Мәдениет

Ақтөбелік Думан — бас жүлде иегері

Кеше Ақтөбе қаласында дәулескер күйші,  белгілі қазанғаптанушы Сәдуақас Балмағамбетовтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған өнер додасына  Ақтөбе, Шығыс, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан барлығы 25 домбырашы қатысты. Негізінен, Қазанғаптың және Сәдуақас Балмағамбетовтің күйлері орындалған байқаудың өзі екі күнге созылды. Екі кезеңде қатысушылар Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз», «Ақжелең», «Жұртта қалған», «Кіші Қаратөс», Сәдуақас Балмағамбетовтің «Күй дастан», «Солдат сағынышы», «Жас отау», «Қыз қуу», т.б. күйлерін, сондай-ақ өздерінің қалауы бойынша қосымша екі шығарманы күмбірлетті.

Ал қазылық еткендер — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Айтжан Тоқтаған бастаған ҚР еңбек сіңірген  артисі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Тұрар Әліпбаев, Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  доценті, күйші Мұрат Әбуғазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы, күйші Жайлау Асылханов, Мәдениет саласының үздігі, күйші Асылбек Кеңегесов, Мәдениет саласының үздігі, қазанғаптанушы, күйші, Нұрболат Жанаманов.

— Халқымыздың күйшілік өнері — рухани мұраның ең бай қазынасының бірі. Қазақ даласындағы бірнеше күйшілік мектептің негізін салып, бүгінге жеткізген дәулескер күйші бабаларымыз аз емес. Қазанғап Тілепбергенұлы осындай дербес мектептің негізін қалап кеткен халық күйшісі. Академик Ахмет Жұбанов: «Қазақ домбыра өнеріндегі жеті мектептің бірі — Қазанғап дәстүрі», — деп атап көрсеткен. Ал Қазанғаптың мол мұрасын зерттеуде Сәдуақас Балмағамбетовтің еңбегі зор. Күйші Сәдуақас Балмағамбетовтің Қазанғап күйлерін шебер тартқаны сонша — ел арасында «Тірі Қазанғап» атанып кеткен. Сонымен қатар Сәдуақас күйші — көптеген күйлердің және бірнеше әндердің авторы, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде — диплом мен 1 миллион теңгеге ақтөбелік Думан Бекмырза лайық деп танылды. Ал I орынды алматылық Бейбіт Темірхан (500 мың теңге) алса, II орынды алматылық Дастан Тоқтаров пен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мағжан Шәріп (әрқайсысына 350 мың теңге) өзара бөлісті. Үздік үштікті ақтөбелік Болат Жалғасұлы, елордалық Марғұлан Ахмедияр және алматылық Арна Батиханов (әрқайсысына 250 мың теңге) қорытындылады. Басқа да қатысушылар арнайы жүлде мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button