Басты жаңалықтар

Бағдат МУСИН: Цифрландырудағы басты мақсат — жемқорлықтың жолын кесу

Сейсенбі күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірнеше мемлекеттік мекеменің жұмысымен танысып, жұртшылықпен кездесті.

96 ауыл 2025 жылға дейін байланыспен қамтылады

Облыс әкімдігі ғимаратында өткен жиында цифрландыру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде цифрлық трансформацияға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Айталық, бүгінгі таңда 322 ауыл және елді мекеннің 226-на мобильді байланыс орнатылған. Қалған 96 ауыл 2024 жылдың соңына дейін интернет игілігімен қамтылады деп жоспарланып отыр.

— Ақтөбе — биыл жұмыс бабымен келген алғашқы облыс.Цифрландыру саласында жұмыс істейтін бірқатар компанияның басшылары да келді. Мақсат — мұндағы жағдаймен танысу, халықпен кездесу, — деді Бағдат Мусин.

Министрге облыс әкімдігіндегі ахуалдық орталықтың жұмысы да көрсетілді. Өз кезегінде Бағдат Мусин цифрландыру бойынша жұмысты күшейту керектігін атап өтіп, «Ақылды қалалар» рейтингісінде Ақтөбенің 8-орында екенін айтты.

Басты талап — биометрия

Бағдат Мусин Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметімен танысты. Негізінен, көлік жүргізушілеріне қызмет көрсететін орталыққа қатысты тұрғындар атынан айтылатын сын көп. Соның ішінде ұзын-сонар кезек, сынақтан өтетін көліктің жарамсыздығы сынды мәселелер тұрғындар тарапынан жиі көтеріледі.

Мекеме жұмысымен танысқан министр жүргізуші куәлігін берерде электронды жүйені енгізудің маңызы зор екенін айта келе, бұл істе «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алуға әлі де күш салу керектігін атап өтті.

— Болашақ көлік жүргізуші сынақ алаңында емтихан тапсырғанда биометрия қолданылуы қажет, бұл жағы мұнда ескерілмепті. Соның салдарынан біреудің орнына басқа адам келіп, көлік құралы бойынша тапсырмаларды орындауы мүмкін. Сондықтан адами фактордың әсерінен болуы мүмкін мұндай қулықтың  жолын кесуіміз тиіс. Цифрландырудағы басты мақсаттардың бірі — жемқорлықтың алдын алу. Теория мен тәжірибе бойынша сабақтарға бақылауды арттырған жөн, — деді министр Бағдат Мусин.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында барлығы 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал келушілердің саны күніне 500-600-ге дейін жетеді екен.

Артынша бұл жерде министр жеке қабылдау өткізді. 20-ға жуық ақтөбелікті мазалаған мәселелер әртүрлі. Мәселен, Шилісай, Ақшат елді мекендеріндегі мектептерде әлі күнге интернеттің жоқтығы, қаладағы кейбір шағын аудандарда байланыстың нашарлығы, республикалық референдумның неліктен электронды форматта өтпейтіні, т.б. сын тезіне алынды.

Дербес деректерді қорғау және төлқұжаттағы чиптер

Одан соң «Жұбановтар әлемі» орталығында халықпен кездесу ұйымдастырылды.

Бағдат Мусин кіріспе сөзінде министрлік қызметінің басты бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтсақ, бүгінгі таңда eGov сервистері мен eGov mobile мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары мен түрлі компаниялардың сервистері арқылы мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға болатыны тілге тиек етілді.

— Қазір қосымшаларда 24 мемлекеттік қызмет бар, аса қажетті 18 құжаттың — жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, ПТР-тест, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, тағы басқалардың  цифрлық нұсқасы жасалды.

Алдағы уақытта біз көптеген мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде ұсынуды көздеп отырмыз, яғни мемлекеттік қызметтерді алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінудің қажеті болмайды. Қазірдің өзінде 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мәселен бала тууға байланысты көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алсақ, жаңа босанған ана СМС-хабарлама арқылы растаса болды, баланың туу туралы куәлігі автоматты түрде ресімделеді. Болашақта мұндай проактивті қызметтер қатары арта түседі,— деді Бағдат Мусин.

Сонымен біргеведомство басшысы ғарыштық мониторинг туралы сөз қозғап, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін Ақтөбе облысының аумағына тәулік бойы түсірілім жасалатынын айтты. Сондай үздіксіз бақылаудың нәтижесінде өрт пен тасқынның географиялық ошақтарын анықтап, жедел түрде арнайы қызметтерді хабардар ету мүмкіндігі бар. Мысалы, соның арқасында биыл сәуір айында өңірде 17 өрт ошағы анықталып, дер кезінде өшіріліпті. Сондай-ақ су тасқыны қаупі бар аумақтарға да үнемі бақылау жасалады екен.

— Осы сапарға шықпастан бұрын мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз ету туралы операторлар берген ақпаратты зерттедім. Менімен бірге ірі байланыс операторларының өкілдері де келді. Бұл бекер болмапты. Өйткені интернетпен қамтамасыз ету бойынша «250+» бағдарламасына 230 тұрғыны бар Жерұйық ауылы енбей қалғанына шағымданғандар болды. Халық саны көбейіп жатыр, ал интернет жоқ. Осы мәселе бойынша байланыс операторлары әкімдікпен бірлесе мәселені реттейтін болады.

Жалпы, кездесуге келген азаматтардың жаңашылдыққа ұмтылысы, ескірген процестерді цифрландыруға талпынысы және аймаққа деген жанашырлығы ұнады. Дербес деректерді қорғау, өңірдегі байланыс және интернет сапасы, төлқұжаттағы чиптер туралы қойылған сұрақтар — соның айқын дәлелі, — деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Жаңа технологиялар алға жетелейді

Министр Бағдат Мусин Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне қарасты Инновациялық технологиялар паркінде болып, ғылыми-зерттеу орталықтардың жұмысын да көрді.

2017 жылы ашылған Инновациялық технологиялар паркінің құрамына ғылыми-зерттеу орталығы, 6 ғылыми зертхана және 1 оқу зертханасы кіреді.Мұнда жас талаптар түрлі жаңашыл жобаларын жарыққа шығарады. «Бағдарламалау негіздері», «IT кабинет», «Робототехника жүйелері», «3D модельдеу»зертханаларында болып, жас ғалымдармен тілдескен ол жаңа технологияларды қолдану әдістеріне баса назар аударды.

Өз кезегінде жастар еліміздің жетекші IT компанияларында, соның ішінде ұлттық компаниялардаөндірістік тәжірибеден, ғылыми және зерттеу тағылымдамаларынан өту мәселесін шешіп беруді ұсынды. Ал министр Мемлекет басшысы қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру аясында ІТ-саланы дамыту бойынша жоба-жоспарлармен бөлісіп, ІТ-мектептер мен ваучерлер туралы кеңінен әңгімеледі. Халықаралық компанияларда жұмыс істеп жатқан мамандарды даярлайтын, жекеменшік ІТ-мектептерді қолдайтын «Tech Orda» бағдарламасына да тоқталды.

Бұдан бөлек ведомство басшысы IT-қауымдастық өкілдері мен студенттермен жүздесті. Жаңашыл жастардың әрқилы сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында  Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті басшылығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

— Біздің мақсатымыз — 2023 жылға дейін 100 мың ІТ-маман даярлау. Алғашқы кезеңде жеке және мемлекеттік мектептерде оқу үшін қазақстандықтарға ІТ-ваучерлер беріледі.Біздің сала басқа экономикалық салаларға қолдау көрсетіп қана қоймай, экономикамызға өз бетінше пайда әкеле алатынын дәлелдеуге тиіс, — деп сөзін түйіндеді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button