.б.) ұласты. Азаматтық тұлғасы Шалқарда жетіліп, Мұғалжарда шыңдалды, Темірде  толысып, Ақтөбеде айшықтала түсті. Басқа да марапаттарымен қоса, «Ақтөбе-медиа» төрағасы Раукен Отыншин басқаратын Қазақстан Журналистер одағы облыстың ұйымының ұсынуымен «Қазақ журналистикасының ардагері» атағына ие болуы —  Ұзақбай Қауыстың елі таныған жеңісі  һәм ұзақ жылғы еңбегінің жемісі еді.

Қазір еске алсам, Ұзақбайдың студент кезінде – біз оқушы бала едік; ауылға атасының үйіне каникулға келгенде көріп қаламыз: сәлем береміз; жасы үлкендеу болған соң, басқа  әңгімеге жарай қоймайтынымыз белгілі.  Біздің білетініміз – Ұзекеңнің інісі марқұм Өмірбай; қатар оқыдық,бірге ойнап өстік;  Ағасы туралы Өмірбайдан естіп жүреміз. Оқуын бітіргенін де естігенбіз. Бір күні Өмірбайдан  «Осы Ұзақбай ағаң қайда?»  деп сұрағанымыз бар; сонда ол аузын толтырып әрі бауырына деген асқан сүйіспеншілікпен: «Ұзақбай Ембіде, тілші» дегені есімде. Бұл Ұзақбайдың Мұғалжар аудандық газетіне жұмысқа тұрған, журналистиканың табалдырығын аттаған кезі еді.

Сол «Тілші Ұзақбаймен» арада біраз уақыт өткен соң, мен университет бітіріп келіп, Ақтөбе облыстық газетіне жұмысқа тұрып, Мұғалжар ауданына бірінші рет іссапармен келгенде қайта табыстым, сол жолы алғаш рет Балкенже жеңгеммен таныстым.Қазақтың үш жүзіндей болып сүттей ұйыған үш шаңырақтың —  Ұзақбай Қауыстың, Серік Шаңғұтовтың, Жеткерген Оралмағамбетовтің тату-тәтті тіршіліктерін тамашалап, төбе бидей Ұзекеңнің  ұлағатты сөзіне ұйып  отырған аузы бір жерлестерімдікөрдім. Бұдан кейін журналистік сапар неше мәрте  Мұғалжардың ойлы-қырлы соқпақтарымен алып жүрді;  таныс-бейтаныс қаншама жанмен сапарлас болдық. Соның бәрінен де осынау Ұзекеңнің өзімен алғаш рет тереңірек сырласқан, отбасымен —  Балкенже жеңгеммен, балалары Көркемай, Дархан, Жасұланмен жақынырақ танысқан, ағаның ақжайлау үйіндегі алғашқы әсер,өзара орныққан сыйластық сезімісол күйінде сақталып қалды.

Ұзақбай Қауыс—  адамның ала жібін аттамаған, біреу туралы ешқашан ғайбат сөз айтпаған және айтпайтын да асыл адам еді. Оның айналасына үлкен-кіші осы мінезіне сай жиналатын, өзі де төңірегіне адал, ойына сай  келетін азаматтарды тарта жүретін. Ұзақбаймен дос болған, Ұзақбайдың өзі дос болған азаматтардың қай-қайсысы да ел есінде жақсы атымен қалғаны осыдан болса керек.

Қаншама жыл ағалы-інілі болып, сөзіміз жарасып, ойымыз үйлесіп, біргежүргенде Ұзекеңмен ортақ әңгімеміз көбіне кәсіби, шығармашылық,  елдік, ұлттық  мәселелер төңірегінде болушы еді.Кейде қазақы ұғымға салып, нағашылы-жиенді дегендей, әзілдескіміз келіп тұрғанның өзінде, Ұзекең мұндай жақындықтыжәне алыстатпай, ықыласының бәрін ағалық-інілік, елдестік-жерлестік, әріптестік, бауырмалдық деген сезімдермен астастырып жіберетін.

Ол өз таным-түсінігін ешкімге таңбай-ақ, кез келген нәрсе жайында иланымды сөз қозғай білетін.Және өткеннің өнегелі әңгімесінің өрнегін бұзбай мөлдіретіп айтып отырушы еді (Бүгінгідей жақсылығыңды білетін, жақсы ісіңді көретін жақсы ағалар азайып кеткен тұста Ұзақбай сынды асыл азаматтың тіршілік тізбегіндегі баяу сөйлеп, байыппен айтатын жүрекжарды лебіздерін  лезде ұмытып кету әсте мүмкін емес).

…Сонау бір жылы  Қазақстанда қысқа ғұмыр бұйырған  Жоғары Кеңестің депутаты боламыз деп ел-жұрт аралаған жай бар-ды. Бір округтен 25 кандидат төрт ауданның аумағын түгендеп, сайлаушылармен етене сырласқан  қызық кез  еді ол. Сонда қазақша айтқанда, шашбауымды көтеріп, сөзімді сөйлеп, сайлаушыларды дауыс беруге шақырған қолдаушы азаматтар көшінің басында Ұзақбай жүрген-ді.

Ол сайлау науқаны да өтті, жеңімпаз анықталды. 25 адамның ішінен екінші орын бұйырған екен, соны қанағат тұттық. Біраз уақыттан соң Ұзекеңмен  кездейсоқ кездесіп, баяғы сайлау науқанын еске алып отырғанымызда, ол  (ауданның атын атады) «ауданның біраз адамы депутаттыққа сол бала  (яғни, мен) дұрыс еді» — деп талай рет айтты деді. Ұзекең артық сөйлемейтін адам ғой, шын көңілімен жеткізген бұл хабары «депутат болмай қалған» жанға аса жағымды тиді…

…Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде  «Ақтөбе жағының қазағы» деген мақалам жарияланды. Бұл жерлес жазушымыз Жиенғали Тілепбергеновтың туғанына 100  жыл толуына орай алғаш рет оның өмірі мен шығармашылығына қатысты белгісіз деректерді ортаға салған, айналымға қосқан, қаламгер туралы кеңінен толғаған танымдық зерттеу еді. Жем-Темір бойы тарихын, Жиенғалидың есімі мен ісін жақсы білетін Ұзекең мақаланың осы сипаттарын дөп басыпты, қаламгер туралы  танымды кеңейтетін дүние екен деп аса жанашырлықпен  хабарласқаны есімде.

Әлбетте Ұзекеңе байланысты қозғайтын мұндай мысалдар аз емес. Бәрін қағазға түсіру мүмкін де болмас. Жоғарыдағы  жәйіттер  соның бірер үзігі ғана.

Мұғалжар өңірінде шыңдалған Ұзақбай Қауыс жан-жақты толысқан шағында Темір аудандық  газетіне  редактор болып тағайындалды. Ауданға іссапармен барған кездеоның газет жұмысын жаңаша жолға қойған жетістіктеріне куә болып жүрдік. Әсіресе аудандық газеттің өңір тарихын зерделеуге арналған жарияланымдарын көбейткені оқырман ықыласына бөлене бастады.Редактор Ұзақбай  сол баяғысынша ойлы сөзін ортаға салады. «Кім жақсы ойласа, сол жақсы жазады» деген журналистиканың жазылмаған заңы бар. Бұл жағынан келгенде, ол алдына жан сала қоймайды.

Кәсіби тұрғыда кемелденген Ұзақбай ағама республикалық деңгейге шығу жөніндегі бастапқы ұсынысымды осы кезде білдірдім-ау деймін.  Оның қалами қабілеті баспасөз саласындағы кез келген жоғары лауазымды ойдағыдай игеріп кете алатыны сөзсіз еді. Соған сендім және  бұл ойды іске асырудың сәтін күтіп жүрдік. Көп ұзамай Ұзақбай Қауыс жаңадан ашылған республикалық парламенттік «Халық кеңесі» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалды. Газеттің құрылтайшысы сол кездегі Жоғарғы Кеңес еді.

Еске алу райына орай енді айтудың айыбы болмас:  меншікті тілші болып тағайындалудың да біраз алғышарттары алдымыздан шыққан: «Республикалық газетке тілші етіп әдетте кемі облыстық газеттің бөлім меңгерушісін алатын едік»; «аудандық газет редакторының бірден республикалық газетке меншікті тілші болуы…» деген әңгімелер де болмай қалмады.

Осы кезде мен Жоғарғы Кеңестің Баспасөз хатшысының орынбасары ретінде бұл лауазымға өзім ұсынған Ұзақбай Қауыстың кандидатурасы лайық екеніне әріптестердің көзін жеткізіп, оның бұл қызметті ойдағыдай атқаратынына кепіл бола аламын деген едім. Солай болып шықты да. Ол меншікті тілшілік қызметін ойдағыдай атқарды. «Халық кеңесі» газетіндегі қызметі кезінде қазақ баспасөзінің Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Жанболат Ауыпбаев, Самат Ибрагимов сынды танымал қалам қайраткерлерімен қатар жүріп, қанаттаса еңбек етіп, өзінің шығармашылық өрісі мен жемісін көрсете  білді. Ақтөбеде бұдан кейін  «Тура би», «Ақтөбе университеті» басылымдарының тізгінін ұстап, республикалық «Заң» газетінің міншікті тілшісі болып, өзінің өнегелі қолтаңбасын қалдырғанынкөзі қарақты жұртшылық жақсы біледі.

Журналист Ұзақбай Қауыс – ұмытылмайтын бұрынғының соңы, жаңаның басы  іспетті буынның өкілі; ХХ ғасырдың қақ жартысын кеңестік  тәрбие аясында өткізіп, ғасырлар тоғысындағы алмағайып сәттерді де оңай еңсеріп, білім, білігін тәуелсіз еліне қалтқысыз қызмет етуге жұмсап үлгерген ілгерімпаз толқынның тумасы;әлі де берері көп берекелі,ұлтжанды, ұлағатты, ардақты азамат …еді. Ұзын жолдың ұзағымен қайта оралмас сапарға аттанып кеткен сол асыл ағаның алыстаған сайын жақындай түсетін жарқын дидары жүректе жазулы екені кәміл. 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Шалқар ауданының құрметті азаматы

Басқа жаңалықтар

Back to top button