Мереке

Көңілді демалыс, жаңа достар…

Жадыраған жаз мезгілі де басталды. Оқу жылы аяқталып, түлектер үшін соңғы қоңырау соғылғанымен, әр сыныптан санаулы оқушы жазғы мектепке барып жүр.Кейбір балалар каникулды күн санап күтіп, ауылға аттанса, енді бірі ата-анасының лагерьге жіберуін күтіп отыр. Балаларға арналған атаулы жылда каникул қалай ұйымдастырылады? Қандай лагерь бала қабылдауға дайын? Жолдама құны қанша? Осы сұрақтар төңірегінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен әңгімелестік.

Балалар мен бағыттар

Облыста биылғы мектеп бітірушілерді қоспағанда 1-10 сыныптарда барлығы 153 048 оқушы бар. Облыстық білім басқармасының мәліметінше,биыл жазда 150 мыңнан астам баланың демалысынұйымдастыру жоспарланып отыр.

Биыл да жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруәдеттегідей балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Қала сыртындағы, мектеп жанындағы, сондай-ақ шатырлы лагерьлердің жұмысы ұйымдастырылады. Жекелеген санаттағы балалар жазғы іс-шаралармен қамтылып, қосымша білім беру ұйымдары мен мектептер жанынан жазғы алаңдар ашылады. Сондай-ақ жасөспірімдерді еңбекпен қамту,киелі жерлерге саяхат жасау бағыттары бойынша да жұмыстар ұйымдастырылмақ.

— Жазда оқушылардың 90 пайызы демалыс және сауықтыру іс-шарасымен қамтылады. Жылдағыдай аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ерекше назарда болады. Облыста 1-10 сынып аралығында арнайы санатқа жатқызылатын 15 мыңға жуық бала бар. Бұл балалардың жазғы демалыс науқанын ұйымдастыру үшін 25 мамырдағы облыстық сессияның кезекті отырысында облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, 320 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Бұлай кешіктірілуінің себебіАқтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 16 наурыздағы қаулысына сәйкес, наурыз айынан бастап қана балаларды сауықтыру ұйымдарының жұмыс жасауына рұқсат етілген болатын,— дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Лагерьлер мен жолдама құны

Жазғы маусымда  қала сыртындағы 9лагерь бала қабылдауға дайын.

Олардың 1-еуі ғана мемлекеттік, ол — Алға ауданындағы «Күншуақ» лагері. Ал қалған сегізі — жекеменшік, олар: Қарғалы өзені бойында орналасқан «Шұғыла» және «Мұнайшы», Кірпішті елді мекеніндегі «Береке» және «Әсем», «Ақжар» ауылындағы «Campit», Ақтөбе қаласындағы «Ракетка» спорттық-сауықтыру лагері, Хромтау ауданындағы «Мұғалжар» лагері.

— Әдеттегідей лагерьге бірінші кезекте аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, атаулы әлеуметтік көмек алатын және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылады. Жалпы облыс бойынша жазғы маусымда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 4219 бала қала сыртындағы лагерьде демалатын болады. Бұл — аталған санаттағы балалардың тек 28 пайызы. Әрине, бұл өте аз, сондықтан қалған 10788 бала мектеп жанындағы, шатырлы лагерьлерге, экскурсияларға баратын болады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Қала сыртындағы лагерьлердің жолдама құны — 60-65 мың теңге аралығында. Тек Ойыл ауданындағы «Екпетал» орман шаруашылығында орналасқан «Көкжар-Барқын» маусымдық лагері ғана арзандау — 35 мың теңге.

Облыс аумағындағы мектептер жанында жұмыс жасайтын 366 лагерьге 68049 бала баруға ниеттеніп отыр.Оның ішінде аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, атаулы әлеуметтік көмек алатын және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бюджеттен 102,5 млнтеңгеқаражатбөлінген. Мектеп жанындағы лагерьлер маусым-шілде аралығында ғана жұмыс істейді.

Сонымен қатар1 шілдеден бастап  Байғанин, Ойыл аудандарынан басқа 11 ауданда 16 шатырлы лагерь жұмыстарын бастайды.

Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, облыстағы ірі өндіріс орындары мен компаниялардың және ата-аналардың есебінен24 мыңғажуық баланың жазғы демалысы тиімді ұйымдастырылмақ. Жылдағыдай балаларды «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру және «Бөбек» ұлттық ғылыми практикалық, білім беру және сауықтыру орталықтарына апару да жалғасады. Жыл бойы жұмыс жасайтын республикалық лагерьлерге жаз мезгілінде Ақтөбе облысынан 265 оқушыбарып қайтпақ.Сонымен бірге500 девиантты мінез-құлықты және қолайсыз отбасы балалары демалыс түрлерімен қамтылатын болады.

Ресейде тұратын қазақ балалары «Күншуақта» демалады

Өңірдегі оқушылар ғана емес, көрші Ресей елінде тұратын қазақ балалары да Ақтөбеде тынығады. Дәлірек айтсақ, маусым-тамыз айларында білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Күншуақ» лагерінде 312 бала демалады.

— Балалар жылы аясында осы «Күншуақ» лагерінің базасында халықаралық тілдік лагерь ұйымдастырылады. Мұнда лагерьге Ресей Федерациясында тұратын этникалық қазақ отбасыларының балалары келеді. Лагерь бағдарламасына қазақ тілінің сабақтары енгізіліп, Қобда және Ойыл аудандарына бір күндік экскурсия жоспарланып отыр. Жоспар бойынша Ресейдің Алтай Республикасы, Мәскеу, Орынбор, Самара, Саратов, Челябі секілді 6 өңірінен 30 бала келеді,— дейді Нұргүл Бертілеуова.

Сондай-ақжазғы маусымда өңірдегі 48 қосымша білім беру ұйымдары жанынан да жазғы алаңдар мен үйірмелер жұмыс жасайды. Аталған мекемелерде жалпы 28134бала қамтылады. Оның 10880-і —  шығармашылық, 9454-і — спорттық-туристік, 5500-і — тілдік және 2300-і ғылыми-техникалық бағыттағы алаңдарға қатысады.

Үш ай жазда Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Темір, Ойыл, Хромтау, Шалқар аудандары мен Ақтөбе қаласында 10 мыңға жуық бала абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына тартыла отырып, еңбек ететін болады.

Жаз бойы балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру облыстық білім басқармасының үнемі бақылауында болмақ.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button