Референдум

Халық көптен күткен өзгерістер бүгіннен бастау алмақ

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының ұжымы елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси оқиғалардан ешқашан қалыс қалмайды. Ұжым мүшелері республикалық референдумға да бір кісідей қатысып, өз дауыстарын берді.
«Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды оқиға. Жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы қадамдар мемлекетіміздің негізгі құжаты – Конституцияны қайта қараудан басталады. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, өмірімізде түбегейлі өзгерістерге жол ашылады. Барлық реформаларды табысты жүзеге асыру Қазақстанның әлемдік кеңістіктегі саяси және экономикалық ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің мүшесі, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова да бекітілген сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді.
«Біздің еліміз үшін және мен үшін бүгін тарихи күн. Мен конституциялық құқығымды пайдаланып, дауыс беруге келдім. Конституцияда биліктің қайнар көзі халық деп көрсетілген. Осы қағидатты жүзеге асыру үшін де, маңызды сәтте дауыс беріп, өз көзқарасымызды білдіруіміз керек»,- деп атап өтті кәсіпкер.
Аудандарда да бизнес өкілдері дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Аудан орталықтарындағы көптеген учаскелерде концерттік бағдарламалар мен жәрмеңке- сатылымдар ұйымдастырылып, оның ішінде «Бастау» жобасының түлектері де өз өнімдерін ұсынды.
Мысалы, Мәртөк кентінің тұрғыны Сәния Коханова «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдаудың арқасында ірімшік өндіру бойынша өз жобасын іске қосты. Ол сайлау учаскесіне отбасымен бірге келіп, ашылған сәтте дауыс берді. Содан соң кәсіпкер өз өнімдерін жәрмеңкеге белгіленген қатарларға шығарды.
«Референдумға қатысу өте маңызды деп білемін, өйткені халық көптен күткен өзгерістер осы қадамнан бастау алмақ» – деді кәсіпкер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button