Мәдениет

Ұлтын сүйген жан еді

Мүсін өнерінің шебері Бақытжан Әбішевтің туғанына биыл 75 жыл толады

Дала толы тас мүсіндер отаршылдық дәуірде әсіресе бергі тың игеру кезінде көптеп жойылған деседі. Соның ішінде, балбал тастар Қазақстанның батысында көп кезіге бермейді. Сақталғандарының өзін де қазір құла түзден емес, музейлерден ғана көре аласыз.

Алайдахалқымыздың ежелден келе жатқан тас қашау, мүсіндеу өнерінің ғажап туындысы — балбалдардан бүкіл кеңістікке тарап тұрған тылсым кие даладан сол балбал тастармен бірге жоғалып кеткен жоқ.

Қашалған таста сақталып келген Дала мен дала жұртының рухын, мінезін, тарихы мен тағдырынХәкімжан Наурызбаев бастаған қазақтың кәсіби мүсіншілерінің шығармаларынан да кезіктіреміз. Соның бір дәлелі — атақты мүсінші Бақытжан Әбішевтің шығармашылығы. Мүсіншінің шығармашылығымен жақсы таныс қауым, өнертанушылар да мұны әрдайым мойындап келеді. Философия ғылымдарының кандидаты, өнертанушы Қалдыкүл Оразқұлова: «Бақытжан Әбішев мүсіндерінде пішін құрастырудың, өлшемділіктің ерекше стилімен қатар, дала дүниетанымымен астасқан өзіндік көркем тілді қалыптастырды. Ресейден білім ал­ған, Еуропаның көркем мектебін жалғастырушы мү­сінші үшін түркі­лік дүниетаным жат емес. Өзі: «Мен әлімсақтан түркімін, содан кейін қазақпын», — дейтін. Осы сөзiмен-ақ ол өзшеберлiгiнiң бастауы қайда жатқа­нын көрсетiп берген­дей» — десе, белгілі журналист Әділ-Бек Қаба: «Үйреншікті классикалық, еуропалық нормадан, стильден көңіл қошын таба алмаған мүсінші кенет пластикалық сарынына балбалдарды интерпретациялап енгізеді де, өзгеге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын жасайды», — деп түйіндейді.

«Ұран» туындысы

Мүсіншінің жары — белгілі актриса, ұзақ жылдар бойы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында еңбек еткен Шәмшігүл Меңдиярованың естеліктері де осы пікірлерді қуаттай түседі. Ақтөбе қаласында туып, Алматыда өскен Бақытжан Әбішев орыс мектебін бітіріп,кейін Мәскеуде жоғары білім алған, яғни балалық, жастық шағы орыс тілді ортада өткен. Алайда қазақ болып ғұмыр кешуге, туған тілін жетік меңгеруге, өзінің шығармашылығымен ұлтына қалтқысыз қызмет етуге жан-тәнімен ұмтылыпты. Бұған отбасындағы тәрбие, әкесінің ғұмыр жолы да әсер етсе керек. Мүсіншінің әкесі Әлімбай Рахменбердіұлының саналы ғұмыры қазақтың төл кәсібі — мал шаруашылығымен байланысты еді.

— Папамыз 1912 жылы Ойыл ауданының №3 ауылында дүниеге келген. Ойылдағы орыс мектебін бітіріп, кейін Алматыдағы малдәрігерлік институтта оқыған. Институтты бітірген 1935 жылы армия қатарына алыныпты. Содан Ұлы Отан соғысына қатысып, 1946 жылға дейін армия қатарында болған. Ол кісінің өз естелігі бойынша, майданда да дивизияның мал дәрігерлік бөлімінің бастығы болыпты. Соғыстан келген соң алдымен Ақтөбе облысында аға мемлекеттік ветеринарлық инспектор, кейіннен Қазақ КСР-інің ауыл шаруашылығы министрлігінің бас мал дәрігері, ветеринария басқармасының бастығы болыпеңбек етті, — дейді мүсіншінің жары.

«Құлагер» туындысы

«Көркем шығарма адамды толқытса, ой ұшқынын тудырса — бекер жазылмағаны. Туынды адамның жан жүрегіне әсер етуі шарт». Б.Әбішев әр шығармасында осыған қол жеткізеді. Мүсіншінің еш уақытта өзін-өзі қайталамайтынының, өзіне-өзі интерпретация жасамайтынының себебін де осыдан іздеу орынды. Оның әр шығармасы өзіндік өмір кешеді, әр шығармасы көрерменін бей-жай қалдырмайды».

 Алмира Наурызбаева, мәдениеттанушы.

Әлімбай Рахменбердіұлының осы қызметтерде жүріп, ауылдарды аралап, мал баққан шаруаларға көрсеткен көмегі, солардың арасында атақты жылқышы, көп жылдар бойы Темір ауданындағы «Қопа» колхозының жылқы фермасын басқарған Сисембі Дәуғариннің жылқыларын жұқпалы індеттен аман алып қалғаны туралы естеліктер ел ішінде беріге дейін айтылған. Ол кісіге қатысты тағы бір жайт — соғыс жылдарында 127-дивизияның мал дәрігерлік бөлімінің бастығы бола жүріп, төрт жыл бойы сол дивизияға қарасты атан түйені аман сақтап, неміс жеріне дейін апарып, Жеңістен соң қайтып әкелгені. Кейін өзінің әңгімесінде неліктен сол түйені аман сақтауға барынша тырысқанын «Қазақстанды еске түсіріп, көзіме елестетін еді» деп түсіндіріпті.

Ал әкенің осы махаббаты мен Бақытжан Әбішевтің өз шығармашылығына ұлттық-тарихи тақырыпты басты діңгек етуінің арасындағы сабақтастықты белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулеттің естелігінен алынған мына үзіндіден де көреміз:«…мүсінші Бақытжан Әбішевпен жақынырақ таныстым. Көр­кемсурет училищесін аяқтамастан оқудан шығарылған соң, Мәскеудің Суриков атындағы атақты оқу орнын бітірген екен. Ол мені өз шеберханасына бастады. Сөре толы балшықтан, гипстен, ағаш­тан, қоладан, гранит пен мәрмәрдан сомдалған мүсіндер. Үлкенді-кішілі бас­тар. Ұлылар мен бейтаныстар. Әл-Фараби мен Махамбет, Мұхтар мен Күләш, Тоқаш Бокин мен Сәкен, генералдар мен ба­тыр­лар, Жамбыл мен Қонаев… Әне бір Владимир Ильичтің қасында Абай Құнанбаевич сынай қарап тұрғандай. Солардың қатарында маң-маң басқан түйелер және жылқылар, жылқылар, жылқылар…

«Күйші» туындысы

Жығылып жатқан, ойнақтаған, шиыршық атқан, қарғыған, орғыған, көкке атылған, сүрінген, аласұрған, тулаған, көсіле шапқан, құлағын тіккен, жымитқан, қайшылаған, жалы күдірейген, жел­біре­ген, танауы делдиген… түрлі кей­іптегі жылқылардың балшық, гипс, қола, тас мү­сіндері. Дөңгелек жозыда жат­қан қағаздарды парақтай қалсаң — жылқы жа­ну­ардың самсаған эскиздері шыға келетін».

Мүсінші шеберханасындағы мүсіндер кейін еліміздің көптеген елді мекендеріндегі көрнекті ескерткіштерге айналды. Бақытжан Әбішев — Ақтөбедегі Жансен Кереев ескерткішінің авторы, Әлия Молдағұлованың мемориалды ескерткіш-кешені авторларының бірі, Алматыдағы Жамбыл, Тоқаш Бокин, Қаныш Сәтбаев, Әбу Насыр әл-Фараби, Махамбет ескерткіштері мен мүсіндерінің, Атыраудағы Исатай-Махамбет монументальды ескерткішінің, Павлодар облысындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров, т.б. бірқатар ескерткішдің авторы. Нәп-нәзік қалпымен ерлік пен батырлықтың символына айналған Әлия бейнесінен дала қызының еркіндігі мен еркелігі, ал Исатай мен Махамбет тұлғасынан ел қорғау үшін, «тебенгісі терге шіріп», ат үстінен түспей өткен асыл бабалардың арпалысқан ғұмыры елестесе, қолына домбырасын ұстаған Жамбылдың жүзінде өзіміз бала күнімізде арқа сүйеп өскен ата-әжелеріміздің, яғни бұрынғы қазақтың жылылығы сақталып қалыпты…

Әбішевтің қолынан шыққан шағын мүсіндер де өнердің парқын, қадірін білетін қауымнан лайықты бағасын алды. Оның «Ұран», «Жер-Ана» туындылары — Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қорында; «Олимпиадашыл» атты еңбегі Швейцарияның Лозанна қаласындағы Халықаралық Олимпиада комитетінің штаб-пәтеріндегі музейде; «Күйші» туындысы Германиядағы жеке коллекцияда, басқа да көптеген туындылары еліміздегі музейлерде сақтаулы тұр.

Бүкіл өмірін шығармашылық ізденіспен, жанкешті еңбекпен өткізген мүсінші Бақытжан Әбішев атақ, марапат, табыс қумаған. Өзінің шеберханасында тас қашап, балшық илеп, қола құйып, қаншама мүсінге жан бітіріп, тынымсыз тірлік еткенде бар көздегені — халқына өлмес туындылар қалдырып кету болды. Жас кезінде Т. Бокин ескерткіші үшін берілген Қазақ КСР Ленин комсомолы сыйлығынан кейін бұйырғаны — ғұмырының соңғы шағында алған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағы еді.

Бақытжан Әбішев 2017 жылы 70 жасқа толуына бірнеше ай қалғанда дүниеден өтті. Алайда артына қалдырған мұрасы арқылы мүсіншінің екінші ғұмыры жалғасып жатыр: содан бергі жылдардың ішінде туған қаласы Ақтөбеде, Алматыда, Атырауда бірнеше көрмесі сәтті өтті. Алдағы уақытта осындай көрмелер ұйымдастырыла береді, ал жас өнертанушылар мен зерттеушілер Бақытжан Әбішевтің мұрасын әрдайым назарда ұстайды деп үміттенеміз.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button