Басты жаңалықтарМереке

Кітап фестивалі үш айға созылады

«Kids book fest-2022»  балалар кітап фестивалінің ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Облыстық  білім басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары ұйытқы болған шара Балалар жылына орай өткізілді. Абай гүлзарында өткен фестивальге облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, мектеп оқушылары, кітап дүкендері өкілдері жиналды.

Фестиваль мақсаты — жас ұрпақ бойына жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, олардың көркем әдебиетке қызығушылығын дамыту, отбасылық кітап оқу дәстүрін арттыру.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова балаларды мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол біздің облыста оқушылардың саналы тәрбие, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып жасатқанын айтып, балаларды осы мүмкіндіктердің бәрін тиімді пайдалануға шақырды.

Фестивальде белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Ертай Ашықбаев сөз алып, адам өмірінің мәні де, сәні де  бала екенін айтты. Ел ертеңі жас ұрпақ екенін тілге тиек етті:

Қазір осы гүлзарда кітап фестивалі өтіп жатыр. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қазақстан кітапты көп оқитын мемлекеттің бірі болды. Кез келген адам кітап оқитын. Кешегі аласапыран заманда кітап оқуды азайтып алдық. Енді қайтадан кітап оқуымыз керек. Өйткені елдің болашағы кітап оқуға байланысты. Соның ішінде әдеби шығармаларды көбірек оқу керек. Әдеби шығарма оқу миды шынықтырады, сана-сезімді шынықтырады. Ал миы сана-сезімі шыныққан адам ғылымның кез келген саласында болсын, спорт саласында болсын — озық болады. Балаларымыз өз қатарынан озық болсын деген ниетпен аға-апаларыңыз, біздің облыстың билігі осындай мереке жасап отыр. Бұл мерекені әрі қарай өздеріңіз жалғастырып, жаз бойы осы жерде кітап оқисыздар, сіздер елімізді оқитын мемлекетке айналдыруға үлес қосады деп үміт етеміз, — деді Ертай Ашықбаев.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры Құралай Райымбаеваның айтуынша, шара 5 бағыттан тұрады. Олар: «Менің Отаным — Қазақстан!», «Біз бақытты баламыз», «Қызықты кітаппен демалыс», «Еркін оқу кеңістігі», «Оқы және өзгеге сыйла».

Бірінші бағытты таңдаған балалар туындыларында Қазақстанның әсем қалаларын, табиғаты мен кең даласын, ұлттық киімі мен музыкалық аспаптарды, ою-өрнектерін бейнелейді. Мұндағы мақсат — балалардың елін, жерін сүюге, өз елімен мақтана білуге тәрбиелеу және дарынды жас суретшілерді шығармашылық ізденіске баулу, — дейді Құралай Райымбаева.

Өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды насихаттау мақсатындағы «Біз бақытты баламыз» бағыты бойынша  өткізілетін іс-шараларда оқушылар ақын-жазушылардың туындыларын мәнерлеп оқиды. «Қызықты кітаппен демалыс» бағытында кішкентай оқырмандар ертегілер желісі негізінде театрландырылған көріністер, қойылымдар қояды.  «Еркін оқу кеңістігі» бағыты балалардың кітап оқуға ынтасын арттырып, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын арттыруға ықпал етеді. «Оқы және өзгеге сыйла» бағытында оқушылар оқыған кітаптарынан алған әсерімен бөлісу үшін келесі оқырманға өздерінің оқыған кітаптарын береді.

Фестиваль маусым, шілде, тамыз айларында әр жұма сайын сағат 17.00-ден 19.00-ге дейін белгіленген кесте бойынша өтеді. Үздік мектептердің ұжымдарына сыйлықтар табыс етіледі. Жүлдегерлер тамыз кеңесінде марапатталады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button