«Ақтөбе — құтты мекен»

Түйткілді мәселелер қалай шешіледі?

Көмек кешікпейді

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен үй иелері әлі материалдық көмек алған жоқ. Тұрғындар 2 айдан бері күтіп жүр. Осыған байланысты мәселені көтерген журналистерге Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров жауап берді. Шаһар басшысының айтуынша, Алматы мен Астана аудандары бойынша 2 комиссия тобы құрылып, шығындарды анықтап жатыр. Ал көмектің кешеуілдеуі  бағалаушы компанияның жұмысына байланысты.

Су тасқынынан зиян шеккен 137 үйдің 99-на 116 миллион теңгеге құжат дайындап болдық. Келесі аптаға дейін 16 үйдің құжатын дайындап бітіреміз. Ал қалған 22 үйдің құжаты жоқ. Сол себепті оларға ақша  төлей алмаймыз. Қала тұрғындарымен жиі кездесу өткіземіз. Сонда көтерілген кезкелген мәселе бақылауымызда болады, — дейді қала әкімі А.Шахаров.

Көктемде су астында қалған үйлерге берілетін көмектің көлемін бағалаушы компания анықтайды. Бұған қаражат қалалық бюджеттен бөлінеді.

Қазіргі таңда қала іргесіндегі тұрғын үй алаптарындағы жол, жарық, газ мәселесі жиі көтеріліп жүр. Әсіресе Жаңақоныс 3,4,5  елді мекендеріне инфрақұрылым тарту керек. Кезінде жер учаскесі берілгеннен кейін, инфрақұрылым бармай жатып, тұрғындар үй салып тастады. Сондықтан бұл да шешімін күтетін шаруа. Интернет жылдамдығын арттыру мәселесі де толықтай шешілген жоқ. Қала ішінде жөндеуді қажет етіп тұрған көшелер көп. Тұрғындар Есет батыр көшесінің жолы сын көтермейтінін айтады. Осы орайда биыл қаланыңбірқатар көшесі орташа жөндеуден өтеді. Ал қала айналасындағы тұрғын үй алаптары мен елді мекендердің орталық көшелері жаңарады. Биыл жаңа автомобиль жолдарын салу жөнінде— 5, күрделі жөндеуге қатысты — 10, орташа жөндеуге қатысты 20 жоба жүзеге асады.

Қала көркі — құрылыс

Ақтөбе қаласының сәулеті де күн сайын көркейіп келеді.  Биыл 10 футбол, баскетбол алаңы, 50 спорт алаңы, 55 балалар ойын алаңы ашылады. Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе әуежайы маңынан теннис орталығы салынып жатыр. Маресьев көшесінде футбол академиясының ғимараты бой көтеруде. Батыс-2 шағын ауданында салынып жатқан футбол спорт алаңы мүгедектерге арналған. Есет батыр тұрғын үй алабында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды. Оның құны — 5 миллиард теңге. Жаңа театр үйі мен кітапхананың жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Сондай-ақ Есет батыр тұрғын үй алабынан бассейні бар спорт кешені мен ангарлық үлгідегі спорт кешендері салынады.  Сонымен қатар Бейбітшілік даңғылы, Есет батыр және Бөкенбай батыр көшелерінде скверлер салынбақ. Жалпы қала аумағында 1 милиард 100 мың теңгеге 8 сквер салу жоспарланған.  Ал биыл 1 миллион 300 мың шаршы метр көпқабатты тұрғын үй салынбақ.

Автобус пен аялдама

Қоғамдық көліктің жайы да тұрғындардың көп талап ететін проблемасы болып отыр. Жуырда қала көшелеріне қосымша жаңа 41 автобус шықты. Қала әкімінің айтуынша, бұл қоғамдық көлік мәселесі толық шешілді деген сөз емес. Есет батыр тұрғын үй алабындағы №2,51 бағыттағы маршруттарды қамтығанымен, Шанхай шағын ауданына жүретін №22, 28 бағыттардағы маршруттарды толтыру керек. Қаланың басқа бағыттарына да жүретін автобустардың ара қашықтығын қысқарту үшін қосымша қоғамдық көліктер қарастырылады.  Қазіргі таңда тағы да субсидиялау мәселесі мәслихатқа ұсынылды. Қала аумағында 800-ден астам аялдама бар. Бірақ оның 300-ден астамының аты бар да, заты жоқ. Көбі талапқа сай емес. Бұл проблеманы шешу үшін 50 аялдама орнатуға қалалық бюджеттен қаржы бөлінген. Жыл сайын автомобиль жолдары салынғанымен, жаяу жүргіншілердің жолы мардымсыз еді. Былтырдан бері тротуарлардың көлемі артты. Өткен жылы 20000 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы салынса, осы жылы 21000 шаршы метр тротуар салынады. Жаяу жүргіншілердің жолағын жарықтандыру үшін бағандардағы жарықшамдардың саны 1500-ге көбейеді.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button