Таным

Ливия қандай ел?

Ливиядағы жағдайға қазір әлем тапжылмай көз тігіп отыр. Ірі мемлекеттердің басшылары мен саясаткерлердің пікірлері қай кездегідей де бұл тұрғыда да бір арнаға түспейтіні анық. Солай болуға тиіс те.

Ең өкініштісі — азуын айға білеген елдердің ушыққан шиеленісті бейбіт жолмен шешуге ықыласының аздығы. Ирактағы аламантасыр, Ауғанстандағы соңы жоқ соғыс тәрізді бүліктер, расында да, әлдекімдерге әбден керектігін әлем халқы да түйсініп болған секілді. Бұл, әрине, ұзақ әңгіменің еншісі. Ал біз оқырмандарымызға Ливияның арғы-бергі тарихы мен тірлік-тынысы туралы қысқаша мәліметтерді ғана ұсынуды мақсат еттік.

Қысқаша анықтама

Жер аумағы: 1759,5 мың шаршы шақырым.

Халқы: 2005 жылғы санақ бойынша 5,75 миллион адам.

Шекарасының ұзындығы: 4,348 шақырым.

Негізгі тілі: араб.

Негізгі діні: ислам.

Этникалық құрамы: елдің 80 пайыздан астамы Ливия арабтары, сондай-ақ Египет арабтары, берберлер, Тунис арабтары бар. Елде бұларға қоса әрқилы мөлшерде итальяндар, үндістер, Югославиядан шыққандар, түріктер, АҚШ американдары, ағылшындар, француздар, т.б. тұрады.

Орташа өмір сүру ұзақтығы: Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша еркектер 71 жас, әйелдер 75 жас ғұмыр кешеді.

Негізгі экспорт көздері: мұнай, мұнай өнімдері, табиғи газ.

Тәуелсіздік күні: 1951 жылдың 24 желтоқсаны.

Ақша бірлігі: 1 ливий динары — 1000 дирхам. 100 динар — 4,69 АҚШ доллары. 1 АҚШ доллары — 21.30 динар. Бұл — 2002 жылдың қаңтарындағы есеп.

Тарихи хроника

Біздің заманымызға дейінгі 1000-шы жылдар — елдің теңіз жағалауларында финикиялық колониялар пайда болды.

Біздің заманымызға дейінгі 700-ші  жылдар — грекия (Кирена) колониялары пайда бола бастады.

Біздің заманымызға дейінгі V ғасыр — елді Карфаген жаулап алды.

Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасыр — Ливия территориясын римдіктер жаулап алды.

V ғасыр — вандал тайпалары басып кірді.

VІ ғасыр — Византия империясының құрамына енді.

VІІ ғасыр — Ливияны арабтар жаулап алып, мұсылман дініне енгізді.

ХVІ ғасыр — ел территориясы Осман империясының құрамына қосылды.

1912 жыл — Италия-Түркия соғысы салдарынан Ливияның оңтүстік бөлігін итальяндықтар жаулап алды.

1918 жылы — Триполитания (елдің батыс бөлігі) республика болып жарияланды.

1928 жыл — Триполитанияны Италия басып алды да, бұл территорияны өз меншіктеріне енгізді.

1939 жыл — Ливия Италия империясының құрамына кірді.

1941-1943 жылдар — Ливия территориясында ағылшын-американдар мен итальян-немістер бір-біріне қарсы әскери қимылдар жүргізді.

1943 жыл — елде британия және француз әкімшіліктері орнады.

1951 жылдың 24 желтоқсаны Ливия корольдігінің тәуелсіздігі жарияланды.

1956 жыл — ел территориясынан барлық шетелдік әскерлер шығарылды.

1969 жылдың 1 қыркүйегі — әскери төңкеріс болып, монархия құлатылды. Муаммер Каддафи билігі орнап, ел «ливиялық ислам социализмі» жолына түсті.

Полковниктің бағыты

Осылайша бұл территориясы ежелгі римдіктер колониясы да болды, вандалдардың, византиялықтардың шапқыншылығына да ұшырады, арабтарға, түріктерге мойынсұнды, ақыры итальяндықтар да қожаңдады.

Зарығып күткен тәуелсіздікке 1951 жылы ғана қол жетті.

Ал 1959 жылы бұл территориядан мұнай табылды да, Ливия корольдігі бай жұртқа айналды.

Осыдан тура он жыл өткен соң 27 жастағы Муаммар Каддафи төңкеріс ұйымдастырды да, корольді тағынан тайдырды.

Каддафи басқарған революция Ливияның зор әлемдегі өз орнын табуды мақсат еткен еді. Каддафидің әйгілі «Жасыл кітабында» (бұл кітап қазақ тілінде де жарық көрді) коммунизмге де, капитализмге де балама табуға қатысты ұмтылыстар кеңінен баяндалады. Дегенмен бұл ретте мұсылмандық бояу айқын аңғарылып тұрар еді. Мысалы, ел Мұхаммед пайғамбардың қайтыс болған күнінен басталатын өздеріне лайық күнтізбе құрастырып алды. Ал елдің құрылымын Каддафи «джамахирия» деп атады. Мемлекеттегі әрқилы қызметтердің билігі, әрине, әртүрлі халық комиеттеріне тиесілі, дегенмен жұмылған жұдырықтың, ашылған алақанның басты иесі полковник Каддафи екені және даусыз.

Ливия социализмі туралы толық білгісі келгендер полковник Муаммар Каддафидің «Жасыл кітабын» интернеттен оңай тауып ала алады.

Экономика

Үстіміздегі ғасырдың басында Ливияның саудадағы басты әріптесі Италия болып келді. 40 пайыз экспорт пен 18 пайыз импорт осы елдің еншісіне тиді, Германия — 20 және 12 пайыз, Ұлыбритания — 6,5 және 3 пайыз.

Елде мұнай өңдейтін, азық-түлік және тоқыма кәсіпорындары бар. Цемент және құрылыс материалдары шығарылады.

Экспорттың негізгі көзі — мұнай. Саяси шиеленістерге байланысты халықаралық эмбаргоға тап болған шақта Ливия Қытаймен сауда қарым-қатынасын жақсартып алғаны да бар.

Ауыл шаруашылығы жалпы ұлттық өнімнің 5 пайызын ғана беріп отыр және негізінен ішкі рынокқа қажетті өнімдерді ғана ұсынады, бұл салада халықтың 15-20 пайызы еңбек етеді. Негізгі өндірілетін өнімдер — бидай, арпа, зәйтүн. Елдің ауыл шаруашылығымен айналысатын өлке — Триполитания, дегенмен ел болашақта ірі ирригациялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап жүрген болатын.

Нақты фактілер

  • Әр жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім — 14 192 доллар
  • Мемлекет жыл сайын отбасының әр мүшесіне 1 000 доллар демеуқаржы (дотация) төлейді.
  • Жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақы (пособие) — 730 доллар.
  • Медбикенің жалақысы — 1 000 доллар.
  • Дүние есігін ашқан әр сәбиге 7 000 доллар төленеді.
  • Отау құрғандарға үй сатып алу үшін 64 000 доллар беріледі.
  • Жеке бизнес ашу үшін берілетін бір мерзімдік материалдық көмек — 20 000 доллар.
  • Ірі салықтар салуға және қандай да бір себептермен ақша жинауға тыйым салынған.
  • Білім беру мен медицина қызметін көрсету тегін.
  • Шетелде білім алу мен тәжірибелерден өту мемлекет есебінен жүргізіледі.
  • Көп балалы отбасылар үшін арнаулы дүкендер желісі ашылған, онда негізгі азық-түліктер өте арзан, болар-болмас бағамен беріледі.
  • Мерзімі өтіп кеткен тауарларды сатқандар ірі айыппұлдар төлейді және олардың ісімен арнаулы полицияның құрамалары айналысады.
  • Дәріхананың бір бөлімі дәрі-дәрмектерді тегін береді.
  • Жалған дәрі-дәрмек жасағандар өлім жазасына кесіледі.
  • Пәтерақы төленбейді.
  • Тұрғындар электр қуатын пайдаланғаны үшін де ешқандай ақы төлемейді.
  • Спиртті ішімдіктер сатылмайды, «құрғақ заң» енгізілген.
  • Пәтер мен автокөлік сатып алуға пайызсыз несиелер беріледі.
  • Риэлиторлық қызметтерге тыйым салынған.
  • Автөкөлік сатып алатындардың қаржысының 50 пайызын мемлекет төлейді, халық жасақшылары үшін бұл көмек — 65 пайыз.
  • Бензин судан да арзан. 1 литр бензин 0,14 доллар тұрады.

(Интернет және «Наш мир» газетінің, «Страны и народы мира» кітабының материалдары бойынша әзірленді).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button