Білім

«Алтын белгі» сапа көрсеткіші бола ала ма?

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Бұрын «Алтынның» салмағы басым еді. «Алтын медальға» жақсы оқитын, үлгілі оқушының кез келгенінің қолы жете бермейтін. «Алтынның» жолындағы үлкен мотивацияның бірі«Артек» лагеріне бару да кез келгенге бұйырмайтын-ды.

Ал қазірше? «Алтын белгі» аттестаты білім сапасының көрсеткіші болудан қалып барады. Бұған себеп: «Алтын белгі» иегерлері ұлттық бірыңғай тестілеуде шектеулі ұпай жинай алмай жатыр. Бұдан тура 10 жыл бұрын 312 түлек «Алтын белгіге» үміткер болып, ҰБТ қорытындысында оның 109-ы (34,3 пайызы) білімін дәлелдеген екен. Ал былтырғы оқу жылының қорытындысында 652 бала алтын медаль алыпты.

Қазір «Алтынның» алдындағы жауапкершілікті бала да, мектеп басшылығы да, құзырлы мекемелер де сезінгісі жоқ. Өйткені биыл бесінші жыл «Алтын белгі» ҰБТ-да қорғалмайды. «Алтынның» тағдыры мектепте шешіледі, қорытынды аттестация нәтижесі бойынша анықталады. Тіпт ібұдан екі жыл бұрын пандемияның салдарынан ел бойынша қорытынды аттестация да болған жоқ. «Алтындар» жылдық баға бойынша үлестірілді. Сөйтіп, сол жылы облыстағы 618 үміткердің бәрі де мемлекеттік емтихан тапсырмастан алтын тақты. Былтырғы түлектер де індетке байланысты мемлекеттік емтиханды жеңілдеу тапсырды. Таңдау пәні бойынша сын тапсырған жоқ.

Соңғы кезде «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты сын көп айтылып жүргендіктен болар, сәуір айының аяғында Білім және ғылым министрлігі «Алтын белгі» үміткерлеріне талаптың күшейтілетінін айтып, үміткерлердің қорытынды аттестаттау кезінде алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша емтиханды Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсыратыны туралы шешім шығарды. Бұл туралы сол кезде біз де оқырмандарымызға хабарлағанбыз («Алтын белгі» үміткерлеріне талап күшейтіледі». «Ақтөбе» газеті 30 сәуір 2022 жыл). Бұл уақыттаоблыстағы үміткерлер саны 377 болған-ды. Дегенмен арада екі апта уақыт өтер- өтпестен министрлік шешімін «қайтып алды». «Алтыннан» үміттілер емтиханды Назарбаев зияткерлік мектебінде емес, өз мектептерінде тапсыратын болды. Дер уақытында бұл жаңалықты да оқырманға жеткіздік («Ақтөбе» газеті, 13 мамыр 2022 жыл). Бұдан кейін, яғни талап күшейтілмейтін болғандықтан қорқыныш сейілген болуы керек, үміткерлер саны бірден екі есеге жуық артты. Қазір 614 үміткер бақ сынауда.Министрліктің өз шешімін өзі неге жоққа шығарғаны бізге беймәлім. Белгілісі — бұл талаптың келесі оқу жылынан бастап қолға алынатындығы. Яғни 2023 жылы мектеп бітіретін түлектер математикадан Назарбаев зияткерлік мектебінде сын тапсырады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов күні кеше ғана өткізген министрліктің аппарат жиынында «Алтын белгі» иегері ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балл — 50 ұпай жинай алмаса, мектеп басшылығының жауапқа тартылып, жазаланатынын айтты. «Ертең естімедік, білмедік деген мәселе болмасын. Мектептің басшылығы осы мәселе бойынша тікелей жауапкершілікке тартылып, жұмыстан шығаруға дейін барамыз. Соған дайын болыңыздар, — дейді министр.

Министр білім басқармалары мен бөлімдерінің осы мәселеге қатты назар аударуын ескертті.Дегенмен мұның да қаншалықты орындалатынына уақыт төреші. Өйткені министрлік мұндай талап туралы бұған дейін де айтқан-ды.  2017 жылы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында «Алтын белгі» иегері төмен балл алып, жоғары оқу орнына түсе алмай қалса, оған мектеп директоры жауапты болады», — деген болатын.Сонда неліктен министрлік кері қайтарылатын шешім шығарып, орындалмайтын тапсырма береді? Оның орындалғанын көзіміз көріп, құлағымыз естіген жоқ.

Екінші мәселе: мектепке абырой керек. Білім сапасының көрсеткіші керек. Сол себепті де мектеп әкімшілігі өздерінің мүддесі үшін шамасы жеткенше оқушыларының медаль иеленуіне тырысып бағады(Былтырғы 665 түлектің тек қана 13-і білімін дәлелдей алмапты).Бұл жерде ата-ана да бейтарап қалмайды. Баласын үздіктер қатарына қосуы үшін сынып жетекшісін жағалайды. Ал ақыр соңында таяқ осы істің басында жүргендердің біріне де емес, балаға тиеді. Қадірсіз медальдің зардабын ақыр соңында оқушы тартып, психологиялық соққы алады. Кінәлікім?..

Басқа жаңалықтар

Back to top button