Басты жаңалықтарМереке

Тәуелсізбін, биікпін, байтақ елмін!

4 маусым — ҚР Мемлекеттік рәміздері күні

Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне — 30 жыл. 1992 жылдан бері еліміздің Әнұраны, Туы мен Елтаңбасы ел тәуелсіздігін айшықтайтын басты белгілерге айналды. Мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі саналатын Мемлекеттік рәміздердің мәртебесі биік. Ал оны құрметтеу — баршаға ортақ міндет.

Мемлекеттік рәміздерді қолданудың өзіндік тәртібі, ережесі бар. Ол туралы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңда белгіленген. 4 маусым қарсаңында мемлекеттік символдарды қолданудың қандай ережелері бар, рәміздерге құрмет көрсетпеген мекемелерге  қандай шара қолданылады, айтулы дата қарсаңында облыс аумағында қандай іс-шаралар өтетіндігін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы  Ләззат Оразбаевадан білген едік.

Сонымен…

Ақтөбе облысында Мемлекеттік рәміздерді қолдану, пайдалану және насихаттау тұрақты бақылауда.

Бұрын облыс әкімі жанында мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмыс істеді. Аталған комиссияның мүшелері өңірдегі Мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің қолданылуына мониторинг жүргізетін. Талапты сақтамаған мекемелерге айыппұл салуға да құқығы болды. Ләззат Оразбаеваның айтуынша, қазір бұл комиссия өз жұмысын тоқтатқан. Ендігі жерде облыстық ішкі саясат басқармасы еліміздің Мемлекеттік рәміздерін насихаттау, оларды қолдану талаптары мен қағидаларын түсіндіру мақсатында мемлекеттік мекемелерге тұрақты түрде ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетіп отырады.

— Бүгінгі таңда облыста 1465 мемлекеттік мекеме жұмыс жасайды. Өткен жылы Рәміздердің қолданылу талаптары мен қағидаларын түсіндіру мақсатында 6 оқу семинары ұйымдастырылып, 600-ден астам адам қамтылды. Сондай-ақ еліміздің Әнұраны, Туы мен Елтаңбасын насихаттау мақсатында облыстағы барлық білім беру мекемелерінде 2398 ашық сабақ ұйымдастырылды. Ал биыл техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып 21 облыстық басқармада және аудандардағы 66 мемлекеттік мекемеде ақпараттық-әдістемелік түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 3000-нан астам Ту, 2000-ға жуық Елтаңба орналастырылған. Олардың заңсыз пайдалану, сондай-ақ Мемлекеттік Әнұранды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып орындау 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ Заңда Мемлекеттік рәміздерді пайдалану міндетті болып есептелетін мекемелерде оларды пайдаланбаған жағдайда лауазымды адамдарға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал жоғарыда аталған олқылықтар әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

— Барлық мемлекеттік мекемелер Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын ауыстыру бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылуы қажет екенін білуге тиіс. Стандартқа сай келмейтін рәміздерді жою — өртеу, балқыту, 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын мөлшерде бөлшектеу, қалыпсыз массаға және ұнтақ күйге айналдыру жолымен жүргізіледі. Ал Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе түзеу жұмыстарына, алты жүз сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға тартылады, екі жылға бас бостандығынан шектеледі немесе сондай мерзімге бас бостандығынан айырылады, — дейді басқарма басшысы.

Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыру мақсатында Ақтөбе қаласынан өзге 7 ауданда 10 тутұғыр бар. Басқарма басшысы облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта өңірдің барлық аудандарында тутұғыр орнатылатынын айтты. Айта кетейік, өткен жылы ҚР Конституциясы күні  12-шағын ауданның айналма жолында қаладағы екінші Тутұғыр монументі салтанатты түрде ашылған болатын. Ашылу салтанатында еліміздің Туы тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әскери оркестр орындаған мемлекеттік Әнұранның әуенімен 30 метрлік биіктікке көтерілгені әлі күнге дейін ел есінде.

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай 2022 жылдың 7 ақпанында облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес облыс көлемінде 180-ге жуық шара өткізу қарастырылған.

— Рәміздердің 30 жылдығына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғаса береді. Ал 4 маусым күні таңертеңгі сағат 9.00-де республика бойынша адам көп жиналатын алаңдарда Мемлекеттік Әнұранды бір мезгілде орындау акциясы өтеді. Республикалық шараға облыс орталығымен қатар, барлық аудан тұрғындары да қатысатын болады. Ақтөбеліктер «Туымыз — төрімізде» деп аталатын тағы бір республикалық акцияға өзіндік үлесін қоспақшы. Ақтөбе қаласында, барлық ауданда автошеру, велошеру өтеді. Бұдан бөлек 4 маусымда елордада «Көк тудың желбірегені» атты республикалық патриоттар форумы өтеді. Оған біздің облыстың атынан 5 белсенді жас делегат ретінде қатысады, — деді Ләззат Оразбаева.

Сондай-ақ «Мен Қазақстанның патриотымын» акциясы аясында жастар арасында фотобәйге ұйымдастырылмақ. Мемлекеттік қызметке енді қадам басқан бірнеше жас мемлекеттік қызметшінің ант қабылдау салтанаты да дәл осы күні өтеді.

 — Патриотизмді нығайту жолында мемлекеттік рәміздерді киелі ұғымға айналдыру — айрықша маңызды факторлардың бірі. Сондықтан Мемлекеттік Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның сөзі жазылған стендтің белгіленген стандарттарға сай орналасуы аса маңызды. Рәміздер — киелі құндылық. Бұл тұрғыда ешкімнің таласы болмаса керек. Мемлекетіміздің мызғымас тетіктерін қадір тұтып, құрметтеу — еліміздің әрбір азаматының алдына қояр басты міндет, — дейді басқарма басшысы.

Егемен елдің көк туы ақтөбеге қалай жетті?

1992 жылы 4 маусымда еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ал сол уақытта егемен елдің көк туының алғаш рет Ақтөбеге қалай жеткенін біреу білсе, біреу білмес. Алматы қаласынан көк туды өз қаражатына сатып әкеліп, Кеңестер үйінің төбесіне тіккен Келдібай Еспағамбетов болатын.

Сол жайды облыстық «Ақтөбе» газеті 1992 жылғы 7 тамызда шыққан санына жариялап, жұртшылыққа қуана хабарлағанын газет тігінділерінен көруге болады.

1992 жылғы газеттің 135-нөмірінің алғашқы бетінде «Егеменді елдің жалауы Кеңестер үйінің төбесіне орнатылды» деген мақала жарияланған. Онда:«Қандай асқақ, қандай көркем: енді ғана шыққан еркіндік Күнімізді қанатымен көтерген қыран құс ұлтымыздың бақытты болашағына қарай самғап келе жатқандай. Ол туған жұртымыздың биіктеген мәртебесі, мәуелеген мұраттары секілді. Құтты болғай!» делінген. Сондай-ақ егемен елдің көк туын «Қазақ тілі» қоғамы қалалық ұйымының атынан оның төрағасы Келдібай Еспағамбетов Алматы қаласынан арнайы алып келіп, облыс әкімшілігіне сыйға тартқаны жазылған.

Мән-жайдың нақты қалай болғанын білу үшін Келдібай ағай Еспағамбетовтің өзіне хабарластық. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік Туын бірінші болып Ақтөбеге жеткізген Келдібай Еспағамбетұлының сол кездегі оқиғалармен қатар, Алматыдан Ақтөбеге қарай ұшып келген ұшағының рейс нөміріне дейін есінде екен.

— Мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Атын естігенмен, затын көрмедік. Күндер мен айлар өтіп жатты. Бір күні ойдан ой туып, еліміздің Мемлекеттік Туы Ақтөбеге қалай да келуікерек қой  деген ой келді. Оны қайдан алуға болады, қайда тігіледі? Осы сұрақтарға жауап іздеп Алматы қаласына сапар шектім. Адам бір нәрсені шын іздесе, табатыны ақиқат. Мемлекеттік Туды дайындап шығаратын еліміздегі жалғыз мекемені таптым, — деген Келдібай Еспағамбетов сол кезде Ақтөбеге 2 Мемлекеттік Тумен қатар еліміздің тұңғыш Президентінің портретін алып келгенін айтты.

Кезінде Келдібай Еспағамбетов Ақтөбеге алып келген Тудың қазір қайда екендігі белгісіз. Бүгінде «ҚР Бейбітшілік және келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігінің облыстық ұйымын басқарып отырған ардагер сол Тудың қайда екендігін сұрап облыс әкімдігіне хат та жазыпты. Бірақ әзірге нақты жауап келмеген. Егер Ту табылған жағдайда облыстың құрметті азаматы оны республикалық музей қорына тапсырғысы келетінін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

тарихшы.

Еліміздің байрағын әлемдік аренада алғаш көтерген спортшы кім?

Тарих ғылымы отыздан астам саладан тұрады. Оның ішінде Мемлекеттік рәміздер мен атрибуттарды тікелей немесе жанама зерттейтін ғылымдар бар. Мысалы, вексиллология — жалау, байрақ, штандарт, жалаушалар тарихын зерттейді. «Геральдика» термині латынның «heraldus» яғни жаршы деген сөзінен шыққан. Геральдика генеология, нумизматика, палеография, cфрагистика сияқты тарихи пәндермен тығыз байланысты. Ортағасырлық Еуропа корольдерінің сарайында гербтердің кімге тиесілі екенін анықтайтын, тіркейтін, жүйелейтін және жаңа гербтерді жасайтын арнайы адамдар — герольдтар болған. Эфиграфика (ескі жазуларды зерттейді), эпитафия (құлпытасқа жазылған жазу немесе жоқтау), эмблематика (таңбаларды зерттеу), ономастика (жер-су атауларын зерттеу) тәрізді бағыттар да маңызды…

Бір елдің әскерін басқалардан ажырату үшін қолданылған жалау кейіннен мемлекеттен мемлекетті айыратын белгіге айналып, мемлекеттік Ту пайда болды. Айырым белгі болғандықтан, жалау үлкен де, кішкентай да болып жасалып, көбейтіле береді, түрлі заттарға басылады. Ал Мемлекеттік Ту тек бір ғана дана болып, өзгертуге, көбейтуге жатпайды. Астанадағы Бас флаг — Мемлекеттік Тудың өлшемі 30/15 метр. Оның күтімі үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, қатаң бақылауда ұсталады.

Қазақстан жалауын әлемдік аренада алғаш көрсеткен кім екенін білесіз бе? Ол — біздің даңқты жерлесімізӘшім Шәріпұлы. 1992 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатына ТМД құрамасы сапында шақырту алған Қазақстан каратэшілері де барады. Бұл — тәуелсіздік алған алғашқы жылдар. Мемлекеттік рәміздер енді ғана жарияланып, бірақ барлық жерге жетіп үлгермеген кез. Спорт комитеті Ту таба алмай, Мәскеудегі елшілікке сілтейді. «Бізге жаңа ғана екі Ту келді. Біреуін сіздерге берейік, екіншісін елшілік ғимаратының төбесіне ілеміз», — дейді дипломат жігіттер. Сол Франциядағы чемпионатта Әшім Шәріпұлы бас жүлдеге қол жеткізді. Сөйтіп, Қазақстан елінің көк туы алғаш рет әуеге көтерілді. Талай жарыстарға қатысып жүрген дүниежүзінің тәжірибелі спортшылары бұрын көрмеген көк жалауға ұзақ қараған екен. Яғни Әшім Қалиды Тәуелсіз Қазақстанның көк жалауын әуелеткен алғашқы спортшы деуге болады.

«Спортшының ең бақытты сәтінің бірі — жеңіс тұғырында тұрған кезі. Мойнына алтын медаль тағылады. Еліңнің жалауы желбіреп барлық тулардан да биікке көтеріледі. Отаныңның Гимні орындалады. Елдің аманатын орындап, мерейін өсіру рухыңды көтереді. Жылдар бойы төккен тер, көрген қиындықтардың есесі қайтады»,— дейді ардагер спортшы.

Деректерге сүйенсек, қазір әлемде 251 дербес территория бар. Біріккен Ұлттар Ұйымында тіркелген 195 мемлекет бар. Оннан астам мойындалмаған аймақтар бар. Тәуелсіз аймақтар саналатын алпыстан астам мұхиттағы аралдар және Антарктида бар. Міне, осы әлем картасында алтын күнді қанатына қондырып, көк аспанда қалықтаған қыран — Қазақстан елінің байрағы! Қараңызшы, ежелгі сақ тайпаларының бейнелеу өнері «аң стилі» тарихи сабақтастықпен біздің мемлекеттік рәміздерде көрініс тапқан. Қыран құс, қанатты пырақ бабамыздың серігі болды. Ашық аспан, өмірге құштарлық пен жасампаздық, азаттық ғасырлар бойы бабалардың арман-мұраты болды. Әлемде  7000 шамасы тілдер мен диалект бар. Яғни мыңдаған ұлттарда мемлекет те, рәміздер де жоқ.

Менің үш жастағы кішкентай қызым көк Ту көрсе, «Қазақстан» деп шаттана айқайлайды. Өз еліңде, өз жеріңде бейбіт өмір сүру, оң қолыңды жүрек тұсына қойып, өз тіліңде «Менің Қазақстаным» деп Әнұран айту – түсінген адамға ұлы бақыт!

Ақшолпан Оразова,

 Қобда аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.

Мемлекеттік Рәміздер – ұлттық мақтанышымыз

Ұлттық патриотизмді қалыптастыруға негіз болған қазақтың дәстүрлі қоғамында орныққан құндылықтар қатарына, «Отан», «атамекен», «ел-жұрт», «азаматтық борыш», «ар-намыс», «адалдық пен әділдік», «азаматтық парыз», «қанағатшылдық пен жомарттық» және тағы да басқа ұғымдарды жатқызуға болады. Қазақ жұрты кіндік қаны тамған жерін, ата-бабасы қоныстанған мекенін ерекше қадірлейді. Қазақ үшін атамекен – отанжанды пенде ретінде өмір сүруінің шарттық атрибуты. Сондықтан да халқымыз өз ата-мекенін, Отанын, өз халқын, өз тілін, өз мемлекетінің рәміздерін, салт-дәстүрін жүрекпен сүйе білген, әрі ұрпағын да соған тәрбиелеген, баулыған.

Қиын жолдарды басынан өткерген қазақ елінің жиырмасыншы ғасырдың соңында тарихи санасында тағы бір жарқ етіп, өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздер дүниеге келген сәттер ерекше орын алды. Бүгін тарихқа айналған тәуелсіз Қазақстан Республикасының рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы кездейсоқтық емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділіктің арнасын ашқандай болды. Танымал өнер иелері ғана емес, қолына қылқалам ұстаған мектеп оқушысынан зейнеткерге дейін мыңдаған отандасымыз ойға ой қосып, өз жүрек дүрсілдерін жеткізуге асықты. Бүгінгі күні еліміздің рәміздері халық санасында орнығып, мемлекетімізді әлемге танытқан ерекше символ болып қалыптасты.   Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Қасиетті  тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде төл рәміздеріміздің дүниеге келуінің куәгері болдық.  Осыдан отыз жыл бұрын еліміз өзінің Мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Сол кезеңнен бастап тарих жылнамасында берік орын алған   Рәміздер күні кең көлемде  атап  өтіледі.

Әлемдік қауымдастыққа танымал еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің Тәуелсіздік тарихында  алар орны ерекше. Ел үшін маңызды талай  айтулы шаралар  мен  додаларда  қазақстандықтар намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрініп,  көк туымыз  биікте желбіреп, абыройымыз асқақтады.

Мемлекеттік рәміздер – біздің туған жер, Отан, патриоттық деген ұғымдармен байланысты ұлттық мақтанышымыз. Олай болса, ел рәміздерін  насихаттау, өскелең ұрпақтың ұлтжандылық сезімін қалыптастыру – аға ұрпақ өкілдерінің  де міндеті.Төл рәміздеріміздің мерейлі мерекесі қарсаңында Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен асқақ тәуелсіз еліміздің  болашағы жарқын  болғай демекпіз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button