Мереке

Мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

Нокин мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Біздер, біздер біреулерге арманбыз» аттымерекелікшара өтті.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған шараны ашқанАқтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Мәдениет қызметкері — бұл салаға жан дүниесінің қалауымен келген шығармашылық тұлға.Сіздер адамдарға әркез мерекелік көңіл күй сыйлап, өнердегі жетістіктеріңіз арқылы елімізді әлемге танытып жүрсіздер. Сіздер жан жылуына бөлейтін әсемдікке, өнерге қалтқысыз қызмет етіп келесіздер, жас ұрпаққа үлгі көрсетіп, ұлт мәдениетін насихаттап жүрсіздер.
Халық арасында өнерді дәріптеу жолындағы жоғары кәсіби қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын,
— деді ол. Сондай-ақ қала әкімі еңбегімен ерекшеленген қызметкерлердің бір тобына облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырып, бірқатар қызметкердің кеудесіне Ақтөбе қаласы әкімдігінің «Мәдениет үздігі» төсбелгісін тақты. Облыс әкімінің Алғыс хатына қалалық мәдениет үйінің эстрадалық үрмелі аспаптар оркестрінің әртісі Дмитрий Гайдаржи, қалалық мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Бақыт Тілепова, №10 модельді кітапхана меңгерушісі Амансұлу Ысқақова ие болды. Ал төсбелгі таққандар — «Геолог» мәдениет үйінің директоры Сағынтай Қалиев, №9 модельді кітапханасының меңгерушісі Сарбиназ Даутиева, қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ақбөбек Жанәділова, қалалық қазақ саңыраулар қоғамы Мәдениет үйінің халықтық «Жалын» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Майра Үмбетова, қалалық Мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Нұрболат Шоқан.

Шара барысында мереке иелерін облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасы басшысы Алтынай Юнисова, Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасы Нәзира Табылдинова құттықтап, бір топ қызметкерге Алғыс хаттар табыстады.

Кәсіби мерекеге шақырылған қонақтар жылы лебізін білдірді.Шара мерекелік концертке ұласып, соңы қалалық Мәдениет үйлері ұжымдарының орындауындағы «Өнер адамы» әнімен түйінделді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button