Мәдениет

«Шырқал, ән, төгіл дауыс»

Ақтөбе қаласында осындай атаумен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегеріХатимолла Бердіғалиевтің республикалық турнесі жалғасын тапты. Белгілі дәстүрлі әншінің мерейтойына арналған өнер мерекесі аясында «Айман-Шолпан» лиро-эпостық жыры ұсынылды.

Осыған орай биыл 70-ке толған өнер иесі мен Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның бөлім жетекшісі Олжас Сейтімов өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.

— Хатимолла Жәңгірұлының  репертуарында қазақтың үш жүзден астам халық әндері, Бұқар, Базар, Қашаған жыраулардың  терме-жырлары, Мұхит Мералиевтің, Ғарифолла Құрманғалиевтің және халық композиторларының әндері бар. Айтыс пен ән өнерінде елінің ықыласына бөленген дарынды тұлға биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Атаулы датаның құрметіне 18 маусымнан бастап Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық филармониясында, 20 мамыр күні Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында  «Шырқал ән, төгіл дауыс» атты өнер кеші өткізілді. Осы турне аясында  Ақтөбе қаласына келіп отырмыз.

Ән сапарымыз 15 маусым күні Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің концерт залында, 17 маусым күні Талдықорған қаласындағы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында, 21 маусым күні Түркістан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясында, 24 маусым күні Әміре Қашаубаев атындағы Семей филармониясында жалғасын табады. Күз айларында Маңғыстау, Атырау облыстарына бармақпыз, — дейді Олжас Сейтімов.

Мерейтой иесінің өзі Ақтөбеге талай келгенін, осы жолы жергілікті атқарушы биліктің ұсынысымен «Айман-Шолпан» лиро-эпостық жырын жырлайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Хатимолла Бердіғалиев еңбек жолын 1975 жылы ұстаздық қызметтен бастаған. Кейін аудандық Мәдениет үйінің әдіскері, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2007 жылдан бері Орал қаласындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button