Референдум

БІР МЕКТЕП, ЕКІ УЧАСКЕ: 6 БІРІНШІ ДАУЫС БЕРУШІ ЖӘНЕ 6 ҮЙДЕН САЙЛАУШЫ

Ақтөбе қаласындағы 11 шағын ауданда орналасқан №35 орта мектепке таңғы сағат 7.00-ден бастап өз таңдауын жасаушылар легі көп болды.

Аталған білім шаңырағының ғимаратында  екі сайлау учаскесі орналасқан. Халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін мұнда мектеп оқушылары ән-жырдан шашу шашты.

— 11 шағын ауданда халық көп тұрады. Сондықтан сайлаушылар да көп. Бұл аудандағы 4 мектептің (№9, №32, №35, №37) 4-еуінде де сайлау учаскелері бар. Біздің мектептің ғимаратында екі учаске орналасқан. Олар — №28 және 110 сайлау учаскелері. 18 жасқа толған 6 сайлаушымыз бар. Оның біреуі мектебіміздің түлегі. Ол таңертең ерте ата-анасымен бірге келіп дауыс беріп кетті. Үйде дауыс беретін 6 сайлаушымыз бар, – дейді №28  референдумның комиссиясының төрағасы Бақытбек Ержан.
Оның айтуынша, таңғы сағат 7.00-8.00-дің арасында негізінен үлкен кісілер, зауыт қызметкерлері мен жұмысшылары келіпті.
– Сайлаушылар ерекше белсенділік танытып жатыр. Ұйымдасқан түрде отбасыларымен келіп, өз таңдауларын жасаған сайлаушылар да көп. Ел-жұрттың көңіл күйі көтеріңкі, — дейді Бақытбек Ержан.
Сайлауға тыл ардагері, 90 жастағы Ғалым Қамысбаев та отбасымен келді.
– Бүгін елімізде үлкен маңызды саяси шара өткізіліп жатыр. Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, біразы қайта жазылады. Яғни осы реформаның арқасында саяси жүйе түбегейлі өзгермек. Өзгертулер мен толықтыруларды мұқият оқып шықтым. Конституциялық реформаның халыққа жақын екендігі қуантып отыр.
Өзім ұзақ жыл қорғаныс саласында қызмет еттім. Ел тәуелсіздігінің арқасында Кеңес дәуірінде жетпеген өркениет игіліктеріне қол жеткізіп жатырмыз. Мемлекет Басшысының барлық бастамаларын  қолдаймын, – дейді тыл ардагері Ғалым Қамысбаев.
Аталған учаскеде 2 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Сайлау барысын 5 қоғамдық бақылаушы бақылауда.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button