Әдебиет

Тура мінез, текті өлең…

Әдеби кеш

Облыстық зағип және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында Сәбит Баймолдиннің шығармашылығына арналған «Жұлдызы жанған ақын» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Биыл «Оқитын өлке»акциясының аясында ақын Сәбит Баймолдиннің поэзиясы таңдап алынғаны белгілі, сондай-ақ оның туғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай ұйымдастырылған кешке ақынның қызы Ләззат Баймолдина арнайы шақырылып, кітапхананың оқырмандары,Ақтөбедегі №5 және№13 мектептердіңмұғалімдері мен оқушылары қатысты.Алдымен жиналғандарға ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, тақырыпқа сай жасақталған кітап көрмесі таныстырылды.

Әдеби ортада шыншыл мінезі, қарапайым болмысымен сыйлы болған ақынның көзі тірісінде он кітабы жарық көрген. Өз туындыларына ол замандастарының тыныс-тіршілігі, моральдық және азаматтық болмыс-бейнесітуралы көбірек толғанады.

«Ойсыздықты жек көрем-ау, жек көрем,

Күн кешемін ойсыздарға өкпемен.

Көп боп тұрда жалпы айтылған өлеңдер,

Болмай тұр-ау тура айтылған текті өлең», — деп жырлап, әр қазақтың бойынан тектілікті іздейді, көргісі келді. Ол үшін тектілік,ең алдымен, Отанға, туған жерге, туған тілге құрмет…

Кеште ақынның қызы Ләззат тебірене естелік айтты, ал оқушылар Сәбит Баймолдиннің көптеген өлеңдерін жатқа оқыды.Ақын Нұрлыбек Қалауов оның шығармашылығына шолу жасап, жырлары халқымен бірге жасай беретінін айтты.

 Құндыз ҚОНЫСБАЙ,

облыстық зағип және нашар көретін

азаматтардың арнаулы кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button