104 жастағы әженің батасы

Байғанин ауданының халқы да референдумға белсенді қатысты. Бәрінің көңіл күйлері шат. Олар халыққа жақын, ел-жұрттің сұранысы негізінде әзірленген Конституциялық реформаның саяси жүйені түбегейлі өзгертетініне сенеді. Сол себепті де таңертең ертемен өз таңдауларын жасауға ықыласты халық легі көп болды.
Жалпы аудан бойынша 14 006 сайлаушы бар.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Жаниннің мәліметінше, жалпы саны 24 референдум учаскесі жұмыс жасап жатыр. Аудан орталығы Қарауылкелдіде 5 учаске бар. 18 жасқа толып, бірінші рет сайлауда таңдауын жасайтын жастардың үлесі – 115 адам.
– Аудан бойынша ең үлкен тұрғын Тұраш Құдайқұлова – 104 жаста. Ол Жаңажол ауылдық округі Оймауыт ауылында тұрады. Комиссия мүшелері кейуананың үйіне арнайы барып, үлкен кісінің өз таңдауын жасауына мүмкіндік жасады. Әже “Ел аман, жұрт тыныш, бейбіт заман болсын”,- деп ақ батасын берді, – дейді Нұржан Жанин.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.