Музейдегі түн
21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні
Халықаралық музейлер күнінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өңіріміздегі барлық музейлердің қатысуымен «Ұлттық құндылықтар — ұлтымыздың қорғаны» атты дәстүр-рarty шарасы өтті.
Бұл күні түске дейін мұражайда «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы қорытындыланды. Шарада өткен жылдың 18 мамырынан бері музей қорына түскен заттардан көрме жасақталды. Олардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының академигі Намаз Ізімбергеновтің, Мәдениет қайраткері, өлкетанушы Еркін Құрманбектің, Әлеуметтік ғылым академиясының академигі Амангелді Айталының жеке мұрағаттарынан алынған заттар, қолөнер шебері Лена Сахариеваның жасаған бұйымдары, дәрігер-хирург Нұрлан Есенғазы пайдаланған медициналық құралдар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Бауыржан Тұралин тапсырған гербарийлер, т.б. тарихи маңызы зор фотоқұжаттар мен қала тұрғындарының қолында сақталған тұрмыстық бұйымдар бар.
Кешкі сағат 21.00-де облыс тұрғындарына, қала қонақтарына өңірдің тарихын кеңінен насихаттау, музейге келушілердің қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген дәстүр-рarty шарасы басталды. Шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова музей қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, биылғы «Музей түнінің» басты ерекшелігі — аудандық мұражайлардың құнды жәдігерлерден көшпелі көрме ұйымдастырып отырғандығын жеткізді.
Биыл да жылдағыдай «Музей түнін» тамашалауға келгендердің қарасы көп болды. Әсіресе шараға қала жастары мен студенттер, оқушылар белсене атсалысты. Мерекелік шарада қол күрестен, ләңгі тебуден, асық атудан, арқан тартыстан ойындар ойнатылып, күй тартылды, халық әндері шырқалып, құрақ құраудан, ұршық иіруден, диірмен тартудан, қыш құмыра жасаудан шеберлік сабақтары өтті. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі соғыс жылдарындағы әндерден караоке, іздестіру тобы тапқан соғыс кезінде қолданылған заттардан және музей қорындағы жәдігерлерден жасақталған көрме, облыстық өнер музейі белгілі дизайнер Роза Бисекенованың ұлттық нақыштағы дизайнерлік киімдерінен дефиле, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен жәрмеңкесін өткізді. Сонымен қатар жергілікті суретші Гаухар Алиманова «Арт Алиманова» атты шеберлік сағатын өткізіп, музейге келген балаларға сурет салуға мүмкіндік берілді.
Ал аудандық музейлер тақырыптық және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмелерін ұйымдастырды. Мәселен, Хромтау аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері хром рудаларының әртүрлі тастарынан, сондай-ақ кен орнында көп жыл еңбек еткен шахтерлердің медальдары мен төсбелгілерінен, олар туралы жазылған кітаптардан, ауданнан шыққан тарихи тұлғалардың портреттерінен көрме жасақтады.
Ал Хромтау ауданының Ақжар ауылынан келген қолөнерші Күнсұлу Сафина көрмеде өзі тіккен көрпешелерін, қоржындары мен шапандарын, төбетейлерін таныстырды.
— Ақжар ауылында шағын тігін цехымыз бар. Бес жылдан бері киім, құрақ көрпелер, қыз жасауын тігумен айналысамын. Қазір үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бүгінгі көрмеге қыз-келіншектерге арналған баскиімдер, шапандар, сондай-ақ шағын көрпешелер әкелдім. Бағалары қолжетімді. Қолөнерді бағалайтын тұрғындар алып жатыр, — деді ол.
Ал астықты өлке — Әйтеке би ауданы көрмеге дәнді дақылдардан жасалатын тағам түрлерін әкелді. Олардың қатарында қуырылған бидай, тары, қазанжаппай және бидай көже бар. Сондай-ақ шарада ауданнан келген шеберлер тұрғындарға бидайды қуырып, диірменге тартып, оны жармаға айналдыру тәсілдерімен бөлісті.
Ойыл аудандық тарихи-өлкетану музейі көрмеге тарыдан 20-ға жуық тағам түрін жасап алып келді.
— Біз атақты тарышы Шығанақ Берсиев шыққан киелі өңірден келген соң биылғы көрмеге тарыдан жасалған тағамдар алып келдік. Бұлардың барлығын музей директоры Балқия Рысбаева өз қолымен дайындады. Сондай-ақ тұрғындар дәм татсын деп Ойылдың тарысын да көрмеге қойып отырмыз, — деді аудандық мұражайдың ғылыми қызметкері Дулат Исабаев.
Сондай-ақ шарада Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мен Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты «Ырғыздың табиғаты» атты көрме жасақтады. Оған резерваттың табиғат мұражайындағы құнды жәдігерлер мен аудандық музей жинақтаған бірқатар бағалы дүниелер қойылды.
Тұрғындар қолөнершілер ұйымдастырған жәрмеңкеде сауданың көркін қыздырды. Әсіресе шеберлердің қолынан шыққан сәндік бұйымдар әп сәтте сатылып кетті.
Қолөнершілердің жәрмеңкесіне ұлттық нақыштағы бұйымдарын әкелгендердің бірі — ардагер ұстаз, шебер Ләйлә Байғанова. Зейнетке шыққан соң бос отырмай, қолөнермен айналысуға бет бұрған ол қазір киізден түрлі бұйымдар жасайды. Тіпті бұл кісінің қолынан шыққан дүниелер облыстағы талай көрменің көркін келтіріп жүр.
— Жыл сайын «Музей түніне» келіп, қатысамыз. Биыл да дәстүрлі шараға атсалысып жатырмыз. Жәрмеңкеге киізден жасаған әдемі бұйымдарымды, қуыршақтарымды алып келдім. Бағалары қолжетімді, — деді Л.Байғанова.
«Музей түнін» тамашалауға келген тұрғындардың бірі Айнұр Қартанова биылғы шараның ерекше ұйымдастырылғанын жеткізді. Ақтөбе гуманитарлық колледжінде ұстаздық қызмет атқаратын ол қазір жастардың музейге жиі келетінін айтады.
— Жалпы, облыстық музейдегі экспонаттармен таныспыз, мұнда оқушыларымды экскурсияға жиі әкеліп тұрамын. Ал «Музей түніне» жыл сайын отбасыммен келемін. Мұндағы жәдігерлер — еліміздің байлығы, кейінгі ұрпаққа қалатын асыл мұрамыз. Сондықтан мұндай шараның келешек ұрпаққа берері көп, — дейді ол.
Мерекелік шара соңында облыстық музей қызметкерлері ерекше ұлттық нақышта киініп келгендерге арнайы номинациялар мен Алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ бір топ музей қызметкері Ақтөбе қаласы әкімдігі, облыстық мәслихат, облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық статистика департаменті басшыларының Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері Сағымбек Ұлықпанов шараны насихаттаған және оған атсалысқан БАҚ өкілдеріне өз ризашылығын жеткізді.
Данагүл ҚАЗИХАН.