Пікір

Жаңа Қазақстан: жаңа уақыт, жаңа мүмкіндік

Саудағазы ЕСБОСЫНОВ,

еңбек ардагері.

Ойдағы сөз

Тәуелсіздіктің отыз жылын артқа тастап, төртінші онжылдыққа қадам бастық. Отыз жылда қол жеткен жетістіктерімізді, табыстарымызды зерделеп, орын алған қателіктер мен кемшіліктерге терең талдау жасап, алдағы уақыттың жоспарларын белгілеуге кірістік. Ол жоспардың негізгі желісі — әділ қоғам жасау, Жаңа Қазақстан құру.

Қаңтар оқиғасының сабақтары ескіден тазарып, жаңаша өмір сүруге жол көрсетті. Жаңа Қазақстанды құру — кең көлемді ауқымды шаруа. Осы бағытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында мемлекетті басқару жүйесінің жаңа моделін жасап, саяси реформалар қолға алынатынын

айтқан болатын. Ол үшін республика Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы реформалау жолы анықталды. Конституцияға толықтырылатын,  өзгеріс енгізетін 33 бап белгіленіп, сараптаудан  өтіп, Конституциялық кеңестің мақұлдауынан кейін жалпы халықтық дауыс беру жолымен референдум арқылы қабылданатын болды. Өтетін референдумға дауыс беру жасына толған республика азаматтары тегіс қатысуға тиіс. Осы бағытта  халық арасында түсінік жұмыстары жүргізілуде. Референдумға дауыс беретін азаматтың пікірі есепке алынып, ескерілетін болады. Сондықтан азаматтарға бізді кім тыңдайды деген көмескі ойдан арылып, дауыс беруге қатысыңдар дегім келеді. Жаңа уақыт, жаңа мүмкіндік туғанын ескеруге тиіспіз. Халықтың үніне құлақ асатын, пікірін тыңдайтын, ескеретін мезгіл келгенін ұғынған жөн.

Біздер талай өмір жолынан өткен, талай қиындықпен бетпе-бет келген аға буынның өкіліміз. Сондықтан да қоғамдағы өзгерістерге, басқа да жағдайларға селсоқ қарап отыра алмаймыз.

2022 жылдың 19 қаңтарында Президенттің атына жазған хатымда билік пен халық арасындағы қатынас берік болса, алынбайтын қамал жоқ дегенді айтқанмын. Жоғары лауазым иелері ел арасында жиі болып, халықтың мұң-мұқтажын біліп отырғаны дұрыс, өйткені кеңседе отырып, қағазға үңілумен көп жағдайдан қағыс қалуға болады.

Мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар заңдар, шешімдер негізінде көпшіліктің талқысынан өтіп қабылданғаны жөн болар еді деген ұсынысымды да білдіргенмін. Міне, Конституциялық саяси реформалар жасалатыны айтылып, конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, ол жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатын болғаны менің осы ойыммен сәйкес келгеніне қуандым.

«Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі едәуір күшейеді. Бұл шенеуніктердің өздері қабылдайтын актілердің сапасына деген жауапкершілікті арттырады деп санаймын. Конституциялық деңгейде Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз уәкілдің құзыреттері мен кепілдіктері бекітіледі. Жалпы, әзірленген өзгертулер мен толықтырулар топтамасына Жолдауда айтылған саяси бастамалар мен Конституцияға енгізілуі қажет түзетулерді іске асыруға тиісті нормалар ғана енгізілгенін атап өткен жөн. Басқа да өзекті өзгертулер конституциялық және басқа да заңдар аясында бекітіледі», — деп Президентіміз айтқан тұжырымдама мақсаттың айқындығын, ұстанымның беріктігін көрсетеді.

Ел аман, жұрт тыныш болсын. Ниетіміз таза болып, ісімізді ізгілікпен қолға алсақ, табысымыз да молаяды, қадамымыз да қарыштайды. Жаңа Қазақстанда — жаңарған, тазарған Қазақстанда өмір сүрейік!

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button