Тарих

Сүреңсіз сегіз жыл

Жылдағы дағдыммен биыл да 9 мамыр күні  Шалқар ауданындағы Мөңке би ауылына арнайы барып, ондағы саябақта Ұлы Отан соғысына қатысқан боздақтар тақтасының іргесіне балаларым әзірлеген гүл шоқтарын қойдым. Тақтадағы тізімде соғыс майданында қаза тапқан ағаларым Тәке мен Ғайсаның аты-жөні жазылған еді. Бірі 1919 жылы, екіншісі 1923 жылы туған, шаңырақ көтеріп үлгермепті. Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, қан майдан ортасында ерлік көрсетіп, денелері жат жерде қалған. Дәтке медет қылатынымыз — кейін қай жерде қаза болғаны анықталып, есімдері Ұлы Отан соғысына қатысқан ақтөбелік майдангерлер туралы кітапқа енгізілді.

Енді, міне, соғыс қарсаңындағы қуғын-сүргінге тап болған әкем Сүйеумағанбет пен інісі Бекмағанбет жайлы сыр шертудің реті келіп тұр. Жарықтық әкем аса бай да, тым кедей де емес, орташа дәулеті бар, өзгеден мінер ат, сауын бие, көшкенде түйе сұрамайтын, ағайын-туысқа беделді, көзкөргендердің айтуынша, «мұсылманның малы ортақ» деген қағидамен өмір сүрген сақи адам болыпты.

Өзі үш әйел алған: үлкен әжеміз — Ойыл бойындағы кете руынан Бибіғайша Жолмағанбетқызы, өмірге алты бала  әкелген: Айтуған, Жұма, Бибіш, жоғарыда айтылған Тәке мен Ғайса, Қалдыбай. Айтуғанның баласы Жангелді ұзақ жылдар Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет істеді, Жұма ағамыз — ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, есімі облыстық «Ақтөбе» энциклопедиясына енгізілген. Бибіштен туған Қартбай мен Жанғабыл — «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағының иегерлері, екіншісі — Қазақстанның құрметті журналисі, Сәтбай — физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Қалдыбай ағамның домбырашылық өнерін Ахмет Жұбанов жоғары бағалап, Құрманғазы оркестріне шақырған, ол әкесінің сталиндік зобалаңға ұшырауы салдарынан ауылдан ұзап шыға алмапты.

Әкемнің екінші әйелі Таразыдан Рақила апамыз туған. Үшінші әйелі Дәметкеннен Шырақбай, Дариға, Кенжебай, яғни мен және Сайлаубай.

Әкемнің ешкімге зиянын тигізбей, мамыражай тірлік кешкенін көре алмаушылар «ескінің қалдығы, байлықты көксейді, үш әйелі бар, жүйрік ат ұстайды, халық аштан қырылып жатқанда бір баласы немесе ағайыны өлген жоқ, жетім қалған оншақты баланы қатарға қосты, бұрынғы байлармен байланысы болуы мүмкін» деген қауесет әңгімелерді таратады.

Оның үстіне шолақ белсенділер Шабдар көк деген жүйрік тұлпарына, бәсі қымбат кісе белбеуіне қызығып, маза бермеген деседі. Ақырында інісі Бекмағамбетпен бір нәубет құрбандарының тізіміне ілігіп, біріне он жыл, екіншісіне жиырма бес жылға сотталу жазасы кесіледі. Еміс-еміс хабардан білгеніміз, Бекмағамбетті Шалқарда қамауға алған соң көп ұзатпай атқан. Өзі сауда-саттықтың маңайында жүрген, сауаты бар адам болса керек, орыс басшыларымен арақ ішіп отырғанда «атып тастамаса, бірнеше адамға әл бермеймін» деген екен.

Әкем Сүйеумағамбетке айдалған соң Ресейдің Горький облысындағы Сухобезводный деген хуторда орман шаруашылығында жұмыс істеу бұйырыпты. Түрмеде Шалқардан Сағидың Ыбырашы, Қарамолданың Кенжебайы деген азаматтармен бірге болған. Сүйегінің мықтылығы десек те болар, қытымыр аяз бен үскірік боранда түрменің тар қақпасына сыр бермей, сегіз жылға таяу уақытты өткізіп, 1944 жылғы тамыз айының соңында Тоқпанның тұзы деп аталатын қыстаудағы отбасына сақал-мұрты аппақ қудай болып оралыпты. Дариға апамның, менің және інім Сайлаубайдың дүние есігін ашуымыз іштегі шер-шеменді тарқатса керек. Бәрібір, қуғын-сүргін мен түрме тақсіреті әсері болар,1951 жылғы желтоқсан айының соңғы күнінде жалғанның кешіне ілесіп кете барған.

Қазіргі күнде үш әйелден тараған белбаладан Дариға екеуміз бармыз. Жарықтық анам оң-солымды тануға, шежірені зерделеуге көп ықпал етті, немерелерінің бетінен сүйіп, қолымыздан ақыретке жөнелді. Шүкір, бүгінде өзімнің жасым 75-ке бет алды, бір әулеттің  діңгегі атандық.

Әкемнің інісі Бекмағамбеттен екі ұл — Тұрақбай мен Құрақбай қалды. Жетімдіктің кермек дәмін татты, «халық жауының баласы» деген ауыр сөз көпке дейін соңдарынан қалмады. Сонда да олар сағын сындырмай, ағысқа қарсы жүзді, орта мектепті бітіріп, жоғары білім алды. Тұрақбай мал дәрігері мамандығымен Темір ауданының шаруашылықтарында абыройлы еңбек етті, балалары шаңырақ көтерді. Ақылбай бастаған бауырларымыздың талабы сүйсінтеді. Құрақбай медицина ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғап, Алматы қаласында  денсаулық сақтау мекемесінде жұмыс істеді, қынжыларлық жай —балалары ел жаққа ат ізін салған емес. Бақилық болған ағайынды Бекмағамбетовтер соңында ұрпақ бар, соның өзі көңілге медеу.

Кенжебай СҮЙЕУМАҒАНБЕТҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Қандыағаш қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button