Мәдениет

Мәдениет қызметкерлері марапатталды

Мәдениет қызметкерлері күні мерекесіне орай Ақтөбедегі Өнер орталығында «Мәдениетім — мерейім» атты салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

— Мәдениет пен өнер саласын ішкі мәдениеті, рухани қуаты мықты жандар  дамытып, халықтың өшпес қазынасына, рухани байлығына айналдыра алады. Сіздер қай уақытта да, жылдың қай мезгілі болмасын, ауа райына не басқалай қиындықтарға қарамай, елдің алдына шығып, халыққа адал қызмет етіп келесіздер. Сіздерге ризашылығымды білдіріп, облыс басшысының атынан алғыс айтамын, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Құттықтау сөзінен кейін ол бір топ адамға Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамотасымен Алғыс хатын, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатын, басқа да марапаттарды табыстады. Атап айтқанда, Гүлстан Хамзина, Сәлима Алдабергенова, Любовь Тормышева, Нағима Тілембаева сынды ардагерлер «Еңбек ардагері» медаліне ие болды.

Сондай-ақмарапатталғандардың арасында облыстық халық шығармашылығы орталығының «Шашу» халықтық отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі Амангүл Ешпанова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали, Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Сұлушаш Хакимова,С. Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Асылхан Дәрібаев, Ырғыз ауданыАқши ауылдық модульді кітапханасының кітапханашысыГүлбану Абдуллина,Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының бөлім меңгерушісі Берік Қошан, Хромтау аудандық музейінің қор сақтаушысы Күлсін Омарова, Әйтеке би аудандық Мәдениет үйінің операторы Азамат Тәкібаев, т.б. бар.

Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияға қарасты камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі Әли Ермекбаевты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болумен құттықтады.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова да құттықтау сөз сөйлеп, бір топ адамды Алғыс хаттармен марапаттады. Одан әрі «Рухани қазына — 2022» фестивалініңреспубликалық және облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.Республикалық фестиваль үздігі атанған ұжымдар — Қарғалы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен Ш. Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейінің реставраторы Болат Атыраубаев пен аталған музейдің Қобда аудандық секторының меңгерушісі Гүлбаршын Ерғалиева да осы фестивальдың жеңімпаздары атанды.

Салтанатты шарада «Рухани қазына — 2022» фестивалінің облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған ұжымдар мен мәдениет қызметкерлері де марапатталды.

Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button