Мәдениет

 «Ұлт рухы — ұрпақ мұраты»

Алматы қаласында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Ұлт рухы ұрпақ мұраты» атты Қазақстанның I мәдениет форумы аясында кітапханалық секцияның отырысы өтті.

Жиын «Әдебиеттегі өзара әрекеттестіктің жаңа форматы: кітапханалар, жазушылар және оқитын ұлт» тақырыбымен өтіп, оған Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің басқарма басшысы Гүлзейнеп Пазылова, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры Нұржан Жолдыбалинов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық одақтың төрағасы Бақытжамал Оспанова, барлық өңірлік кітапханалардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Осы жиынға С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы атынан қатысып, баяндама жасадым. Баяндамада облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен Ақтөбеде жыл сайын «Әдебит. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқаны, қазақ әдебиетінің классикасына айналған ақтөбелік ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында, Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбаев, Ө.Нұрғалиев, С.Жиенбаев, Е.Дүйсенбаев, Б.Тәжібаев, Т.Жармағанбетов, І.Мәмбетов, Т.Айбергенов, Ү.Уайдин атындағы ақшалай сыйлықтар тағайындалғаны, бұл еліміздегі бірегей әдеби жоба екені айтылды.

Қазақстанның І мәдениет форумы еліміздің түкпір-түкпірінен келген музыка, театр, кино, кітапхана, музей, архив секілді руханият саласы қызметкерлерінің басын қосып, жаһандану жағдайындағы мәдени құндылық және оның қоғамға әсері, мәдениет дамуының бағдары төңірегіндегі өзекті ойлар ортаға салынды.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысушыларға ауқымды жиынның ұйымдастырылу мақсатын түсіндіріп: «Жаңа бетбұрыс саяси тұрғыдан ғана жаңару емес. Ол ұлттың мәдениетінен руханиятына дейінгі, әлеуметінен әдебиетіне дейінгі мәселені қамтиды. «Өнер — адам бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі» деген сөз бар, сол ұлы қабілетті игілік пен ізгілік арнасына бұра алатын да сіздер. Сіздер ғана тарихымызды тасқа қашап, сіздер ғана ұлт музыкасы мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын ғасырдан-ғасырға жалғап келесіздер. Сол себепті де зиялы қауымды ұлттың ұяты, рух иесі деп бағалап жатамыз. Кез келген халықтың болмысы мен бітімін, тілі мен дінін айшықтағанда саясаткерін емес, алдымен ақыны мен жазушысын еске алады. Ағылшын тілін Черчилль мен Елизаветаның тілі деп ешкім айтпайды, ұлы Шекспирдің тілі, француз тілін Наполеонның тілі емес, Гюго мен Дюманың тілі деп таниды. Біз де ұлтымыздың шежіресін Қазтуған мен Шалкиіздің, Абай мен Ахметтің тілінде жазуды білеміз. Осындай рухтың қайнары өздеріңізде», — деді. Министр көпшіліктің көкейде жүрген ой-пікірлерін жазып алып, алдағы уақытта мүмкіндігінше ескерілетінін айтты.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы

директорының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button