Мәдениет

«Ансамбль тарап кетпеуі тиіс»

Балаларыма қойған ең басты талабым — осы

Ақтөбелік Ниязбековтер отбасылық ансамблі — қазақтың көне ұлттық аспаптарын насихаттауға зор үлес қосып келе жатқан өнерлі отбасы. Топ құрамындағы өнерпаздар қазақтың домбырасымен қатар қобыз, шаңқобыз, қылқобыз, жетіген, асатаяқ, сылдырмақ аспаптарын жетік меңгерген. Ансамбльдің өзгерлерден ерекшелігі де осында.

Талай додаларда бақ сынап жүрген отбасылық ансамбль биыл Алматы қаласында өткен халықаралық «Жас толқын» ән-би, жыр-күй жасөспірімдер және жастар арасындағы өнер байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, Түркияның Анталья қаласына жолдама алған. Бүгінгі таңда олар шілдеде өтетін халықаралық байқауға дайындалып жатыр.

Көпшілікті жанды дауыстағы әндерімен баурап, ұлттық аспаптарды насихаттап жүрген Ниязбековтер отбасылық ансамблі 2014 жылы Сазды мәдениет үйінің жанынан құрылған. 2019 жылы халықтық атағын алды. Бүгінгі таңда ансамбль құрамында бір атаның 10 баласы өнер көрсетеді. Олардың әрқайсысы әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген киелі өнермен шектеліп қалмай, музыкалық сауатын арттыру мақсатында кәсіби мамандардан біліп алып жүр.

— Біздің отбасылық ұжымның негізгі мақсаты — тыңдарманды халқымыздың әсем, әуезді әндерімен сусындата отырып, сол арқылы балалардың ұлтына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Ансамбль құрамында өзімнің 6 балам және күйеуімнің 3 қарындасы бар. Барлығы шетінен өнерлі. Алғашында барлығына домбыра тартуды өзім үйреткенмін. Қазір әрқайсысы домбырадан басқа бірнеше аспапта ойнай алады. Мектеп жасындағы үш қызым  Ақтөбе қаласындағы музыка мектебінде оқиды. Жетігенде ойнайтын қызым биыл мектеп бітіріп, Алматы қаласына оқуға түскелі жатыр. Оның уақытша жоқтығын білдірмеу үшін қазіргі таңда кішкентай қызым екеуміз жетігенде ойнауды үйреніп жүрміз, — дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі  Мирамгүл Алпысова.

Балаларының әрқайсысын өнерге баулып, өнегелі тәрбие беруге күш салып жүрген Мирамгүл Алпысованың мамандығы — қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Бірақ жастайынан өнерден хабары бар ол бүгінде Сазды мәдениет үйінің жанынан отбасылық ансамбль құрып, қазақтың қасиетті өнеріне өз үлесін қосып жүр.

— Өзім Байғанин өңірінің қызымын. Өнерлі отбасында өмірге келдім. Ауылда жүрген кезімізде бір үйдің балалары болып Алпысовтар ансамблін құрғанбыз. Уақытында аудан көлемінде атағымыз шығып, тыңдармандарымыз болды. Кейін әрқайсысымыз әр жаққа кеттік. Апам мен інім сол саланы таңдағанмен, мен мұғалімдік мамандыққа баруды жөн көрдім. Бірақ бір түсінгенім — өнер қап түбінде жатпайды екен. Түбі тесіп шығады. Балаларымыз есейген соң Ниязбековтер отбасылық ансамблін құрдық.Менің өнерге қайта кәсіби тұрғыда аяқ басуымды қайын атам бірден қолдап, батасын берді. Ал бүгінгі таңда жолдасым демеушіме айналды. Ол кісі сахнаға шығып өнер көрсетпесе де бізді үнемі қолдап отырады, — дейді Мирамгүл.

Бүгінде Ниязбековтер отбасылық ансамблінің құрамындағы әншілердің бірі — үйдің үлкені тұрмыс құрған. Екі баласы бар. Бірақ дайындықтан, ән кештерінен қалмауға тырысады. Өйткені, аналары Мирамгүлдің оларға қойған ең басты талабы осы болыпты.

— Топ құрамындағы өнерпаздардың барлығы дерлік — қыз балалар. Арамызда бір ғана жігітіміз бар.

Ниязбековтерден құралған ансамбль тарап кетпеуге тиіс. Менің ана ретінде балаларыма, ұстаз ретінде шәкірттеріме қояр ең басты талабым — осы.  Ең қиын сәттер артта қалды. Сол сәттердің барлығын балаларым көзімен көрді. Сондықтан олар топтан кету туралы әңгіме қозғамайтынына сенемін. Әрине мектеп бітірген соң әрқайсысы өз қалауы бойынша білімін жетілдіреді. Мәселен биыл үлкен өмірге қадам басып жатқан қызым, жетіген аспабын кәсіби тұрғыдан үйренуді мақсат етіп отыр. Алдағы уақытта өз алдына жетігеншілер тобын құрамын деп жатса, аталған топ Ниязбековтер отбасылық ансамблі жанынан құрылады, — дейді топтың көркемдік жетекшісі.

Ниязбековтер ансамблі жыл сайын есептік концерт беруді дәстүрге айналдырған. Өткенді саралап, келешекке көз тастау мақсатында шығармашылық кештерін өткізіп тұрады. Ансамбльдің тағы бір ерекшелігі — олар тек ән айтумен ғана шектелмейді, сахнада қойылым қойып, мың бұрала би билейді. Бұл бағытта да өздерін үнемі жетілдіріп отырады. Балалар жылы аясында көпбалалы ана, ансамбльдің көркемдік жетекшісі  Мирамгүл Алпысова облыс аудандарын аралап, шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отырғандарын айтты.

— Алғашқы кешімізді қазақ әдебиетіне талай дарындар шоғырын сыйлап, басқа салада да перзенттерінің аты озған, өзімнің ұшып шыққан ұям Байғанин ауданында өткізуді жоспарлап отырмыз. Кезінде Алпысовтар ансамблінің құрамында өнер көрсеткен кішкентай Мирамгүлдерінің осындай үлкен әулеттің анасына айналғанын жерлестерім көрсін, бағасын берсін, балаларыма батасын берсін деген ниетте бара жатырмыз. Бүгінгі таңда аудандық мәдениет бөлімімен келісіп қойдық, бұйырса маусым айында шығармашылық турымызды бастаймыз. Одан кейін батырлар мекені Қобда ауданына барамыз, — деген Мирамгүл ансамбльдің осы уақытқа дейін түрлі қызықтарды бастан өткергенін айтып берді.

— Бірде ауылдағы мәдениет үйінде концерт беріп жатқанбыз. Кенет жарық өшіп қалды. Бірнеше уақыттан бері жоспарлап жүрген кешіміздің сценариі өзгеріп кететін ойлап абдырап қалдым. Бірақ балаларым: «Мама, еш уайымдамаңыз. Біздің қолымыздан келеді»,— деп мені сабырға шақырды. Айтқандарында тұрып, кеште барлық әнді жанды дауыста орындап шықты. Тек дайындап қойған қойылымдарымыз бен билерімізді көрсете алмағанымыз болмаса, концерт ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті. Жарық болмаса да, көрермен мәдениет үйінде кеш соңына дейін отырып тамашалады, — дейді Мирамгүл.

Әңгіме барысында Мирамгүлдің жұмыс барысында балаларына қатал басшы екенін байқасақ, үйде мейірімді ана екенін аңғардық.

Балалардың әрқайсысына жеке тұлға ретінде қараймын. Әрқайсысымен бөлек-бөлек сөйлесуге тырысамын. Олардың мүлде бос уақыты жоқ, сабақтан шыға сала қосымша үйірмелеріне барады. Одан қалды концертке дайындығымыз бар. Үй шаруасына да жұмсаймын, — дейді ол.

Өнерлі әулеттің арнайы бір демеушілері де, жеке автобустары да жоқ. Әңгіме барысында ансамбльдің көркемдік жетекшісі қаржылық жағынан азды-кем қиындықтар болып тұратынын жасырмады.

— Қазіргі таңдағы бас демеушім — жолдасым. (күліп-ред) Киім тіктіретін болсақ та, бір жаққа жол жүретін болсақ та сол кісі көмектеседі. Сахналық киімдерден бөлек, аспаптарымызды да тапсырыс бойынша жасатамыз. Сондықтан барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Дегенмен топтың аяққа тұрып кетуіне қол ұшын созған адамдар да болды. Мәселен «Роза», «Сәукеле» тігін шеберханалары сахналық киімдерімізді дайындап берсе, қалалық мәслихат депутаты Амантай Үмбетайұлы қаржылай демеушілік көрсетті. Қолынан келгенше көмегін беретін өзіміздің Сазды мәдениет үйінің директоры  Жансәуле Кемероваға да алғысымызды білдіреміз, — деді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button