Референдум

Жарқын болашаққа бастар жол

Республикалық референдумның өтуіне санаулы күн қалды.Бүгінгі таңда өңірде түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дүйсенбі күні Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихат депутаттары мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті.

Өңірге референдум барысынтүсіндіру үшін арнайы келген депутаттар Аманғали Бердалин мен Ғалымжан Елеуов мәдениет саласында еңбек етіп жүрген ақтөбеліктерді саяси науқанға қатысуға шақырды. Конституцияның үштен біріне түзетулер енгізілгелі тұрғанын айтқан Мәжіліс депутаттары референдум барысында әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін жеткізді.

— 5 маусым ел тарихында маңызды күн ретінде қалары сөзсіз. Біздің өңірге келіп, кездесу өткізудегі мақсатымыз — сол 5 маусымда өтетін референдумның маңыздылығын, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды тұрғындарға түсіндіру. Бүгінге дейін бірнеше аудан, ауылдарда, ұжымдарда осындай кездесулер өткіздік. Тұрғындардың сұрақтарына жауап бердік, пікірілерін жазып алдық, — деген Ғалымжан Елеуов жиналғандарға Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулердің мазмұнын түсіндіріп берді.

Одан кейін Парламент Мәжілісінің депутаттары Ақтөбе қаласындағы №51 гимназия ұжымымен кездесіп, мұғалімдерге Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы кеңінен айтып берді.

Кездесуде Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы, референдумды қолдау жөніндегі облыстық ақпараттық штаб төрағасы Ербол Данағұлов референдумды қолдау жөніндегі республикалық штабтан өзге өңірімізде облыстық, аудандық, қалалық деңгейде партия филиалдары жанынан 14 штаб құрылғанын, штаб мүшелері 3 маусымға дейін 600-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Мәжіліс депутатыАманғали Бердалин Конституция баптарының үштен біріне енгізілетін түзетулердің азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетінін айтып,реформаға ел тұрғындарының белсенді қатысуы қажет екенін түсіндірді.

Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов конституциялық реформаның билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас теңгерімін оңтайландыратынын, референдум саяси жүйені жаңарту үшін қажет екенін айта келе, ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен біраз ауданға барып, ұжымдармен кездесулер өткізгенін айтты.

Кездесу соңында №51 гимназия директоры Гүлназия Дәрібаева референдумның ел тағдырына, ұрпақ болашағына қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айта келе, әріптестерін 5 маусымда өтетін маңызды саяси науқанға атсалысуға шақырды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button