Жаңалықтар

Кітап оқу адамның миын шынықтырады

Кездесу

М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на келіп, «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің жұмысымен кеңінен танысты.

Алдымен оқушылар редакциядағы музей залын аралады. Ондағы облыстық газеттердің тігінділерін, журналистер қолданған ескі фотоаппараттар мен машинкаларды, баспасөз ісіне қатысты құралдарды көріп, танысты.

Сондай-ақ ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаевпен кездесті.

— Білікті педагог Мақсот Құсайынов осы мектепті құру туралы бастама көтеріп, өзі ұзақ жыл бойы басқарды, білім ордасының бағыты мен тұтас бейнесін қалыптастырды. Оның салған сара жолы бүгінге дейін жалғасып келеді.

Жалпы, Ақтөбе өңірінің педагогикасы өте мықты. Мәселен, №32 мектеп-гимназиясы да — еліміздегі тұңғыш ашылған гимназиялардың бірі. Біздің кезімізде мұндай ерекше мектептер болған жоқ. Қазір жастарға білім алуға, оқуға түсуге мүмкіндік мол. Болашақта өздерің таңдаған мамандықтың нағыз иесі болу үшін жан-жақты білімді болуларың керек. Ол үшін әдеби кітаптарды көбірек оқу қажет. Себебі әдебиет оқу адамның миын шынықтырады. Миы шынықпаған адамнан білікті маман немесе белгілі ғалым шығуы қиын.

Біз жастайымыздан газет-журналды көп оқыдық. Әдеби кітаптардағы жақсы кейіпкерлердің іс-әрекеттерінен үлгі алып, жамандығынан жирендік. Ал қазір оқырман азайып кетті. Сондықтан адам ең алдымен әдебиетті терең оқуы керек, — деді Ертай Ашықбаев.

Кездесу соңында оқушылар ақынға өздерін қызықтырған түрлі сауалдарын қойды.

— Бүгін оқушылар алғаш рет «Ақтөбе» газетінің тарихымен танысып, музейді аралады. Ақын Ертай Ашықбаевпен кездесіп, тәрбиелік мәні зор әңгімелерін тыңдады. Ұзақ жылдардан бері «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымыз. Қазір интернеттің дамыған заманы болғанымен, газетке басылған ақпараттардың салмағы қашанда жоғары, — дейді аталған мектеп-интернаттың қосымша білім беру педагогі Базаргүл Сейтенова.

Шара соңында оқушылар ақынмен естелік суретке түсті.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button