Референдум

Әр азаматтың дауысы маңызды

Референдумды қоғамдық қолдау штабының мүшелері М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде болып, «Жаңа Қазақстан: конституциялық реформалар» тақырыбында кездесу өткізді.

Референдумның өтуіне санаулы күндер қалғанын тағы бір еске салған штаб мүшесі, еңбек ардагері Зәпен Жұмабаева елдің болашағы үшін маңызы зор шараға немқұрайдылық танытпай, белсенді қатысу керектігін айтты.

Референдум қатысушысының алдында «Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қолдайсыз ба, жоқ па?» деген бір ғана сұрақ тұрады.  Ал жаңа өзгерістер ел халқының жартысынан көбі «иә, қолдаймыз» деп жауап берген жағдайда ғана жүзеге асады. Сондықтан еліміздің болашағы әрбір азаматтың дауысына байланысты, — деген Зәпен Жұмабаева университет ұжымы мен студенттерге Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен түзетулер енгізу үшін өткізілетін республикалық референдумның маңызына тоқталып, түсіндіріп берді.

Кездесу барысында штаб мүшесі, «Ардагер» қоғамдық қауымдастығының төрағасы Серік Ботағарин, «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің Батыс-Қазақстан филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Азамат Үсембаев, облыстық туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері Ерлан Тәтімов жиналғандарға республикалық референдум барысы туралы кеңінен мәлімет берді.

Медицина университеті ректорының міндетін уақытша атқарушы Эльнара Исмағұлованың айтуынша, бұл — білім ордасындағы референдумның барысы мен маңыздылығын түсіндіруге арналған үшінші кездесу.

— Бұған дейін Парламент Мәжілісі депутаттарының, медициналық қауымдастық мүшелерінің қатысуымен екі кездесу өткіздік. Қоғамдағы саяси өзгеріс туралы ұжым мүшелерімен қатар, студенттеріміздің де хабардар болғаны дұрыс. Әрине, газеттер мен телеарналарда референдум туралы көптеген ақпараттар жарияланып жатыр. Бірақ еркін форматта бетпе-бет өткізген кездесудің орны бөлек, — деді Эльнара Исмағұлова.

Айта кетейік, 60 жылдан астам тарихы бар іргелі оқу ордасында бүгінгі таңда 5475 болашақ дәрігер білім алып жатыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button