Мереке

Оңалту орталығы ашылды

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Елбасы Қорының қолдауымен ашылған бұл нысан облыс балаларының денсаулығын нығайтуына зор септігін тигізетіні сөзсіз.

Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

— Балалар жылы аясында Ақтөбе өңірінде балаларға арналған көптеген әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде облыста 28 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның 4 жарым мыңы — 18 жасқа дейінгі балалар. Медицина саласында балаларды оңалту шаралары бұған дейін де жүзеге асырылып келеді. Бұл жолғы «Қамқорлық» орталығының өзіндік ерекшелігі бар. Ендігі жерде балаларымыз кешенді оңалту шараларын өзге өңірлерге бармай-ақ, облыс орталығынан алатын болады.

Биыл Есет батыр шағын ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының және балабақшаның құрылысы басталды. Сондай-ақ Батыс-2 ауданында спорт кешені пайдалануға берілмек. Биыл Қобда ауданы Егіндібұлақ елді мекенінде ересектерге арналған 50 орындық оңалту орталығы іске қосылады. Мұның барлығы мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып отыр, — деді ол.

Мұндай орталықтар «Самұрық Қазына» ұлттық қорының бастамасымен еліміздің 15 өңірінде ашылған. Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасы ғимаратының ауласында орналасқан екі қабатты орталық 2 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Облыстық әкімдіктен бөлінген қаржыға реконструкция бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

— Орталық мүмкіндігі шектеулі балаларға неврология, балалардың ми сал ауруы, эпилепсия және Даун синдромы бойынша, сондай-ақ күрделі отадан кейінгі оңалту шараларын жүргізеді. Құны 200 миллион теңге болатын заманауи еуропалық жабдықтар қондырылды. Бұл — Батыс Қазақстанда теңдесі жоқ жаңа құрылғылар. Кадр мәселесін нығайту мақсатында Тұңғыш Президент Қорының қаражаты есебінен Нұр-Сұлтан қаласында логопед,  эрготерапевт,  психолог,  дефектолог, емдік денешынықтыру нұсқаушылары, барлығы 29 маман арнайы кәсіби біліктіліктерін арттырып келді. Облыс балалары стационарда жатып, 21 күн тегін ем ала алады. Сондай-ақ арнайы жолдама арқылы өзге де облыстың балалалары қабылданады, — дейді «Ана мен бала денсаулығын қорғау» орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Мамбетжанова.

Орталық инновациялық 4Д форматындағы биологиялық байланыс құрылғыларымен, гелио және шунгит, иппотерапия, механотерапия, эрготерапия, бассейн, т.б. кабинеттермен қамтылған. Мұнда жылына мүмкіндігі шектеулі 600 баланы қабылдау жоспарланып отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button